Басты ақпаратМәселе

ЖИ-мен салған дұрыс па, мимен салған дұрыс па?

Бүгінде жасанды интеллект қарқынды дамып, адам өмірінің барлық саласына дендеп еніп келеді. Әсіресе шығармашылық бағытта оның мүмкіндіктері кеңейіп, сурет, мәтін, бейне жасау ісінде жиі қолданылатын құралға айналды. Алайда осы үдерістің қоғамға, соның ішінде ұлттық таным мен руханиятқа әсері қандай болмақ? Әсіресе баспасөз беттерінде жасанды интеллект арқылы жасалған суреттерді қолдану қаншалықты орынды?

Биыл 16 қаңтардан бастап елімізде жасанды интеллект (ЖИ) арқылы жасалған контентті міндетті түрде белгілеу талабы күшіне енді. Заңға сәйкес, сурет, видео, аудио немесе мәтін болсын, егер ол жасанды интеллект көмегімен жасалған немесе өңделген болса, пайдаланушы бұл туралы анық әрі түсінікті түрде ескертілуі тиіс. Ал заң талаптарын орындамаған жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне сәйкес, алғашқы заң бұзғанда жеке тұлғаларға – 15 АЕК (2026 жылы 64 875 теңге), шағын бизнес пен коммерция­лық емес ұйымдарға – 20 АЕК (86 500 теңге), орта бизнеске – 30 АЕК (129 750 теңге), ірі бизнес­ке – 100 АЕК (432 500 теңге). Қайталанған жағдайда (1 жыл ішінде): жеке тұлғаларға – 30 АЕК, шағын бизнеске – 50 АЕК, орта бизнеске – 70 АЕК, ірі бизнеске 200 АЕК (865 000 теңге) қарастырылған.

Орнымен қолдансақ ұтамыз

– Жалпы, кез келген жаңалыққа бірден теріс көзқараспен қарау дұрыс емес. Тарихқа көз жүгіртсек, адамзат әр кезеңде жаңа өзгерістерге бейімделу арқылы ғана алға жылжып отырған. Мәселен, осыдан 20-25 жыл бұрынғы технология мен бүгінгі күннің мүмкіндіктерін салыстырудың өзі қиын. Ол кезде қарапайым ұялы телефонның өзі үлкен жетістік саналса, бүгінде смартфон арқылы бүкіл әлемді алақанға сыйдырғандай басқаруға мүмкіндік бар. Осы тұрғыда бұрынғы қағаз хат жазу дәуірін еске алуға болады. Адамдар бір-біріне ойын жеткізу үшін апталап, кейде айлап хат күткен. Хат жазу, оны поштаға тапсыру, адресатқа жетуі – бәрі ұзақ уақытты талап ететін. Ал қазір бір хабарламаны секундтар ішінде әлемнің кез келген нүктесіне жіберуге болады. Бұл – технологияның қаншалықты жылдам дамығанының айқын дәлелі. Сол сияқты жасанды интеллект те – осы эволюциялық дамудың заңды жалғасы. Сондықтан әр кезеңдегі өзгерісті дер кезінде қабылдап, заман ағымынан қалмау маңызды. Бүгінде әлемнің бағыты айқын: цифрландыру мен автоматтандыру. Мемлекет деңгейінде де бұл бағытқа ерекше мән беріліп отыр. Соның нәтижесінде жасанды интеллект көптеген салада адамның жұмысын жеңілдетіп, уақытын үнемдеуге мүмкіндік беруде. Осы тұрғыдан алғанда, оны түрлі бағытта тиімді пайдалану – заман талабы. Дегенмен, жасанды интеллектіні қолдану мәселесінде шектеу мен жауапкершілік те қатар жүруі тиіс. Әсіресе, дәстүрлі басылымдарда ЖИ арқылы жасалған мәтіндер мен суреттерді қолдану – ерекше сақтықты қажет ететін сала. Менің кәсіби көзқарасым бойынша, мұндай құралдарды қатаң талаптар мен этикалық нормалар аясында пайдалану қажет. Өйткені кез келген өнер туындысы немесе ақпараттық материал шынайылыққа негізделуі тиіс. Жасанды интеллект жасаған сурет немесе мәтін шындықтан алшақ кетпеуі, оқырманды жаңылыстырмауы керек. Ол тек мазмұнды ашуға көмектесетін қосымша құрал ретінде ғана қолданылғаны жөн. Мысалы, газет дизайнерлері үшін кейбір тақырыптарды визуализациялау әрдайым оңай бола бермейді. Әсіресе, тарихи кезеңдерге қатысты материалдарда қиындық көп кездеседі. Ерте замандағы оқиғалардың фотосуреттері сақталмаған немесе архивтерде қолжетімсіз болуы мүмкін. Мұндай жағдайда қажетті суретті табу – өте күрделі әрі ұзақ процесс. Осындай сәттерде жасанды интеллект үлкен көмекке келеді. Ол мәтін мазмұнына сай иллюстрациялар жасап, оқырманға тақырыпты түсінуді жеңілдетеді. Сол сияқты абстрактілі тақырыптарды бейнелеуде де ЖИ-дің мүмкіндігі зор. Мысалы, стресс, инфляция, жемқорлық секілді ұғымдарды нақты бір адамның бейнесі арқылы көрсету әрдайым орынды емес әрі этикалық тұрғыдан да дұрыс болмауы мүмкін. Ал жасанды интеллект арқылы мұндай тақырыптарды символикалық түрде жеткізуге болады. Бұл – бір жағынан шығармашылық шешім болса, екінші жағынан, жауапкершілікті де сақтаудың жолы. Алайда жасанды интеллектінің кері әсерлері де жоқ емес. Біріншіден, ол болашақта кейбір мамандықтардың жойылуына немесе азаюына әкелуі мүмкін. Себебі ЖИ көптеген адамның жұмысын қысқа уақытта орындай алады. Екіншіден, жалған ақпарат пен фейк контенттің көбею қаупі бар. Үшіншіден, кей жағдайларда этикаға сай келмейтін, қоғамға зиян келтіретін материалдар жасалуы мүмкін. Бұл – өте маңызды мәселе. Сондықтан жасанды интеллектіні қолдануда ең басты қағида – жауапкершілік пен шынайылық. Ол адамды алмастыратын құрал емес, керісінше, оның мүмкіндігін кеңейтетін көмекші ретінде қарастырылуы тиіс. Технология дамыған сайын оны дұрыс бағытта пайдалану – әрбір маманның, жалпы қоғамның ортақ міндеті, – дейді «Egemen Qazaqstan» газетінің жетекші хатшысы Алмас Манап.

