Мәдениет

«Наз» би театры «Наурыз көже» спектаклінің премьерасын ұсынды

 Астана қаласы әкімдігінің «Наз» мемлекеттік би театры наурыз мейрамына арнап «Наурыз көже» театрландырылған-хореографиялық спектаклінің премьерасын ұсынды.

«Қазіргі жаһандану заманында балаларымыз шетелдік кейіпкерлерді танығанымен, өз тамырымыздан алшақтап барады. «Наурыз көже» спектаклі – бұл жай ғана қойылым емес, бұл ұлттық кодты жаңғырту. Біз Наурыздың тек «тамақ жеу» емес, бұл – бірлік, кешірім, табиғатқа деген мейірім және еңбек екенін көрсеткіміз келді. Тіл мен дәстүрді құрғақ сөзбен емес, бидің, музыканың және сиқырлы ертегінің тілімен балалардың жүрегіне жеткізу. «Наурыз көже»  – ұлттық асымыз, ұлттық бренд. Өскелең ұрпақтың тәрбиесіне хореография арқылы рухани инвестиция салу біздің міндетіміз», — дейді либретто авторы, драматург Сағаділдә Үсібәлі.

Спектакльдің сюжеттік желісіне келсек, «Наурыз көже» — бұл қазақ халқының ежелгі салт-дәстүрлері мен табиғат ананың оянуын бейнелейтін сиқырлы хореографиялық қойылым.  Оқиға күзгі егін жинау науқанынан басталып, қатал Қар ханшайымы Мұзбикенің мұзды патшалығына дейін жетелейді. Оқиға желісінде адалдық пен бірлік, мейірімділік пен еңбекқорлық сынға түседі. Ұмай ананың даналығы мен балалардың батылдығы арқылы зұлымдық жеңіліп, жер бетіне Көктем келеді. Ал Ұмай ана мен оның немерелері — ерке Айсұлу мен тәттіқұмар Өсер — ауыл халқымен бірге мол өнімді жинап, «Сабан тойын» тойлауға дайындалады. Алайда, жылылықты жек көретін Қар ханшайымы Мұзбике мен оның көмекшісі Кесапат қатал қысты ерте түсіріп, елдің берекесін алғысы келеді.

Суықтап ауырып қалған балалар мен жабылып қалған астық қамбасының кілтін іздеу — қойылымның шарықтау шегі. Мұнда адал дос Ақтөс иттің жанқиярлығы мен Ұмай ананың мейірімге толы аластау жырлары басты рөл атқарады. Қара күштердің «Боран» биі мен нәзік «Бәйшешектер» биінің арпалысы табиғаттағы мәңгілік жаңарған тіршіліктің символы іспеттес.

Спектакль соңында Қыдыр атаның ақ батасымен «жылқы жылы» еніп, барша адамзат Наурыз көжеден дәм татады. Бұл қойылым әрбір баланың жүрегіне туған жерге деген сүйіспеншілік пен ізгілік нәрін себеді.

«Қойылымның хореографиялық маңызына тоқталсам, ««Ортеке» биінен бастап, заманауи «Тик-ток» элементтері бар достық биіне дейін жалғасады. Балалар мен  кейіпкерлердің арасында интерактивті байланыс орнайды. Бірге жоғалған кілтті іздеп, наурыз көженің құрамын табады. «Көрісу», «Аластау» және «арқан тарту», «асық ойын» сынды киелі ғұрыптар менн ұлттық ойындар би тілінде салтанат құрады. Жан-жануарға деген сүйіспеншілік, үлкенге құрмет және табиғатты аялау идеясы қойылымның тәрбиелік бағыттарының бірі», — дейді спектаклдің идея авторы әрі режиссері, «НАЗ» мемлекеттік би театрының көркемдік жетекшісі, бас балетмейстер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қадиша Ағымбаева.

Қоюшы хореографтар – Қадиша Ағымбаева, Сағит Дузбаев, Мирамгуль Айтмағамбетова,Ұлан Изенаев

Премьерада көрермен залы оқушыларға лық толды.. Оқушылар ұлттық ойындарға қатысып, логикалық сұрақтарға жауап берді. «Бір баланың жүрегіндегі ұлттық мақтанышты ояту – болашаққа салынған ең үлкен қазына».Біздің мақсатымыз – Наурыз мейрамын балалар асыға күтетін, сиқырға толы нағыз ертегіге айналдыру», -деген мақсатымызға жеткендейміз дейді театр директоры Еркебұлан Ағымбаев.

 

 

 

 

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button