Елордада үш ел театрының бірлескен жобасы — «Париждегі екі әйел» спектаклінің премьерасы өтеді

14-15 ақпан күндері Астанада Оңтүстік Корея, Ресей және Қазақстан театрларының бірлескен жобасы – «Париждегі екі әйел» спектаклінің премьерасы өтеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, қойылымда екі кейіпкердің диалогы арқылы Кореяның тәуелсіздігі үшін күрескен жандардың тарихы баяндалады.
Жобаның басты ерекшелігі – үш елдің театр әртістерінің бір сахнада өнер көрсетуі. Актерлерді іріктеу өткен жылдың қаңтар айында ұйымдастырылды. Кореяның PIAC театр компаниясының арт-директоры, режиссер Ра Чжин Хван Қазақстанға арнайы келіп, театр әртістерін кастинг арқылы таңдап алды.
Қазақстан атынан халықаралық жобаға Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының әртістері — Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актер Асылбек Қапаев, «Дарын» Мемлекеттік Жастар сыйлығының лауреаты, актриса Ақмарал Танабаева қатысады. Сонымен қатар, қойылымда Ресейдің Станиславский атындағы Электротеатрының және Кореяның PIAC театрының әртістері өнер көрсетеді.
Спектакль оқиғасы 1940-жылдардағы Парижде өрбиді. Люксембург бағында жолыққан екі әйел – Кореяның алғашқы кәсіби әйел суретшісі, тәуелсіздік жолындағы күрескер На Хэ Сок пен А.Чеховтың «Шие бағы» пьесасындағы қиялдан туған кейіпкер Раневская өткен өмір, жоғалған есімдер, азап пен үміт жайлы сыр шертеді. Нақты тарихи тұлға мен әдеби кейіпкердің тоғысуы арқылы қойылым тәуелсіздіктің мәнін жеке адам тағдыры тұрғысынан ашады.
Қойылым Қиыр Шығыстағы корейлердің азаттық қозғалысын, Еуразия кеңістігіндегі диаспора тарихын, сондай-ақ тарихи жады мен адамгершілік құндылықтардың сабақтастығын сахна тілімен қайта тірілтеді.
Юн Дон Джу мен И Юк Саның поэзиясы, Ф.Достоевский, А.Пушкин, Абай шығармалары мен қазақ әндерімен үндескен қойылым азаттық ұғымын жалпыадамзаттық құндылық деңгейіне көтереді.
Спектакль Оңтүстік Кореяның ұлттық мерекесіне – елдің азаттық алғанына 80 жыл толуына арналған. Алғашқы көрсетілімі 2025 жылы Сеул қаласында өтті. Астана қаласындағы премьерасы Корея Республикасының елшілігінің Корей мәдени орталығының қолдауымен өтеді.
«Бұл спектакль тек өткенді еске алумен шектелмейді. Ауыр естеліктер арқылы бүгінгі адамды қалпына келтіріп, бір-бірімізді түсінетін болашақты елестетуге мүмкіндік береді. Біз шынымен бір-бірімізді қабылдай аламыз ба?»
Автор / режиссер — Ра Чжин Хван
Ра Чжин Хван — PIAC (Performing Image Art Center) театрының көркемдік жетекшісі, Сонгёль университетінің (성결대학교) Актерлік өнер кафедрасының профессоры. Париж VIII ұлттық университетінің түлегі. Халықаралық фестивальдердің лауреаты.
Негізгі режиссерлік жұмыстары: «Париждегі екі әйел», «Ағайынды Карамазовтар», «Гамлет», «Walking Man», «Қылмыс пен жаза», «Нақұрыс», «Толстойдың Тәубесі», «Анна Каренинамен диалог», «Үш апалы-сіңілі», «Дантенің Құдіретті комедиясы», «Ұлы инквизитор және Фауст», «Outsider» т.б.