ЖИ жүрекке жетпейді

Ал кәсіби журналист, тәжірибелі редактор, белгілі қаламгер Көсемәлі Сәттібай Ұлттық басылымдарда ЖИ суретін қолданудан саналы түрде бас тарту керек деген ұстанымда.

– Қазіргі таңда меніңше Жасанды интеллектіні (ЖИ) қазақ қоғамы тым белсенді әрі кейде шектен тыс пайдаланып жатыр. Әрине, бұл құбылыс тек бізге ғана тән емес, басқа ұлттарда да бар. Дегенмен, оның әсері өз ортамызда айқынырақ сезіледі. Әсіресе өнер саласында бұл мәселе ерекше байқалады. Шынын айтқанда, менің ЖИ арқылы жасалған суреттерге көңілім толмайды. Себебі мен өзім қаламгерлік жолға түсерден бұрын сурет салумен айналысқанмын. Сондықтан да сурет өнерінің табиғатын, ішкі заңдылықтарын азды-көпті түсінемін. Сурет өлі бейне емес, ол – жан, сезім, көңіл күй. Мәселен, Иван Шишкин сияқты ұлы суретшілердің еңбектерін алайық. Оның «Утро в сосновом лесу» атты әйгілі туындысын көрген адам орманның тынысын сезгендей күй кешеді. Ондағы қарағайлардың биіктігі, жарық пен көлеңкенің үйлесімі, табиғаттың тыныш та терең сұлулығы көрерменді өзіне тартып, сол әлемге жетелейді. Ал оны көрген адам тек көріп қоймайды, сезінеді, әсерленеді, тіпті іштей тынышталады. Міне, бұл – нағыз өнердің құдіреті. Сол сияқты Третьяков галерея­сы секілді өнер ордаларында тұрған туындыларды өз көзіңмен көру мүлде бөлек әсер. Картина алдында тұрып, оның бояуын, фактурасын, автордың қолтаңбасын сезіну – кітап оқығандағы немесе өлең тыңдағандағы рухани ләззатпен тең. Ал ЖИ жасаған суреттерде осы тереңдік жетіспейді. Олар техникалық тұрғыдан әдемі көрінуі мүмкін, бірақ ішінде жан жоқ, сөл жоқ. Портрет болса, адамға ұқсас бейне ғана. Бірақ сол адамның ішкі әлемі, тағдыры, өмірлік тәжірибесі көрінбейді. Мысалы, Иван Крамской салған «Портрет Льва Толстого» шығармасын алайық. Бұл портретте Лев Толстойдың тек сыртқы бейнесі ғана емес, оның ойшылдығы, ішкі тереңдігі, рухани салмағы айқын көрінеді. Суретке қараған адам жазушының мінезін, болмысын сезе алады. Бұл – қылқалам иесінің жүрекпен жасаған еңбегінің нәтижесі. Ал ЖИ мұндай деңгейге жете алмайды. Ол әжімді салып, көзді «мейірімді» етіп көрсетуі мүмкін. Бірақ ол – тек сыртқы эффект. Нағыз өнер – адамның жан дүниесін жеткізу, – дейді жазушы Көсемәлі Сәттібай.

Сондай-ақ қаламгер газет бетіне бүгінгі таңда ЖИ суретін салудың қате екенін айтады.

