Басты ақпаратМәдениет

Анвараның «Ағыны»

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерт ұйымында танымал қазақстандық хореограф, «Gulder» ансамблінің бас балетмейстері Анвара Садықованың шығармашылық қызметіне 25 жыл толуына арналған «Flow/Ағын» концерті өтті.

Кешке Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерболат Ахмедияров, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының солисі, халықаралық байқаулардың лауреаты Сұлтанбек Ғұмар, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет ­театрының солисі Динара Құдабаева, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты Көркем Шолошова, Нұрай Шеру, Аққанат Смағұлова, «Turan» этно-фольклорлық ансамблі, Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі және Қазақ ұлттық хореография академиясының студенттері қатысты.

Анвара Садықова – 70-тен астам би қойылымы мен екі балеттің авторы. Сондай-ақ ұлттық хореография тарихы туралы үш деректі фильмге сценарий жазып, режиссерлік етті. Ұлттық балет мәселелеріне арналған 25-тен астам ғылыми-зерттеу мақала мен 4 кітап жазды. Би әлемінде аты бар хореограф қазір Латвия, Ресей, Беларусь және Қазақстандағы хореографиялық халықаралық байқаулардың қазылар алқасының мүшесі болып жүр.

Концерт шымылдығын Бейбіт Оралұлының музыкасына қойылған бас балетмейстердің төл туындысы «Дала әуені» хореографиялық композициясы ашты. Көрнекті күйші-композитор, Қазақстанның халық әртісі, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Секен Тұрысбектің «Көңіл толқыны» күйіне қойылған би де көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Ал Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген әртісі Гүлзада Рысқұлованың музыкасы мен сөзіне жазылған «Tolgonuu» әнін автор шырқап, «Gulder» ансамблі бимен әрледі. Нұрғиса Тілендиевтің күйіне қойылған «Аққу» биі де көрермен көңілінен ерекше орын алды.

Іс-шара аясында француз композиторы Морис Равельдің музыкасына қойылған «Замана жаңғырығы» этно-­балетінің тұсауы кесілді. Қойылым мазмұнында Тұмар ханшайымның тұлғасы арқау болып, сақ дәуірінің шежіресі мен көк түріктер кезеңі, бабалар дүниетанымы тұтас көркем концепцияға тоғысты.

Сонымен қатар концерт бағдарламасында Анвара Садықованың Қазақстанның жетекші хореографиялық және театрлық ұжымдарының репертуарына енген таңдаулы қойылымдары ұсынылды. Ал музыка мен бидің жарасымды үндестігі концерттің көркемдік деңгейін арттырып, ұлттық өнердің өміршеңдігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Көрермен қауым әрбір қойылымды ерекше ықыласпен қабылдап, концерт соңында ұзақ уақыт қол соғып, жылы лебізін білдірді.

Шапағат ӘБДІР

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button