Мәдениет

Өнерге бастар үлкен жол

Елорда төріндегі «Бейбітшілік және келісім сарайында» өткен «Нұрсәулемай» ән-би мектебінің есеп беру концерті — мектеп жетекшісі Меруерт Жараспаеваның бір жылдық еңбегінің қорытындысы ғана емес, үлкен шығармашылық белес болды. «Тұғыр — Би — Махаббат» атты бұл кеш жас өнерпаздардың кәсіби өсуін, сахналық мәдениетін және ұлттық өнерге деген шынайы сүйіспеншілігін айқын көрсеткен тағылымды жиынға айналды.

Сахна шамдары жанып, алғашқы әуен естілген сәттен бастап зал ерекше толқуға бөленді. Көрермен тек концерт тамашалауға келген жоқ, олар балалардың бір жылдық еңбегінің куәсі болуға келді. Әр ата-ананың жүрегінде толқу, әр баланың жанарында жауапкершілік тұрды. Мыңдаған көз тігілген сахнада еркін қозғалу — батылдық. Ал сол батылдықты «Нұрсәулемай» мектебінің шәкірттері толық дәлелдеді.

Концерт бағдарламасы мазмұндық тұрғыдан бай әрі құрылымы жағынан жүйелі жасалған. Бүлдіршіндерден бастап, жасөспірімдер мен ересек топқа дейінгі әр буын сахнаға шығып, өз шеберліктерін көрсетті. Кішкентай бишілердің нәзік қимылдары мен шынайы күлкісі залды жылылыққа бөлесе, орта буынның ансамбльдік дәлдігі мен ырғақ сезімі кәсіби дайындықтың айқын белгісі болды. Ал ересек топтың пластикасы, сахналық кеңістікті еркін игеруі, образға кіру қабілеті — шынайы хореографиялық деңгейге жеткенін көрсетті.

Ұлттық билер орындалған сәттерде қазақы болмыс айрықша сезілді. Қыздардың қол иірімі, саусақ ұшындағы нәзіктік, иық пен мойын қозғалысының үйлесімі — қазақ қызының табиғи сұлулығын паш етті. Ер балалардың сахнадағы серілігі, аяқ алысындағы батылдық пен динамика — ұлттық ер мінездің көрінісі болды. Бұл тек би емес, тарих пен дәстүрдің сахна тілімен сөйлеуі еді. Топтық композициялар ерекше әсер қалдырды. Бір деммен қозғалу, сахнадағы симметрия, қимылдардың синхронды орындалуы — үлкен еңбектің нәтижесі. Әр нөмір белгілі бір идеяға құрылып, көрерменге ой салатындай мазмұнда берілді. Кей қойылымдарда нәзіктік пен лирика басым болса, енді бірінде қуат пен динамика айқын сезілді. Сахнадағы жарық шешімі, костюмдердің үйлесімі, музыкалық таңдау — барлығы балалардың өнерін ашуға бағытталған.

Бұл кешке қазақ өнерінің майталмандары ла қатысты. Бірақ олар сахнаны өнер көрсету үшін емес, жас бишілерді қолдау үшін келді. Қазақ эстрадасындағы есімі елге танымал Майра Ілиясова, Алтынай Жорабаева, Гүлнұр Оразымбетова, Мөлдір Мұқанова және Қарақат Әбілдина жылы лебіздерін білдіріп, балалардың еңбегін жоғары бағалады. Сондай-ақ Мемлекеттік «Гүлдер» би ансамблі мен «Бірлік» ән-би ансамблінің қатысуы концерттің кәсіби деңгейін айқындай түсті.

Алайда кештің ең әсерлі әрі символдық сәті — Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қарақат Әбілдина мен қызының сахнаға бірге шығуы болды. Бұл көрініс — концерттің шарықтау шегі еді. Қарақат Әбілдина сахнаға әнші ретінде ғана емес, ана ретінде шықты. Қасында — қызы. Ана мен қызының сахнадағы үйлесімі, дауыс үндестігі, бір-біріне қараған жанарындағы түсіністік — көрермен жүрегіне ерекше әсер етті. Бұл жай ғана дуэт емес, өнердің ұрпақтан ұрпаққа жалғасуының тірі көрінісі болды. Оның дауысынан, қимылынан, жүріс-тұрысынан мәдениеттілік сезіледі. Ал осы кеште оның аналық мақтанышы айқын байқалды. Қызының сахнадағы сенімділігі, еркіндігі, эмоцияны жеткізе білуі тек танымал өнер иесінің қызы екендігін емес, өзіндік болмысы қалыптасып келе жатқан жас тұлға екенін көрсетті. Бұл сәт залдағы көпшілік үшін ерекше толқынысқа толы болды. Көрермендер ұзақ қол шапалақтады.

Бұл кеште бір маңызды ой айқындалды: өнер — тек сахнадағы жарқыл емес, ол — тәрбие. «Нұрсәулемай» мектебінің жұмысы тек би үйретумен шектелмейді. Мұнда балалар сахна мәдениетін, тәртіпті, ұжыммен жұмыс істеуді, жауапкершілікті үйренеді. Үлкен сахнада өзін ұстау — үлкен өмірге дайындықтың бір бөлігі. Концерт соңында көрермендер орындарынан тік тұрып, ұзақ уақыт қошемет көрсетті. Бұл — жас бишілерге берілген ең әділ баға. Әрбір бала сол кеште өз қорқынышын жеңді, өз мүмкіндігін дәлелдеді. Олар сахнадан түскенде тек биші емес, бір белесті бағындырған тұлға ретінде түсті.

«Тұғыр — Би — Махаббат» — атау ғана емес, сол кештің мазмұнына айналды. Өнердің тұғырында тұрған – жас бишілер. Би — олардың тілі. Ал махаббат — сол өнерге деген шынайы ықылас. Елорда сахнасында өткен бұл кеш жас буынның өнерге деген сенімін нығайтқан, ұлттық мәдениеттің болашағына үміт сыйлаған үлкен оқиға болды. Жарқыраған шамдардың астында жаңа есімдер қалыптасып жатыр. Бүгінгі кішкентай бишілер ертең үлкен сахнаның иесіне айналатынына кәміл сенімдіміз.

Бағдагүл РАХМЕТҚЫЗЫ,

журналист

Суреттер автордікі

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button