Басты ақпаратЕл тынысыРуханият

Наурызда туған нартұлға

Жұмабек Ахметұлы Тәшеневтің азаматтық ерлік жасағанына да 70 жылға тарта уақыт болды. Содан бері ол кісі туралы жылы лебіздер білдіргендердің қатарынан заңғар жазушымыз Ғабит Мүсірепов, халық батыры Бауыржан Момышұлы, Кеңес Одағының батыры Сағадат Нұрмағамбетов, мемлекет қайраткері Нұртас Оңдасынов т.б. зиялы қауым табылды.

Қаншама ақын-жазушы шығармаларын арнады. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын марқұм Несіпбек Айтұлының «Жер – жаннан қымбат» поэмасы, Асан Кәрішалдың, «Кісендеулі дала жолбарысы» сол құрметтің белгісі болса керек.

«Қазағымның тарихында сұр белең,

Тың игеру деген туды дүрбелең

Сол жылдарда әйгі болды Тәшенев,

«Тың өлкесін» Ресейге бермеген.

 Сыр бермесе кеңестік сұм сойылға,

 Өз басы емес, ел тұрды оның ойында.

Бурабайда Жекебатыр секілді,

 Ұйықтап жатыр Сырдария бойында» – деп жырлаған көрнекті ақын Кәкімбек Салықов аптал ердің айбарлы болмысын айшықтады. Осындай шығармаларды, мақалаларды тізбектей берсек бірнеше томдық кітаптар болар еді. Менің өзім осы уақыт ішінде он шақты мақаланың авторы болдым. Атап айтқанда, «Ар құрметтеген ерен ер», «Бейбіт күннің батыры кімге ұнамайды», «Наурызда туған нартұлға», «Қазақ халқының ардақтысы» және басқа да шығармаларым әртүрлі баспасөзде жарық көрді.

Былтыр ағамыздың 110 жылдығы болғанда ол кісінің атында Қазақстанда бірнеше мектеп бар екені анықталды. Солардың бәрі бірімен бірі хабарласып, кішкене одақ құрыпты. Астанадағы мектепте өткен шараға Павлодар, Қарағанды, т.б. облыстардан өкілдер қатынасып, өздерінің сый-
сыяпаттарын жасады. Осындай шара Аршалы ауылының орта мектебінде өткенде Жұмекеңе деген халықтың сүйіспеншілігі айқын байқалды. Аршалылықтар Ж.Тәшеневтің туған жеріне ескерткіш (монумент) қоя бастапты, оны толық жабдықтамақшы. Осы жиынға облысымыздың зиялы қауымдары Қ.А.Таукенов, баласы Саян Жұмабекұлы зайыбымен қатысты.

Биыл жылдың басында «Егемен Қазақстан» газетінде осы басылымның тілшісі  Жолдыбай Базардың «Өктемдік өтіндегі қайталанбас өнеге» атты үлкен көлемді мақаласы шықты. Шынын айтқанда, менің өз басым қатты қуандым.

Мақаланың кейбір жерлерінен үзінді келтірейін: «…азулыдан қаймықпай, халықтың есесін жібермей, ел мен жерді қорғап қалуы оның аңыз адамға айналуына жол ашты…».

Д.Қонаевтың «Ақиқаттан аттауға болмайды» атты естелік эссесінде Тәшеневті қызметінен босатыңыз» деді. Бұл мен күтпеген шешім еді. Никита Сергеевичке таңдана қарадым…».

«Республика басшылары бәрі дерлік РКФСР-ға беруге де, орталыққа тура бағындыруға да қарсы болмады».

«Жұмекең өзі жайында біреулер тарапынан сөз қозғала қалса: «Тарих деген шежіре, уақыт деген алып бар» деп сөзге араласатын ол кісі, сол алып уақыт әркімді өз орнына қояды. Кімнің кім екені сонда айқындалады…».

Мен де Жұмабек Ахметұлының осы сөзіне қосыла отырып, «Тау алыстаған сайын айқындала түседі» демекші, ол кісі бүгін алмаған бағасын, келесі ұрпақ берер деген ойдамын.

Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,

зейнеткер,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button