«Бүгінде ЖИ-ді газет-журналдарда, кітаптарда қолдану көбейіп кетті. Бұл – алаңдатарлық жағдай. Себебі баспасөз шынайылықтың айнасы болуы тиіс. Егер біз ақыл-ой жемісінің бейнесін ЖИ арқылы жасап, оны оқырманға ұсынсақ, онда біз шынайылықтан алыстаймыз. Бұл дәстүрлі көркемдік қабылдауға қайшы келеді. Әсіресе балаларға арналған кітаптарда ЖИ суреттерін қолдану – қауіпті үрдіс. Себебі бала эстетиканы алғаш рет кітап арқылы таниды. Егер ол жасанды, жансыз бейнелермен тәрбиеленсе, оның талғамы да сол бағытта қалыптасады. Сондықтан менің ойымша, мемлекеттік органдар, баспалар кітап шығарғанда міндетті түрде кәсіби суретшілердің еңбегін бағалап, арнайы қаламақы қарастыруы тиіс. Егер тендерлік жобалар ұйымдастырылса, онда суретшілерге нақты мүмкіндік берілуі қажет. Әрине, ЖИ-ді мүлде қолданбау керек демеймін. Бірақ оны жансыз дүниелерге – техника, заттар, абстрактілі көріністерге қолдануға болады. Ал адам, табиғат, жан-жануар бейнесін жасау – тірі өнер иелерінің еншісінде қалуы керек. Өйткені өнер – туынды, ол – процесс. Ол – адамның жүрегінен шыққан дүние. Ал жасанды интеллект қанша дамыса да, адам жүрегінің тереңдігін, сезімінің нәзіктігін қайталай алмайды. Сондықтан ЖИ өнерде адамнан асып, жүрек қылын тербейтін туынды жасайды дегенге сену қиын. Нағыз өнер – әрдайым адаммен бірге жасайды және адаммен бірге өмір сүреді» дейді қаламгер.

Ал оқырмандар баспасөз бетінде ЖИ жасаған суреттің кейбірі дәстүрлі танымға қайшы, ақылға томпақ екенін айтады.

Дәстүрлі танымға қайшы

– Қазіргі уақытта арнайы белгісі болмаса, қандай дүниені кім және қалай жасағанын ажырату барған сайын қиындап барады. Әсіресе жасанды интеллект арқылы жасалған бейнелер мен видеолар кейде адамдарды шатастырып жатады. Ең әуелі оның бәрі шынайы көрінеді. Бірақ сәл мұқият назар аударсаңыз, кейбір сәйкессіздіктерді аңғарасыз. Дегенмен, кез келген адам оны бірден байқайды деу қиын. Ал баспасөз бетінде жасанды интеллект арқылы жасалған суреттерді қолдану – мүлде бөлек әрі жауапкершілігі жоғары мәселе. Себебі баспасөз – қоғамға бағыт-бағдар беретін, таным қалыптастыратын құрал. Мұнда техникалық қателік түгіл, мазмұндық және мәдени қателіктерге де жол берілмеуі тиіс. Алайда соңғы уақытта көптеген газет-журналдардың ЖИ-ді жиі қолдана бастағанын байқауға болады. Бұл, бір жағынан, уақыт үнемдеу мен шығынды азайтудың жолы шығар. Алайда оның кері әсері де жоқ емес. Мысалы, жақында ғана Наурыз мейрамы қарсаңында бір газетті қарап отырдым. Онда мерекеге байланысты жасалған иллюстрация беріліпті. Бір қарағанда бәрі үйлесімді: қазанның басына жиналған бір әулет, ұлттық киімдер, жылы атмосфера. Бірақ тереңірек үңілсеңіз, көзге оғаш көрінетін детальдар бар. Суретте қазақы шапан мен тақия киген қарияның қолына шөміш ұстатып қойған. Жанында немере қызы қарап тұр. Иә, бұл көрініс сырттай әдемі көрінуі мүмкін. Бірақ қазақы таным тұрғысынан қарасақ, бұл – дәстүрге томпақ. Қазақ мәдениетінде ер адам қазан басында ас дайындап, шөміш ұстап тұрмайды ғой. Осындай ұсақ көрінгенімен, мәні терең сәйкессіздіктер кейде байқалмай да қалады. Ал егер мұндай бейнелер жиі қайталана берсе, ол біртіндеп санаға сіңіп, ұлттық құндылықтардың табиғи болмысын өзгертіп жіберуі мүмкін. Бүгін оғаш көрінген нәрсе ертең қалыпты жағдайға айналып кетпесіне кім кепіл? Сондықтан, мұндағы мәселе ЖИ-дің бар-жоғында емес, оны қалай және қай жерде қолдануда болып отыр. Әсіресе баспасөзде, балаларға арналған кітаптарда, танымдық материалдарда мұндай дүниелерге аса сақтықпен қарау қажет. Сондықтан «ел болам десең, бесігіңді түзе» деген қағиданы негізге ала отырып, ең алдымен ақпарат кеңістігімізді, баспасөзімізді, экрандағы контентімізді сапасыз, үстірт жасалған дүние­лерден қорғауымыз керек деп ойлаймын» дейді оқырман Жасұлан Мейірхан.

Шапағат ӘБДІР

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button