Елорда тынысы

Оқушылар жасаған игі іс

Елордада «Қар десанты» атты мектеп оқушыларының жаппай жалпықалалық волонтерлік эстафетасы үшінші жыл қатарынан өткізіліп келеді. Іс – шара «Адал азамат», «Заң мен тәртіп» және «Таза Қазақстан» негізгі жобаларын іске асыру аясында ұйымдастырылды. Оқушылар білім беру ұйымдары мен әлеуметтік нысандар аумағын қардан тазалады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Аталған эстафета мектеп көшбасшылары мен белсенді оқушылардың қоғамдық іске қатысуының дәстүрлі түріне айналды. Іс – шара барысында жастар жауапкершілік, өзара көмек және ортақ кеңістікке ұқыпты қарау мәдениетін нақты іспен көрсетті. «Қар десанты» тәрбиелік мәні жоғары, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіз қалалық ортаны қалыптастыруға бағытталған маңызды жоба ретінде өз маңызын тағы бір мәрте дәлелдеді.

«Біздің мектеп оқушылары мұндай қоғамдық маңызы бар шараларға қатысқанды ұнатады. Бүгін 9, 10 және 11-сынып оқушылары мектеп ауласымен қатар, ғимаратымыздың жанында орналасқан «Алтын дән» балабақшасының аумағын да қардан тазалады. Жасөспірімдердің еңбегін көрген бүлдіршіндер үлкендерден үлгі алады. Балалардың өзгеге қол ұшын созуды, ортақ қалалық кеңістікті таза ұстауды үйренуі өте маңызды» дейді №37 Сырбай Мәуленов атындағы мектеп-лицей директоры Гүлжан Төлеу.

Биылғы волонтерлік эстафетаға Астана қаласындағы барлық 118 жалпы білім беретін мектептен 6903 оқушы қатысты. Барлық қатысушылар бір күнде және бір уақытта волонтерлік жұмыстарға шығып, іс – шараның жалпықалалық деңгейдегі бастама екенін айқындады. Атап айтқанда, №19 мектеп оқушылары Герцен көшесіндегі қарттар үйінде, №32 мектеп «Бал дәурен» балабақшасында, №56 мектеп «Қайынды» тұрғын үй кешенінде, №81 мектеп №98 балабақшасында, №92 мектеп «Аяулым» балабақшасында қар тазалап, еңбек етті. Сондай – ақ №106 мектеп «Аспан» емханасында, №74 мектеп «Шұғыла» балабақшасында, №113 мектеп «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында, №78 мектеп «София» балабақшасында, №37 мектеп «Алтын дән» балабақшасында қар тазалау жұмыстарын атқарды.

«Бұл шараға қатыса отырып, бір-бірімізді жақынырақ танимыз, қай сыныпта кім оқитынын білеміз. Жұмыс істей жүріп, әңгімелесіп үлгереміз, бәрі таза ауада өтеді. Мұғалімдердің алғысын есту де қуантады, өзіңнің игі іске үлес қосқаныңды сезінгенде көңіл марқаяды» дейді 11 «Ә» сынып оқушысы Аделя Компеева.

Волонтерлік жұмыстар барысында оқушылар өз мектептерінің аумағын қардан тазалады. Сонымен қатар, бірқатар білім беру ұйымдары қар тазалау аумағын едәуір кеңейтіп, қаланың әлеуметтік нысандарында да тазалық жұмыстарын жүргізді.

«Бүгінгі ісіміз арқылы қоршаған ортаны қорғаудың, адамдарға жанашырлықпен қараудың маңызын көрсеттік. Біздің міндетіміз – игі істер жасап, өзімізден кішілерге үлгі болу» дейді 11 «Ә» сынып оқушысы Данара Алмасқызы.

«Қар десанты» эстафетасы астаналық оқушылардың азаматтық ұстанымын нығайтып, қала тазалығына ортақ үлес қосудың жарқын үлгісіне айналды.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button