Жеңісі мен жеңілісі қатар өмір

Қытай қазақтарының айтыс өнерінде Құрманбек Зейтінғазыұлы мен Жамалхан Қарабатырқызының алатын орны ерекше. 40 жылдан астам айтыс сахнасында жүрген қос тарланның өлең сүйер қауымға аңыз болған әңгімелері де аз емес. Ел алдына шықса қара өлеңмен қағысып, қызыл тілмен айқасып отыратын екі ақын жайшылықта бірін-бірі көтермелеп, қашанда тасын төрттен қойып отыратын.
Құрманбек өмірінің соңғы кезінде қатты ауырды. Бірақ өлең-тойлардан қалмай, жұрт алдында жиі төбе көрсетіп жүрді. Шіңгіл ауданында 10 мың адам «қара жорға» биін билегенде, ауру меңдетіп жүрген Құрағаң да (халық солай атап кеткен) қатардан қалмай билеп еді. «Құраға, сіз билемесеңіз де «қара жорға» қаран қалмас еді ғой?» дейміз ғой фотоға түсіріп жүрген бір топ тілші. «Кәрі қойдың жасындай жасым қалды. Мені Құрманбек қылған халықтың ықыласы мен қара өлеңнің арқасы ғой. Еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін ұлттық биімізді ұлықтап жатқанда мен қайтып жанымды күйттеп үйде жатайын?!» деп жауап қайырды.
Келесі жылы Үрімжі қаласында кезекті IV ақындар айтысы өтті. Өлкелік деңгейдегі бұл айтыс Қытай қазақтары үшін республикалық айтыспен бірдей еді. Айтысты өзі тіке жауапты болып өткізген өлкелік үкіметтің сол кездегі басшысының орынбасары Тілебалды Әбдірешитұлы қала төріндегі ән-би театрының алдына ақ боз үй тіккізіп, үш күн бойы қаланы әсем ән, тәтті күйге бөледі. Тілебалды сол айтысқа Құрманбек пен Жамалханды құрметті қонақ ретінде арнайы шақырды. Құрманбек қатты ауырып жүрсе де келіп, айтыстың әредігінде жұрттың қалауы бойынша Жамалханмен 15-20 минут айтысты. Ол сахнаға көтерілгенде, көрерменнің көбі ауру меңдеткен ардақты ақынын аяп, көз жасына ерік бергені, 5 минут бойы орындарынан түрегеп тұрып қол соққаны күні бүгінге дейін көз алдымда. Бұл Құрманбектің өзі 40 жыл өлең айтқан киелі сахнаға соңғы рет шығуы, халықпен соңғы рет қоштасуы боларын кім білген?!
Екеуінің айтысы ақырласқан соң, айтысты қағазға түсіріп, ертеңгі газетке бастырып жіберейін деген оймен өзіміз жатқан қонақүйге қарай жүгірдім. Айтысты көшіріп болғанша 2-3 сағат уақыт өтті, енді газетке жіберейін десем, басшымыз марқұм Есімбек Панарұлы Жамалхан апаның ауырлау айтқан жерлерін көрсетіп: «Өзі ауырып жүргенде Құрағаңа ыңғайсыз болмай ма?» деп ойлантып тастады. «Құрағаңның өзіне бір ауыз айтайық онда» деп телефон шалып едім, көтермеді. «Газетті басуға жібереміз» деп мекемеден де қайта-қайта телефон шалып, қаузау түсіп жатыр. «Енді қайттік?» деп қатты қысылып тұрғанда біреу есік қақты. Барып ашқанда өз көзіме өзім сенбей тұрып қалдым, келіп тұрған Құрағаңның өзі. «Мазалап қойған жоқпын ба? Қонақасыда едім, неге екенін білмедім, алағызып отыра алмадым» дейді Құрағаң.
– Біз ғой сізді отырғызбаған. Сізді іздеп таппай жатқанбыз, – деп мән-жайды айтып едім: «Ой, балам, жібере бер, халықтың алдында айтылған өлең ғой, ешнәрсесін өзгертпей сол қалпында жібер, керектеріңе жараса. 40 жыл бойы тәтті де, қатты да айтқан Жамалханға өкпем жоқ. Жамалхан, Мейрамхандай мықты әріптестерім болмаса, менің ақын Құрманбек болуым да неғайбыл еді» деді. Сосын айтысты газетке жібердік те, Құрағаңды ортаға алып әңгіме соқтық. Қасынан екі елі қалмай, денсаулығын қадағалап жүрген қызы Нұршат та демал деген жоқ, «әңгімелесіп алыңыз» деп әкесіне ерік берді.
