Қоғам

Қазақ сыныптарын арттыру қажет

№28 мектеп – лицейінде «Тілдік орта: отбасы және қоғам» жобасы аясында тілдік тренинг–шеберлік алаңы ұйымдастырылды. Аталмыш іс – шарада қазақ тілін меңгеру үдерісіне ата – аналарды тарту арқылы балаларға қолайлы тілдік орта қалыптастыру көзделген.

Жоба аясындағы жұмыс биылғы оқу жылында 1-сынып оқушыларымен және олардың ата-аналарымен басталған. Қазіргі таңда жобаға 20 ата-ана қатысып жүр. Аралас мектеп жағдайында қазақ сыныптарының санын арттыру – жобаның негізгі міндеттерінің бірі. Осы мақсатта балалармен қатар ата-аналар да қазақ тілін бірге меңгеруде.

Жоба авторы, Әдістемелік орталықтың басшысы Сындар Мұратқызының айтуынша, ата-аналардың қазақ тілін үйренуі – балаларға тілді меңгеруде тікелей көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

– Бүгінгі іс-шара ата-аналардың алғашқы кезеңдегі, яғни қыркүйек пен желтоқсан айлары аралығындағы жұмысының нәтижесін көрсетуге бағытталды. Балалар келесі оқу жылында да жобаны жалғастырады. Бұл үрдіс тек бастауыш сыныппен шектелмей, оқушылар қазақ тілін еркін меңгергенге дейін жалғасады, – деді ол.

Жобаның басты бағыттарының бірі – қазақ тілін меңгеруде қиындық көріп отырған ата-аналарға қолдау көрсету. Себебі қазақша еркін сөйлей алмайтын балаларды ата-аналар қазақ сыныбына беруге жиі тартынатыны белгілі. Осы мәселені шешу мақсатында жоба ата-аналармен жүйелі жұмыс жүргізуді көздейді. Аталған жоба бүгінде Астана қаласындағы 16 мектепте жүзеге асырылып жатыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, баланың мектепте оқып жүрген қазақ тілі тек пән ретінде ғана қалып қоймауы тиіс, ол күнделікті қарым-қатынаста қолданылатын қолданыс құралына айналуы қажет. Сондықтан да мектеппен қатар отбасындағы және қоғамдық ортадағы тілдік ахуалға ерекше мән беріледі.

Жобаға ата-аналар тарапынан қолдау артқан жағдайда, оны кеңейту жоспарланып отыр.

Ерасыл НҰРЛЫБЕКҰЛЫ

фото: Сұлтан Сейіт

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button