ҚР Орталық референдум комиссиясында ОРК Төрағасы Нұрлан Әбдіров ТМД Байқаушылар миссиясы Штабының басшысы Евгений Козякпен кездесті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Сондай-ақ кездесуге ОРК төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман, ОРК мүшесі Михаил Бортник, ТМД Атқару комитетінің кеңесшісі Олег Кулеба қатысты.
Нұрлан Әбдіров Миссия басшылығын 15 наурызға тағайындалған республикалық референдумды өткізуге дайындық барысымен таныстырып, науқанның негізгі кезеңдері және халықаралық байқаушыларды аккредиттеу барысы туралы ақпарат берді.
Референдум учаскелерінің инфрақұрылымын өзектендіру жұмыстарының аяқталғаны атап өтілді. Дауыс беруге қатысу құқығы бар
12 416 759 азамат тізімдерге енгізілді. Азаматтардың тізімдерге енгізілгенін тексеруге мүмкіндік беретін ақпараттық сервистердің жұмысы қамтамасыз етіледі. Дәстүрлі түрде дауыс беру күні екі онлайн-сервис қолжетімді болады: азаматтардың дауыс берушілер тізімінде бар-жоғын тексеру және дауыс беру күні уақытша тіркелу мүмкіндігі.
Барлық коммуникация арналарын пайдалана отырып, кең ауқымды ақпараттық жұмыс жүргізілуде. Атап айтқанда, референдум туралы толық ақпаратты қамтитын QR-коды бар атаулы шақыру билеттері таратылады.
Орталық референдум комиссиясы азаматтардың, оның ішінде мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын толыққанды жүзеге асыруға баса назар аударады. Сонымен қатар референдум учаскелерінде аккредиттелген қоғамдық бірлестіктердің, коммерциялық емес ұйымдардың және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қызметін жүзеге асыруы үшін заңнамада көзделген жағдайлар жасалуда.
ОРК төрағасы ТМД Байқаушылар миссиясының Штабына елдегі электоралдық науқандарды байқауға тұрақты түрде қатысып жүргендігі үшін алғыс білдірді.
Өз кезегінде ТМД байқаушылар миссиясы Штабының басшысы Миссияның қызметі туралы айтып, Қазақстанда оның тиімді жұмыс істеуі үшін жасалған жағдай үшін алғыс білдірді. Ол Миссия референдумның өтуін жалпыға танылған демократиялық қағидаттар мен ұлттық заңнамаға сәйкестігі тұрғысынан бағалайтынын атап өтті. Сондай-ақ дауыс беру өткеннен кейінгі келесі күні ТМД елдерінен келген барлық үйлестірушілермен келісілген мәлімдемеде өз бағасын жариялайтынын айтты.
Бұдан әрі бұқаралық ақпарат құралдарына арналған брифингте ТМД Байқаушылар миссиясының Штабы (құрамында 7 байқаушы бар) бүгіннен бастап өз жұмысына кіріскендігі хабарланды.



