Академия магистранттары ауданаралық сотқа барды

Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясы магистранттары Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына барды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Іс-шара аясында сот төрағасы Айжан Күлбаевамен кездесу өтті. Кездесу барысында сот төрелігін жүзеге асырудың өзекті мәселелері, судьялар корпусына қойылатын кәсіби талаптар, сондай-ақ сот әдебі мен судья тәуелсіздігінің маңызы талқыланды.
Айжан Күлбаева өзінің практикалық тәжірибесімен бөлісіп, қылмыстық істерді қараудың ерекшеліктері туралы айтып берді және магистранттардың сот жүйесіндегі кәсіби қалыптасу мен мансаптық жолға қатысты сұрақтарына жауап берді.
Сонымен қатар, магистранттар ашық сот отырысына қатысып, қылмыстық істерді қарау тәртібімен, сот процесін жүргізу ерекшеліктерімен, сондай-ақ сот талқылауының әртүрлі сатыларындағы судья мен процеске қатысушылардың рөлімен тәжірибе жүзінде танысты.
Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясындағы тәжірибеге бағытталған оқыту форматы болашақ судьялардың тұрақты кәсіби құзыреттерін қалыптастыруға, сот қызметі стандарттарын терең түсінуге және сот төрелігін жүзеге асырудағы жоғары жауапкершілікті сезінуге бағытталған.



