Joltap – жаңа мүмкіндікке жол

Елордада жаңа мамандықты игеріп, табысын арттырып, өз ісін бастағысы келетін тұрғындарға арналған Joltap жобасы өз жұмысын жалғастырып жатыр. Оның аясында астаналықтар қысқамерзімді тегін курстан өтіп, кәсіп ашуға нақты мүмкіндік алуда. Соның бірі – көпбалалы ана Гүлден Нұрқожаева.
«Кеден ісі және экономист» мамандығы бойынша екі жоғары білімі бар бес баланың анасы Гүлден Нұрқожаева ұзақ жылдар бала тәрбиесіне ден қойған. Дегенмен жүрек қалауындағы тігіншілік өнерін тастамай, шағын кәсібін қатар алып жүрген. Ол Joltap жобасы туралы тігіншілерге арналған чаттан біліпті.
«Көпбалалы аналарға қандай тегін курстар бар екен?» деп іздеп жүрген едім. Бұл – менің қатысқан алғашқы кәсіби курсым. Бұрын тігіншілікті арнайы оқымағанмын. Мен үшін өте керемет жоба болды» дейді Гүлден.
Курс барысында қатысушылар халат тігуді үйреніп, киімге сыдырма салу, шалбар балағын қысқарту, жейде жеңін пішу, той көйлегінің жағасын тігу сынды маңызды детальдарды меңгерген.
– Үйренген тәсілдер арқылы толық бір киімді тігіп шығуға болады. Ұстазымыз Фарида апайдың жұмысын көріп таңғалдым. Оның шеберлік сабағында этностильдегі пальто тіктік. Қазір осы ерекше үлгідегі пальтоға тапсырыс қабылдап жатырмын, сұраныс жоғары, – дейді ол.
2019 жылы кәсіпкерлікті қолдау қорынан грант ұтып алып, тігін машиналарын сатып алған. Қыз жасауын тігіп, кейін өз қаражатына жүн мен мақта түтетін станок алған.
«Құрақ көрпе мен қыз жасауына еліміздің түкпір-түкпірінен тапсырыс түсті. Қазір ауламыздағы киіз үйде шағын шеберханамыз бар. Сол жерде жүн түтіп, тігін тігеміз. Жолдасым да қолдау көрсетеді. Енді курс барысында үйренгенімді дамытып, қыз ұзату тойына ұлттық киімдер тігу жоспарда бар» дейді кәсіпкер ана.
Joltap жобасы Астана қаласы әкімдігінің бастамасымен және «Жаңа мүмкіндік» қоғамдық қорының қолдауымен жүзеге асып жатыр. Оның аясындағы қысқамерзімді оқыту бағдарламасы 18-50 жас аралығындағы Астана тұрғындары үшін тегін ұсынылады. Оқудан кейін қатысушыларға сертификат беріледі. Ал түлектердің кандидатурасы jumystap.kz атты жұмыс және қызметкерлерді іздеуге арналған сайтта тегін жарнамаланады.



