Мұстафаның мұрасы

Бас қаладағы №51 мектеп-гимназияда «Мұстафа Шоқай – бүкіл түркі жұртының ұлы перзенті» атты IV халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
«Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығы №51 мектеп-гимназиямен бірлесе отырып өткізген іс-шараға мектеп ұстаздары мен оқушылары, колледж бен жоғары оқу орнының студенттері, сондай-ақ отандық және шетелдік ғалымдар қатысты.
«Халықаралық конференция жылда дәстүрлі түрде ұйымдастырылады. Биыл да шетелдік ғалымдар қатысып жатыр. Оның ішінде Әзербайжан, Түркия, Германия, Өзбекстан мемлекеттерінен ғалымдар онлайн форматта қатысады. Былтыр конференцияға мектеп оқушыларын тартсақ, биылғы ерекшелік – колледж бен жоғары оқу орнының студенттерін қосып отырмыз. Сонымен қатар оқытушылар, магистранттар мен докторанттар өздерінің ғылыми жұмыстарын қорғайды. Нәтижесінде тақырып бойынша зерттеу жұмыстарын қорғаған оффлайн-қатысушыларға дипломдар беріліп, сертификаттар ұсынылады. Ал онлайн-қатысушылардың жұмыстары сараланып, қалыптасқан дәстүрлі ізбен конференция жинағына енеді. Біз бұл жұмыстарды көпшілікке таратамыз» деді №51 мектеп-гимназия директорының бейіндік ісі жөніндегі орынбасары Әбдімүтәлі Баяхов.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, саяси ғылымдар докторы, «Мұстафа Шоқай» ғылыми орталығының ғылыми жетекшісі Әбдіжәлел Бәкір қазақ тарихында ерекше орын алатын Алаш ардақтылары, оның ішінде Мұстафа Шоқайдың тұлғалық ерекшелігі туралы баяндады.
«Біріншіден, Мұстафа Шоқай – Түркістан мұхтариятын құрған адам. Бұл – оның саяси еңбегінің ең биік асуы. Бірақ ол 64 күн ғана өмір сүрді. Оны кеңес өкіметі жойды. Содан соң ол шетелге кетуге мәжбүр болды. Түрлі қиыншылықпен Францияға жетіп, онда 20 жылдай тұрды. Мұстафа Шоқайды тану үшін оның Франциядағы қызметімен танысу керек. Оның 9 тілдегі 1 мыңнан астам шығармасы Францияда жазылса, 150 мақала халықаралық тақырыпты қозғаған» деді Әбдіжәлел Бәкір.
Бұдан басқа, «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры, ҚР ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлы, М.Шоқай мектеп-музейінің негізін қалаушы Данара Жомартова, Алаштың арда ұлының ұрпақтарының жиен шөбересі Ләззат Жұмабекова және тағы басқа ғалымдар баяндама жасады. Іс-шара соңында қонақтар Мұстафа Шоқай атындағы музейді тамашалап, көрмені аралады.
Салтанат Мұратқызы