Айтыс төңірегінде өрбіген әңгіменің арасында «Жамалхан ападан жеңілген жеріңіз болды ма?» деп сұрадым.
– Жамалхан әр жүрісін алдын ала жоспарлап отыратын мықты шахматшылар секілді, айтыста да әр сөзін екшеп, әр уәжін таразылап барып айтады. Ол – қарсыласының мүмкін қадамын алдын ала болжап, жауаптың бірнеше нұсқасын санасында саралап, шырғалап айтысатын ақын, – деп бір тынып алған Құрағаң «Мені екі рет сүріндірген жерін айтайын» деп сөз бастады.
– Осыдан 6-7 жыл бұрын ота жасатып Үрімжіде емханада жатқан кезім еді. Жанәбіл ақсақалдың (Қытай қазақтарынан шыққан мемлекет және қоғам қайраткері) үйіне Жамалхан келген екен, кеште мені де шақырды. «Отаның орны әлі біткен жоқ» деген дәрігердің қарсылығына қарамай, Жәкеңнің үйіне жеттім кештетіп. Астан кейін отырғандар өлең тыңдайық деп домбыраны Жамалханға ұстатты. Жамалхан домбыраны ала салып: «Сенен басқа ақын жоқ па қазақта? Ауырып жатсаң да тарлан бозым сен жеттің бе?» деген мазмұнда бастады өлеңді. Мен онысына сеніп қалып:
Жайым жоқ қыран құстай
бап тілеген,
Тұлпардай дүбір көрсем қақтым елең.
Жамалхан мін тақпассың сен
келген соң,
Ішегімді шұбатып айттым өлең, – деймін ғой, сонда Жамалхан:
Бұл күнде жер ортаға келген жасым,
Аспаса, төмен емес ерден басым.
Шыққанда менің дауысым,
ауру түгіл,
Өлген ақын көтерер көрден басын, – деп сөз тауып кетті.
– Ыстанбұлға бара жатқан сапарда жеңгеніңізді айтыңызшы онда, – дедім мен де қоймай тақымдап.
– Бір жылы Жанәбілдің арнайы ұйымдастыруымен Түркияға баратын болдық. Ол кезде аймақтардан Үрімжіге жүретін арнайы автобус жоқ, әрі-бері сабылған жүк машинасымен келетін едік. Шаңы аспанға шыққан күре жолдың шаңын қауып Үрімжіге жеттім де, қонақүйге келе салып душқа кіріп кеттім. Сақал-мұртымды басып, жуынып-шайынып алып Жамалхандармен амандасайын деп ойлағанмын. Бірақ менің келгенімді аңдып тұрғандай, мен жуыну бөлмесіне кіре бере Жамалхан өлеңдетіп қоя берді. «Ай» деп бастағанда-ақ өзімше мен де дайындалып едім, бірақ Жамалхан ұйқасты күтпеген жерден алып:
Ұшқанда Үрімжіден Ыстанбұлға,
Күнде суға түсесіз ыштан қолда.
Қазір алған дәретті қазір бұзып,
Таба болып жүрмеңіз дұшпандарға, – деп өлеңдеткенде айтарға сөз таппай қалдым емес пе, ал анау Құрманбектің жауабы деген бір шумақты кейін жігіттер қылжаққа шығарып жүр ғой, – деді Құрағаң.
– Сонда жеңген жеріңіз жоқ па? Жеңілісіңізді ғана айттыңыз ғой? – деп тағы да сөзге тартып едік, «оны Жамалханнан сұраңдар, жеңілгенді мойындай білу керек. Жеңіс пен жеңілісі қатар жүретін өмір ғой» деп Құрағаң әңгімесін доғарды. Бұл біздің ақын атамызбен соңғы рет сұхбаттасуымыз болды. 2011 жылы 8 қаңтарда Құрманбек Зейтінғазыұлы өмірден озды. Өлең болып өрілген өмірі басталды.
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ



