Мәдениет

Мұқағали мұрасы және жас ұрпақ

«Қазақ жырының Хантәңірі» атанған ақиық ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұқағали Мақатаевтың туған күні жалпыұлттық мерекеге айналды. Жыл сайын 9 ақпанда, жалпы  осы ай бойы оның құрметіне түрлі іс-шара өтіп жатады. Биыл, тіпті ерекше, себебі ақынның туғанына 95 жыл толды. Елордада М.Мақатаев атындағы №74 мектеп-гимназия бар. Осы оқу ордасында Астана қаласы Білім басқармасы мен қалалық Әдістемелік орталықтың және аталмыш мектептің ұйымдастыруымен ақынның мерейтойына орай «Поэзия – әлеуметтік-эмоциялық оқытудың құралы» атты республикалық әдістемелік семинар өтті.

Іс-шараға ақынның ұлы Жұлдыз Мақатаев пен келіні Бақытгүл Айдарова арнайы келіп қатысты. Семинардың мақсаты – поэзия мен көркем шығармалар арқылы жас ұрпақтың эмпатиясын, әлеуметтік-эмоциялық дағдыларын және тұлғалық қасиеттерін дамытуға бағытталған жаңа педагогикалық тәсілдерді ортаға салу арқылы педагогтердің әлеуетін арттыру. Соның аясында Мұқағали Мақатаев шығармаларындағы адамгершілік құндылықтарды оқу үдерісіне енгізу жолдары ғылыми-әдістемелік тұрғыда зерделенді.

Қатысушылар алдымен «Мұқағали әлемі» атты оқушылар көрмесі мен мектептегі ақын музейін тамашалады. Оқушылар қазақ және ағылшын тілдерінде ақынның өлеңдерін жатқа оқып, қонақтарды тәнті етті. Олардың арасында «Махаңдар сарқытының» мерейтойына орай оның 95 өлеңін жаттаған Асқар есімді оқушы да болды.

Астана қаласының Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Әсима Бимендина бұл іс-шараның үлкен мән-маңызына тоқталды.

«Лирикалық сезім әр адамның көңілінде болса, ісі де алға басады деп ойлаймын. Оқушылар Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін жатқа айтып отыр, бұл жағдайдың баланың ертеңгі дамуына қосатын үлесі мол болады. Қазіргі балаларға қарапайым тілдесу, жылылық жетіспейді. Себебі интернет заманында телефонға телмірген балалар сөйлесуден қалып барады. Мұқағали сияқты ақынның мұрасын ұрпақ жаттаса, білсе, мемлекетіміздің дамуында да, елдің болашағында да жақсылықтар болады» деді Әсима Темкеқызы.

Астана қаласы Білім басқармасы жалпы орта білім берудің мазмұны мен әдістеме бөлімінің басшысы Асыл Амангелдиева Мұқағалиды ұлықтау бір күнге ғана емес, бір аптаға да созылса артық етпейтінін айта келе, мектептерге тұлғалардың есімдерін берудің тәрбиелік мәні туралы сөз сабақтады.

«Мұқағали Мақатаев есімін мектепке берілуін біраз жыл күтіп едік. Сол іске асқанда біз үшін үлкен қуаныш болды. Жалпы қазір елордада 123 мемлекеттік мектеп болса, соның 60-тан астамы тұлғалардың есімімен аталады. Барлық мектептер солай аталса, жаман болмайды деп ойлаймын. Осы мектепке келгенде, өскелең ұрпақ Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін бойына сіңіріп, жатқа біліп, оқып тұрса болашағымыз жарқын болады. Ақынның әр өлеңі бәрімізге өнеге, келешекке рухани азық» деді Асыл Амангелдіқызы.

Белгілі ғалым, қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы Әділ Ахметов Мұқағали мерейтойына орай елордада көптеген іс-шара өтіп жатқанын айта келе, осы мектептің ағылшын тілінде таза, мүдірмей оқуларына, мұғалімдер еңбегіне жоғары бағасын берді. 2015 жылы Мұқағали Мақатаев пен Бердібек Соқпақбаевтың кітаптары ағылшын тіліне аударылып, Нью-Йорк қаласында жарық көрді. Әділ Құрманжанұлы сол кітаптарға маман ретінде берген бағасын жариялады.

«Мұқағалидың поэзиясы – адамды тазартатын поэзия. Оның өлеңдері оқушылардың рухын көтереді» деді ғалым.

Семинар барысында «Көркемсөз арқылы білім сапасын арттыру және пәнаралық байланыс», «Поэзияны оқытудағы ЖИ мүмкіндіктері» және «Поэзия арқылы оқыту: құндылық бағдар мен шығармашылық қабілетті дамытудың инновациялық тәсілі» атты үш бағытта мәселелер ортаға салынды. Іс-шара «Қазақ поэзиясының Хантәңірі – Мұқағали» атты әдеби-сазды қойылымға ұласты.

 Аманғали Қалжанов   

 

 

 

     

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button