Жаңа Конституция жобасы халықаралық құқық нормаларына сәйкес

Мен Конституциялық құқық саласындағы кәсіби тәжірибеме және Венециялық комиссиядағы бұрынғы қызметіме сүйене отырып, жаңа Конституция жобасының халықаралық құқық нормаларына сәйкестігіне тоқталғым келеді.
Парламенттік реформадан басталған конституциялық трансформация жүйелік тұрақтылықты бұзған жоқ. Керісінше, ол Қазақстандағы құқықтық жаңғырудың эволюциялық бағытын айқындап, конституциялық сабақтастықты сақтай отырып, мемлекеттік басқару моделін заманауи саяси-әлеуметтік талаптарға бейімдеді. Соның нәтижесінде Негізгі заң қоғам сұранысы мен басқару тиімділігі талаптарына сай жаңартылды.
Сабақты ине сәтімен демекші, кеткен кемістікті түзеп, жеткен жетістікті жаңалайтын ұтымды сәт келді. Жаңа Конституция жобасын әлі де толықтай зерделеу қажет, алайда қазірдің өзінде оның бірқатар ерекшеліктерін атап өтуге болады. Жаңа Конституция жобасының халықаралық құқыққа сәйкестігін бағалау – құқықтық мемлекет үшін негізгі өлшемдердің бірі.
Бұл, ең алдымен, онда бекітілген демократиялық қағидаттардың халықаралық стандарттармен үйлесім деңгейіне тікелей байланысты.
Халықаралық стандарттарға сәйкес, заң шығару үдерісі ашық әрі жария болуы тиіс. ЕҚЫҰ-ның 1990 жылғы Копенгаген және 1991 жылғы Мәскеу құжаттары заңдардың ашық рәсімдер арқылы қабылданып, ресми жариялануын және олардың халық еркін білдіретін үдеріс нәтижесінде қалыптасуын талап етеді. Бұл – халық егемендігі мен демократиялық легитимділіктің іргетасы.
Сонымен қатар, Венециялық комиссияның Құқық үстемдігі жөніндегі бақылау тізімі заң шығару рәсімдерінің сапасына қойылатын нақты стандарттарды белгілейді. Атап айтқанда, жұртшылықтың заң жобаларына қол жеткізуі және заң шығару процесіне нақты үлес қосу мүмкіндігі қамтамасыз етуі тиіс.
Ашықтық, жариялылық және инклюзивтілік – демократиялық конституциялық процестің басты талаптары. Пікірлердің алуан түрлілігін, даулы мәселелерді кең әрі мазмұнды талқылауды қамтамасыз ету мәтіннің қоғам тарапынан қабылдануына және қоғамдық қолдаудың қалыптасуына ықпал етеді.
Бұл процеске саяси институттар, үкіметтік емес ұйымдар, азаматтық қоғам, ғылыми қауымдастық, бұқаралық ақпарат құралдары және жалпы жұртшылық қатысуы маңызды. Сонымен қатар, әдетте шеттетіліп қалуы мүмкін топтарға, соның ішінде ұлттық азшылықтарға ерекше назар аударылуы қажет.
Айта кету керек, елімізде конституциялық реформа барысында 7 саяси партия мен 16 қоғамдық ұйым өз ұсыныстарын жолдады. e-Otinish және eGov порталдары арқылы азаматтар мен қоғам белсенділерінен 2000-нан астам ұсыныс келіп түсті.
Конституциялық комиссия құрамына Парламент пен мәслихат өкілдері, БАҚ, қоғамдық ұйымдар, мемлекеттік органдар, өңірлік кеңестер, ғылыми қауымдастық және сарапшылар енгізілді.
Осылайша, халықаралық талаптар Парламенттік реформа жұмыс тобы құрылған кезден бастап комиссия жұмысында жүйелі түрде сақталды.
Енді Конституция жобасының халықаралық стандарттарға сәйкестігін мазмұндық тұрғыдан қарастырайын. Бағалау бірқатар халықаралық-құқықтық актілер негізінде жүргізілді.
- Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы (1945 ж.);
- Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы (1948 ж.);
- Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакт (1966 ж.);
- Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пакт (1966 ж.);
- Pacta sunt servanda қағидаты (шарттар орындалуға тиіс). Конституцияны халық пен мемлекет арасындағы қоғамдық шарт ретінде қарастыру тұрғысынан, сондай-ақ тараптардың өздері қабылдаған міндеттемелерді адал орындау қағидаты.
Аса қадірлі әріптестер!
Біріншіден, жоба БҰҰ Жарғысында бекітілген егемендік, теңдік және халықтардың өзін-өзі анықтау қағидаттарына сәйкес келеді. Конституция жобасында «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендік иесі – Қазақстан халқы» деп бекітілуі халық егемендігі қағидатын айқын көрсетеді.
