Ел тынысыСаясат

Жеңіс Қасымбек: Азаматтардың құқығы мен бостандығы – Ата заңның өзегі

Елордада Maqsut Narikbayev University-де алдағы референдумға дайындық аясында жаңа Конституция жобасын талқылауға арналған сараптамалық кездесу өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Жиынға Парламент Мәжілісінің депутаттары, қаржы және IT саласының өкілдері, жастар ұйымдары, қоғамдық бірлестіктер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Кездесуді алғысөзбен ашқан елорда әкімі Жеңіс Қасымбек алдағы референдумның ел үшін маңыздылығын атап өтіп, Конституция жобасы мемлекеттің орнықты дамуын қамтамасыз етуге және азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталғанын айтты.
«Жаңа Конституцияның басты мәні – адам және оның құқықтары. Себебі азаматтардың құқықтары мен бостандықтары – Ата заңның өзегі», – деді әкім.

Жеңіс Қасымбек құжатта «Әділетті Қазақстан» идеясын, «Заң мен Тәртіп» қағидатын, сондай-ақ адами капиталды дамыту мәселелері бекітілгенін еске салды.

«Білімге, ғылымға, мәдениет пен инновацияға ерекше назар аударылған, бұл – мемлекеттің стратегиялық басымдығы. Жоба бір палаталы Парламент – Құрылтайды қалыптастыруды, сондай-ақ жалпыұлттық диалогтың жаңа алаңы – «Қазақстан Халық Кеңесін» құруды көздейді», – деді қала басшысы.

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев азаматтардың құқығын қорғаудың маңыздылығын атап өтті.

Оның айтуынша, адамның өмірі, құқығы мен бостандығы – мемлекеттің ең жоғары құндылықтары. Жаңа Конституцияның бүкіл тұжырымдамасы осы қағидатқа негізделген.

Ол өз сөзінде жоба ешкімнің еркіндігін шектеуіне жатпайтын, ажырамас әрі айыруға болмайтын құқықтарды бекітетінін және олардың қорғалуға тиіс екенін айтты.
Мәжіліс депутаты, «Ауыл» партиясы фракциясының жетекшісі Серік Егізбаев кездесуде сөз сөйлеп, тарихи сабақтастық пен адам әлеуетінің басымдығын атап өтті.

«Барлық ресурс ең алдымен адам әлеуетін дамытуға бағытталады. Жаңа Конституцияда біздің тарихымыз бен шығу тегімізге ерекше орын берілген. Біз – Ұлы даланың мыңжылдық тарихы бар ежелгі халықпыз. Сондықтан ата-бабамыздан аманат болып қалған қасиетті жеріміз бен шекарамыз бөлінбейтін әрі өзгермейтін ең жоғары құндылық ретінде бекітілген», – деді депутат.

Ол сондай-ақ жобада алғаш рет дербес деректерді, банк құпиясын, телефон және интернет-хат алмасуларды қорғау, сондай-ақ адвокатура мәртебесіне қатысты нормалар бекітілгенін атап өтті.

«Адам өзін заңмен қорғалғанын сезінуі тиіс. Сондықтан адвокаттарға толық тәуелсіздік беріледі, ал әрбір ұсталған адамға оның құқықтары дереу түсіндіріледі.
Сот шешімінсіз қамауда ұстау мерзімі қатаң реттелген», – деді С.Егізбаев.

Мәжіліс депутаты Марат Башимов жобадағы құқық қорғау әлеуетінің маңызын атап өтті.

«Конституцияның құқық қорғау әлеуеті табиғи құқықтар доктринасына негізделген: адам дүниеге келген соң оның құқықтары оған туғаннан тиесілі. Біз жеке, саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени құқықтардың кепілдіктерін күшейттік.
Конституция халық егемендігін бекітеді, ең жоғары заңдық күшке ие және тікелей қолданылады. Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – Қазақстан халқы», – деді ол.

Сонымен қатар Башимов құқықтық мемлекет қағидаттарын, Конституциялық соттың тәуелсіздігін, азаматтардың экологиялық құқықтарын және ғылым, білім мен инновация құндылықтарын стратегиялық бағдар ретінде бекіту мәселесін атап өтті.

Сондай-ақ өз ұстанымдары жайлы AIX қаржы директоры Жарас Мұсабеков, Amanat партиясының «Жастар Рухы» жастар қанатының төрайымы Ақерке Искандерова және СЕО Codiplay Данабек Қалиаждаров пікір білдірді. Олар азаматтардың цифрлық құқықтарының маңызын, IT саласында жас мамандар даярлауды және жастардың қоғамды дамыту ісіне белсенді араласуын атап өтті.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button