Білім

Жүректегі мәңгілік алғыс

Бастауыш сыныпты аяқтап, балалықтың бір белесін артқа тастап, орта буынға қадам басқан сәт – әр оқушының өміріндегі жауапты кезең. Дәл сол өтпелі шақта бізге жетекшілік етіп, бағыт-бағдар берген ардақты ұстазымыз Абай облысы Ақсуат ауданы Жәнтікей ауылындағы Қаныш Сәтпаев атындағы мектептің ұлағатты ұстазы, талай шәкіртке сапалы білім мен тағылым берген сынып жетекшіміз Саяхова Жананұр Оразқызы еді. Ол кісі бізге математиканың қыр-сырын үйретіп қана қойған жоқ, өмірдің оңы мен солын танытып, мектептегі әр сабақты өмірлік тағылыммен ұштастыра білді.

5-сыныпқа келген біз үшін жаңа пәндер, жаңа талаптар, жаңа орта – бәрі тосын көрінді. Сол сәтте Жананұр апайдың мейірімі мен парасаты бізге демеу болды. Әр оқушының жүрегіне жол тауып, бойымызға сенім ұялатып, «қолыңнан келеді» деген бір ауыз сөзімен талайымызды биікке жетеледі. Оның сабағында математика құр сандар мен формулалар жиынтығы емес, тәртіп пен табандылықтың, ойлау мен ізденістің мектебі еді. Ұстазымыз бізге есеп шығаруды ғана емес, өмірде шешім қабыл­дауды, қиындыққа мо­йымауды, бастаған істі соңына дейін жеткізуді үйретті. Әр сабағы – ойлануға шақыру, әр ескертуі – түзелуге мүмкіндік, әр мақтауы алға ұмтылуға жігер болатын. Әр есептің артында еңбек, әр жетістіктің артында төзім жатқанын санамызға сіңірді. Сондықтан оның әр сабағы білім сабағы ғана емес, өмір сабағы еді.

Ұстазымның бо­йындағы сабырлылық, әділдік, білімге деген шексіз құрмет, шәкіртке деген махаббат менің жүрегімде терең із қалдырды. Сонау балалық шақта-ақ Жананұр апайға қарап тұрып «мен де осындай ұстаз болсам екен» деген арман пайда болған еді. Уақыт өте келе ол арман айқын мақсатқа айналды.

Бүгінде мен Астана қаласында ұстаз болып қызмет етемін. Ұстазымның бізге берген тәлімі мен өнегесін бойыма сіңіріп, шәкірттеріме жеткі­зуге тырысамын. Егер бір баланың жүрегіне сенім ұялата алсам, бір оқушының болашағына жол ашсам – бұл менің ғана емес, ұстазымның еңбегінің жалғасы деп білемін.

Көктемнің шуақты күні – Алғыс айту күні. Табиғат түлеп, айналаға жылу тарайтын осынау сәт қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келіп отыр. Мейірім мен сабырға үндейтін қасиетті айда ардақты ұстазымыздың бақилық болуы жүрегімізге ауыр тиді. Дәм-тұзы таусылып, ­Раббысына қайтқан аяулы жанның жарқын бейнесі жадымызда мәңгі сақталады.

Алғыс айту күнінде ең алдымен ұстазымыз­ға алғыс айтқымыз келеді. Бізді білім нәрімен сусындатып, үлкен өмірге дайындағаны үшін, әрқайсымызға сенім артып, үміт сыйлағаны үшін, қателігімізді түзеп, жетістігімізге ­қуана білгені үшін мың алғыс! Сіздің берген біліміңіз – біздің болашағымыздың бе­рік іргетасы, сіздің тә­ліміңіз өмір жолымыздағы шамшырақ ­болды.

Қасиетті айда дүниеден озған ұстазымыздың жаны жәннатта болсын. Алла Тағала барша жасаған жақсылығын еселеп, алдынан жарылқасын. Артында қалған шәкірттері үшін сіз әрдайым үлгі, әрдайым биік тұлға болып қала бересіз. Сіз еккен білім дәні талай жүректе көктеп, әлі талай биікке бастай беретініне ­сенеміз.

Қаламқас АХМЕТҚАЛИЕВА,

шәкірті

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button