Бұл норма БҰҰ Жарғысының 1-бабына, Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының 21-бабына және Азаматтық және саяси құқықтар туралы пактінің 25-бабына үйлеседі.
Жалпыхалықтық референдумды халық билігін тікелей жүзеге асыру нысаны ретінде бекіту демократиялық легитимділікті күшейтеді және халық егемендігі доктринасына сәйкес келеді.
Қазақстан Республикасының халықаралық құқық қағидаттарын құрметтеуі, бейбітшілік пен ынтымақтастықты дамытуы, мемлекеттердің ішкі ісіне араласпау және халықаралық дауларды бейбіт жолмен шешу саясаты БҰҰ Жарғысының 1 және 2-баптарына толық сай келеді және жауапты мемлекет моделін айқындайды.
Екіншіден, «Негізгі құқықтар, бостандықтар мен міндеттер» бөлімі халықаралық әмбебап актілер талаптарын барынша ескере отырып тұжырымдалған. Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы мен Қазақстан ратификациялаған халықаралық пактілердің ережелері толық қамтылған.
Жаң Конституция жобасында – өмір сүру құқығы;
– адамның жеке басына тиіспеу құқығы;
– дербес деректерді қорғау;
– заңсыз ұстауға тыйым салу;
– Миранда қағидалары бекітіледі.
Бұл нормалар халықаралық стандарттарға толық сәйкес келеді.
Ерекше маңызды норма – сот шешімінсіз адамды ұстауға жол бермеу қағидатының конституциялық деңгейде бекітілуі. Бұл атқарушы биліктің еркін шешім қабылдау мүмкіндігін шектейді және құқық үстемдігін нығайтады.
Хат алмасу, банктік құпия және цифрлық коммуникацияларды қорғау нормалары жеке өмірге қол сұқпаушылық жөніндегі нормалар халықаралық стандарттарға сай келеді. Бұл адам құқықтарының цифрлық кеңістік жағдайында дамуын көрсетеді.
Пікір білдіру еркіндігі, шығармашылық еркіндік және зияткерлік меншік құқықтарын қорғау да халықаралық актілермен үйлеседі. Құқықтарды шектеу тек заңмен және заңды мақсаттар үшін ғана енгізілуі мүмкін, бұл қажеттілік пен пропорционалдылық қағидаттарына сәйкес келеді.
Дінді мемлекеттен бөлу және діни қызметті қоғамдық тәртіп, қауіпсіздік пен өзге тұлғалардың құқықтарын қорғау мақсатында шектеу мүмкіндігі халықаралық құқық талаптарына сай келеді.
Үшіншіден, биліктің сайланбалылығы мен есептілігіне қатысты нормалар халықаралық стандарттарға негізделген. Еркін сайлау, билікті беру рәсімдерінің айқындығы, Президенттің отставкасын конституциялық реттеу – барлығы демократиялық басқару қағидаттарына сәйкес келеді.
Конституциялық Соттың конституциялық бақылау, Конституция үстемдігін қорғау және халықаралық шешімдердің орындалуын бағалау өкілеттіктері заманауи конституциялық әділет моделіне сай келеді. Бұл халықаралық міндеттемелерден бас тарту емес, керісінше конституциялық бірегейлікті қамтамасыз ету тетігі болып табылады.
Судьялардың тәуелсіздігі, адвокатура мәртебесін нығайту, сот ісін жүргізу нысандарын кеңейту нормалары әділ сот талқылауы стандарттарына толық үйлеседі.
Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтарды тану, адам капиталы мен білімді дамыту, меншіктің әлеуметтік жауапкершілігін бекіту – әлеуметтік мемлекет қағидатын күшейтеді.
Құрметті әріптестер!
Жалпы алғанда, жаңа Конституция жобасы:
1. БҰҰ Жарғысы қағидаттарына сай келеді;
2. Адам құқықтары жөніндегі әмбебап халықаралық стандарттарды іске асырады;
3. Халық билігі арқылы демократиялық легитимділікті күшейтеді;
4. Құқық үстемдігін қорғаудың институционалдық кепілдіктерін нығайтады;
5. Ұлттық конституциялық бірегейлікке негізделген заманауи демократиялық модель қалыптастырады.
Осылайша, жоба Қазақстанның халықаралық міндеттемелеріне сәйкес келіп, демократиялық әрі құқықтық мемлекеттің орнықты дамуына берік құқықтық негіз қалайды.
Сонымен қатар, оның бірқатар нормалары құқық қолдану тәжірибесінде қалыптасқан қағидаттарды конституциялық деңгейде бекітуге бағытталған.
Қысқасы, Жаңа Конституция – елдің құқықтық дамуының жаңа кезеңіне жол ашады.
Үнзила ШАПАҚ,
Мәжіліс депутаты



