Мәдениет

Әдеби байланыстың жаңа дәуірі

Былтыр Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Жазушылар одағының елорда филиалы бастаған «Қаламгер ұстаханасы» жобасы халықаралық деңгейге шықты. Кеше Ұлттық академиялық кітапханада аталмыш жоба аясында Қырғызстанның халық жазушысы, сол елдің Тоқтағұл атындағы мемлекеттік сыйлығының лауреаты, халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев «Әдеби процесс және әдеби интеграция» тақырыбында дәріс оқыды.

Іс-шара алдында ТҮРКСОЙ ұйымы Ұлттық академиялық кітапханаға сыйға тартқан 150 кітаптан құралған «Түркі әлемі: ортақ тамыр, ортақ мұра» атты көрменің ашылу салтанаты өтті. Бірқатар бауырлас елдің Қазақстандағы елшілері қатысқан жиында спикер түркі әлемінің әдебиеті, Орта Азия әдебиеті қазір басынан өзгеше мезгілді өткізіп жатқанын атап өтті. Қырғыз әдебиетінде бұл мезгілді Шыңғыс Айтматовтан кейінгі уақыт деп, ал қазақ әдебиетінде Мұхтар Әуезовтен кейінгі дәуір деп атауға болатынын жеткіз­ді. Кешегі қиын 90-жылдары жақындыққа қарамастан екі ел арасында әдеби байланыс әлсірегенін, әр мемлекет өзінің ғана мәселесімен оңаша қалғанын айтты. Оның пікірінше, қазір бұл байланыс қайта жанданып келе жатыр, нақты айтқанда әдеби қарым-қатынастың жаңа дәуірі басталды. Шыңғыс Айт­матов қырғыз әдебиетін өте биік деңгейге көтеріп кеткенін айтқан Сұлтан Раев сол елдің қаламгерлері бүгіндері соның жолымен келе жатқанын атап өтті.

«Біз үшін екі мәселе өзекті деп ойлаймын. Оның біріншісі – әдеби байланыс. Кеңес за­ма­нында ұлы жазушыларымыз­­дың достығы ерекше еді. Біз Айтматовтың биіктігін Әуезовсіз елестете алмаймыз. Әуезов болмаса, Айтматов шыға ма, шықпай ма – белгісіз. Себебі Айтматов қандай биікке шықса, онда, әлбетте, Әуезовтің үлкен еңбегі бар. Әуезов Айтматовты қолдап, әдебиет әлеміне, қырғыз әдебиетіне жаңа, талантты жазушы келгенін ең бірінші болып жар салды» деген Сұлтан Раев Мұхтар Әуезов қырғыздың ұлы мұрасы «Манасты» сақтап қалғанын да атап өтті.

Екі жыл бұрын Сұлтан Раев­тың «Жанжаза» романы Нью-Йорк қаласында ағылшын тілінде жарық көрді. Осыған тоқталған қаламгер бұл оқиға Шыңғыс Айтматов­тың кіта­бының ағылшын тілінде шыққаннан кейін 42 жылдан соң орын алғанын, кітабы АҚШ сыншылары мен әдебиеттану­шыларының жақсы бағасын алғанын жеткізді.

Жалпы қырғыз жазушысының роман жанрындағы екі туындысы бар. Оның екіншісі – «Топан» романы. Бүгінде бұл шығарма 7-8 тілге аударылды. «Жанжаза» болса 12 тілге тәржімаланды. Қос туындыны қаламгер Қырғыз Республикасының Мәдениет министрі кезінде жазды.

«Жанжаза» романын 15 жылдай жаздым. Бұл шығарманың алғашқы аты «Ақырғы пайғамбар» болды. Жазу барысында басқа жаққа бұрылып кеттім де, атауын да өзгерттім. Бұл романда біраз дүние бар. Ескендір Зұлқарнайын сынды бірнеше тарихи кейіпкер енгізілген. Жан туралы айтқанда, ол адамға жаратқаннан беріледі дейміз. «Жанжаза» романы сол жанның жазасы туралы сыр шертеді. Ал «Топан» романының сюжеті Библиядағы оқиғадан алынды. Бірақ өркениет неге топан судың астында қалды? Осы жөнінде жаздым» деді Сұлтан Раев.

Сұлтан Раевтың екі повесі бар. «Күн қармаған бала» атты бұл жанрдағы туындыны жазушы студент кезінде, ІV курста оқығанда жазды. Осы шығарманы қазақшалаған Әсем Ережеқызы «Үздік әдеби аударма» аталымында «Айбоз-2025» ұлттық әдеби сыйлығын иеленді. Қаламгер осы туралы айта келе, пьесаларына тоқталды. Соның бірі «Меккеге қарай ұзақ жол» атауымен елорданың «Жастар» театрында сахналанды. Ал «Ханшаның көз жасы» бірқатар елмен қатар Англияның астанасы – Лондонда қойылды. Сол кезде авторды сол елдің патшайымы Елизавета арнайы қабылдады. Жалпы қаламгердің қоржынында осы күнге дейін 2 роман, 2 повесть, 15 әңгіме, 15-тей пьеса бар.

«1986 жылы алғаш рет Құран қырғыз тіліне аударылды. Мен аудармашылардың тобында болдым. Сол жағдай маған қатты әсер етті» деген жазушы «Жанжаза» романына қалай келгенін әңгімеледі. Әдебиеттегі «Мазмұн мен форма» ұғымдарына көзқарасын айтты. ТҮРКСОЙ ұйымы қазақ әдебиетін насихаттауға келгенде Абай Құнанбайұлынан бастап Шәкәрім, Ахмет Байтұрсынұлы, Сәбит Мұқанов, Әбіш Кекілбайұлы, Олжас Сүлейменовтің шығармаларын түрік тіліне аударғанын айта келе, биыл Олжас Сүлейменовтің 90 жылдық мерейтойына орай шығармалары ТҮРКСОЙ-дың барлық тіліне тәржімаланатынын жеткізді. Серікбол Қондыбайдың түрік тіліне аударылған еңбегі феноменге айналғанын атап өтті.

Дәріс соңында Сұлтан Раев белгілі әдебиет сыншысы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Амангелді Кеңшілікұлын ТҮРКСОЙ-дың «Алтын медалімен» марапаттады. Ақын, манасшы Баянғали Әлімжанұлы «Манас» жырынан үзіндіні жырлады.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button