Мұқағали рухымен сырласқан күн

«Бүгін менің туған күнім, ой, пәлі-ай!
Мына адамдар неге жатыр тойламай?!» деп жырлаған қазақ поэзиясының заңғар тұлғасы, ұлт ақыны Мұқағали Мақатаевтың 9 ақпан күні келген туған күнін бүкіл алаш баласы атап өтіп жатыр.
Осыған орай ел көлемінде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Сол рухани кештердің бірі елордадағы «Орталық балалар және жасөспірімдер» кітапханасында өтті.
Ақынның мәңгілік мұрасын ұлықтауға арналған «Жырлайды жүрек» атты поэзия күніне Сарыарқа ауданы полиция қызметкерлері, мектеп оқушылары, ұстаздар қауымы және кітапсүйер қауым жиналды.
Поэзия күні ақынның өмірі мен шығармашылық жолына арналған бейнероликпен басталды. Кеш барысында ақын сөзіне жазылған әндер шырқалып, оның жүрекке жетер лирикалық өлеңдері оқылды. Балғын жастан Мұқағали жырын жаттап өскен оқушылар тек ақын өлеңдерін оқып қана қоймай, өздері арнаған арнау жырларын да тарту етті.
Іс-шара аясында кітапхана залында арнайы кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге Мұқағали Мақатаевтың өлеңдер жинақтары, поэмалары, ақын жайлы зерттеу еңбектері мен естелік кітаптар қойылған. Келушілер көрме арқылы ақын шығармашылығымен тереңірек танысып, өздеріне қажетті әдебиеттерді парақтауға мүмкіндік алды.
– Мұқағали – жас-кәрі деп оқырман талғамайтын ақын. Оның жырын бала да, қария да оқыса, рухани ләззат алады. Тіпті оның есімі «ақын» деген сөздің баламасына айналып кеткендей әсер қалдырады. Сондықтан бүгін өзімнің 6-7 жас шамасындағы оқушыларымды ертіп келдім. Олар ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқып жатыр. Бір қызығы, балалар бұл өлеңдерді жаттағанда қиналмайды. Мүмкін, «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиер» нағыз поэзия деген осы болса керек, – дейді Ғали Орманов атындағы №7 мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Құмаргүл Шәбкенова.
Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы қазақ оркестрінің дирижері, күйші-композитор, Мәдениет қайраткері Нұрлан Бекенов Мұқағали Мақатаев қазақтың күйін жақсы көргенін, күй тыңдау үшін Уәли Бекеновке келіп тұрғанын айтты. Сонда Уәли күйші ақынның күйге құрметіне, осы өнерге құштарлығына риза болып, «Күй аңсаған» атты күйді арнаған екен. Нұрлан Алданышбайұлы осы күйді жиналғандарға тартып берді.
Кеш соңында белсенді қатысқан оқушылар мен қонақтарға алғыс хаттар мен сый-сияпаттар табысталды.
Шапағат ӘБДІР



