Мәслихат депутаттары жеңіл өнеркәсіп саласындағы кәсіпорынға барды

Астана қалалық мәслихатының депутаттары жеңіл өнеркәсіп саласында жұмыс істейтін қаланың өндірістік кәсіпорындарының бірі «DANMARD»ЖШС барды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Сапар барысында олар 2008 жылы қызметін бастаған кәсіпорынның қалыптасу тарихымен танысты. Осы жылдар ішінде кәсіпорын кеңейту және жаңғырту кезеңдерінен өткен.
Қазіргі уақытта өндіріс Технопарк аумағында орналасқан және жалпы аумағы 2 мың шаршы метрден асатын жеке цехтарды, заманауи тігін жабдықтарын, сондай-ақ білікті кадрлық құрамды қамтиды. Кәсіпорын шамамен 150 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.
Депутаттарға шығарылатын өнімнің негізгі бағыттары таныстырылды: жеке қорғаныс құралдары, түрлі қызметтерге арналған арнайы киім мен жарақ элементтері, шатыр және трикотаж өнімдері, сондай-ақ жеке тапсырыстар бойынша дайындалатын бұйымдар. Өнімдердің қауіпсіздік талаптары мен қолданыстағы стандарттарға сәйкестігіне ерекше назар аударылды.
Кәсіпорын басшылығы мен қызметкерлерімен өткен кездесуде отандық өндірісті дамыту, өндірістік қуаттарды жүктеу, кадрлық әлеует, сондай-ақ қазақстандық компаниялардың мемлекеттік және мобилизациялық тапсырыстарға қатысу мәселелері талқыланды.



