Қандастар көші тоқтамасын

Тәуелсіздіктің 35 жылдық жылнамасында орны бар қандастар көшіне де, міне, биыл 35 жыл толды. 1991 жылдың наурызында бастау алған бұл «Ұлы көш» аясында 1,5 миллион қазақ атажұртқа оралды.
Cтатистика бойынша тек 1991-1992 жылдың өзінде-ақ елімізге 61 609 қандас көшіп келген екен. Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау – өзге саламен қатар, еліміздің демографиясына да дағдарыс әкелген еді. 1991 жылы 16,4 млн болған халық саны 2001 жылы 14,8 млн.-ға бір-ақ түскен. Санымыз да сынға түскен осынау кезеңде қандастардың шетелден жаппай Отанға ағылуы демографиялық тоқыраудың алдын алуға сепші болды. Екінші тұрғыдан, Қазақстанның этникалық картасында қазақтардың үлес салмағының артып, сан жағынан да елдегі басты ұлтқа айналуында негізгі рөл атқарды. Яғни, шетелден келген ағайын ұлтаралық мәселелерде де енді құрылған мемлекетіміз үшін үлкен позитивті саяси фактор рөлін атқарды. Қазағымыздың саны аз ол жылдары қатарымызды қайтсек те көбейту стратегиялық мақсат болса, өз жерімізде өзгелерден үлес салмағымызды барынша арттыру стратегиялық қажеттілік еді. Бұл екі факторда да шетелден келген қандастар үлкен медет болды.
Сол кезде көші-қон процестері бойынша елімізде бір қыдыру шаралар қабылданды. Алдымен, 1991 жылдың 18 қарашасында, яғни, тәуелсіздік жария етілерден 28 күн бұрын, ҚазКСР Министрлер кабинеті қаулы шығарып, «Басқа республикалардан және шет мемлекеттерден ауылдық жерлерде жұмыс істеуге ниет білдірген байырғы ұлт өкілдерін Қазақ КСР-іне қоныстандырудың тәртібі мен шарттарын» қабылдады. Бұл құжат қандастар көшінің бастау алуында тұрған ең алғашқы құқықтық негіз еді. Ал келер жылы 1992 жылдың 26 маусымында, яғни, тәуелсіздігіміздің алтыншы айында ҚР Жоғарғы кеңесі атақты және өз кезеңі үшін үлкен мәнге ие болған «Көші-қон туралы» Заңды қабылдады. Бұл – барша қандастардың тағдырына телінген, саяси жақтан да, құқықтық қырынан да маңызды құжат. Себебі заң шетелдегі қазақтарға тарихи Отанға көшуге заңдық ресми тұрғыда жол ашып, қандастар көшіне бастау беріп қана қойған жоқ, этникалық көшті мемлекет деңгейіндегі басымдық ретінде айқындап берді. Дәл осы заң аясында қандастарға үкіметтік квота бөлініп, 1993 жылға 10 мың қандас отбасын немесе жеке баспен алғанда 40 мың қандасты мемлекет есебінен көшіріп алып келу қарастырылды. Сол жылы 9441 қандас отбасы квотамен көшіп келді. Олардың жалпы саны – 45 632. Осы санның өзі-ақ шетелдегі ағайынның демографиямызға қосқалы тұрған үлес-әлеуетінен хабар беріп тұр.
Қуанышы мен үрейі басым сонау тәуелсіздіктің алғашқы жылдары шетелдегі ағайынның атамекенге ағыла бет бұрған кезеңіне көз жіберсек, шетелдегі қазақтар арасынан ең бастапқы байланыстар Моңғолиядағы қандастармен арада бастау алып, алғашқы қандас көші де сол елден басталған екен.
Бар істің бастауында КазКСР-і мен Моңғолияның Баян-Өлгей аймағы арасында ресми делегациялардың барыс-келістері бар. Яғни, «гласностьтан» кейін келген жылымықтың арқасында 1990 жылдың сәуір айында Баян-Өлгей қаласы әкімшілігі мен қоғам белсенділерінен құралған моңғол қазақ делегациясы ресми сапармен Алматыға келеді. Бұл Атамекендегі қазақ пен шет елдердегі қандастар арасындағы ең алғашқы ресми байланыс болған екен. Дәл осы кездесулерде Моңғолиядағы ағайынның тарихи Отанға оралу жайы да қамтылған.
1990 жылдың 18 мамырында аталмыш елдің Баян-Өлгей аймағына Қазақстанның ұлттық арнасы және «Шалқар» радиосы қазақша хабарларын таратуды бастады. Мұнымен қоса, сол кездегі білім министрі Ш.Шаяхметовтың қолымен Моңғолия қазақтарынан 100 баланы Қазақстан ЖОО-ына қабылдау туралы шешім шығарылады. Сол жылдың 18 шілдесінде Алматы мен Баян-Өлгей арасында телефон-телеграф байланысы іске қосылып, ағайын арасы өзара тікелей сөйлесе алу шамасына қауышты. Екі айдан соң, яғни, 1990 жыл қыркүйек айында көрсетілген екі шаһар арасында әуе қатынасы ашылып, қазақстандық мерзімді басылым Ресей қара жолы арқылы Баян-Өлгейге ұласа бастады. Сонымен қатар, дәл осы айда Қазақстанға жұмыс істеу үшін келген қандастардың статусын заңдастыру қамымен ҚР мен Моңғолия арасында алғаш рет көші-қон саласындағы келісімге қол қойылды. Осы игі істердің нәтижесі ретінде шетелден алғашқы қандас көші 1991 жылдың 27 наурызында атамекенге табан тіреді. Ең бірінші көштің табан тіреген жері – Талдықорған облысының Кербұлақ ауданы болды.
Әрине, этникалық көш ың-шыңсыз, бір сыдырғы қалыпта ешбір қиындықсыз бастау алды және жалғасты дей алмаймыз. Құжат рәсімдеудегі қандастың басынан өткен азапты кезеңдер, қаржы аздығынан болған алғашқы жылдардағы квота қырқымы, көшіп келген ағайынды жаңа жерде бейімдеу, тұрмыстық мәдениеттегі айырмашылықтан туындаған түсініспеушіліктер, кереғар пікірлер – мұның бәрі болды. Бірақ елге ел қосылып, көштің соңы жалғасын тапты. Барлық қиындықтарға қарамастан, тарихи Отанына оралған қандастардың легі үзілген жоқ. Ең бастысы, елдің ниеті мен ұлттың тұтастыққа деген ұмтылысы сақталды. Көшіп келген ағайын жаңа ортаға бейімделіп, еңбекке араласты, кәсіп ашты, ғылым мен мәдениетке үлес қосты. Тұрмыстық мәдениеттегі айырмашылықтар бірте-бірте түсіністікке ұласып, ортақ мүдде төңірегінде тоғысты. Кереғар пікірлердің орнын тәжірибе мен уақыт сүзгісінен өткен шынайы бағалау басты. Сөйтіп, этникалық көш – тек географиялық орын ауыстыру ғана емес, тарихи әділеттің қалпына келуі, ұлттық бірліктің нығаюы, сананың жаңғыруы болды.
Алмат АЛТАЙ,
Дүние жүзі қазақтарының қауымдастығы қызметкері



