Ел тынысы

Қазақстанның Түркі елдерімен сауда айналымы артты

Астана қаласында түркітілдес елдердің сауда-өнеркәсіп палаталары одағының (TCCI) Үшінші Бас Ассамблеясы өтті. Бұл іс-шара — түркі әлемі аясындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды алаң. Ассамблея қорытындысы бойынша Одаққа төрағалық тарихта алғаш рет Қазақстан Республикасына берілді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Іс-шараға Әзербайжан Кәсіпкерлер конфедерациясының (ASK) вице-президенті Вугар Зейналов, Қазақстан Республикасы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқасының Төрағасы Райымбек Баталов, Түркі инвестициялық қорының Президенті Багдад Әмреев, сондай-ақ түркі ынтымақтастығы ұйымдарының өкілдері мен іскер топтар қатысты. Олардың қатарында Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы Басқармасының Төрағасы Мұрат Қарымсақов та болды.

Түркі мемлекеттерінің сауда-өнеркәсіп палаталары одағы 2019 жылы құрылған. Оның негізгі мақсаты — Түркі мемлекеттері ұйымына мүше және байқаушы елдер арасындағы сауда-экономикалық, өндірістік, инвестициялық, технологиялық және басқа да ынтымақтастықты дамыту. Қазіргі уақытта Одақ құрамына Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Түрікменстан және байқаушы мемлекет ретінде Венгрия кіреді.

Белгіленген тәртіпке сәйкес, Одаққа төрағалық жыл сайын ротациялық негізде Бас Ассамблея шешімімен бекітіледі. 2026 жылы төрағалық Қазақстан Республикасына берілді. Осы мерзім ішінде Түркі сауда-өнеркәсіп палатасының (TCCI) Президенті болып бір жылға «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Раимбек Баталов тағайындалды. Өз сөзінде ол бүгінгі таңда түркі экономикалық кеңістігі 180 миллионнан астам халықты қамтитынын және айтарлықтай өндірістік әрі ресурстық әлеуетке ие екенін атап өтті. Сонымен бірге, өзара сауда көлемі жалпы тауар айналымының әлі де 10 пайыздан төмен екенін, бұл алдағы өсім үшін үлкен мүмкіндік беретінін айтты.

Сондай-ақ Қазақстанның түркі әлеміндегі елдермен сауда-экономикалық байланыстарының оң серпіні ерекше аталды. 2025 жылғы қаңтар-қазан қорытындысы бойынша өзара тауар айналымы 11 млрд АҚШ долларына жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10 пайыздан астам өсті. Қазақстан экспорты 16,6 пайызға өсіп, 7,9 млрд АҚШ долларын құрады.

Интеграцияның болашағына қатысты пікір білдірген Раимбек Баталов былай деді: «Бүгін түркі экономикалық кеңістігінің сапалы серпіліс жасауына қажетті барлық алғышарттары бар – ауқым, ресурстар, институционалдық база және саяси ерік. Біздің ортақ міндетіміз – осы әлеуетті тұрақты өндіріс, инвестиция, жұмыс орындары мен халық әл-ауқатының өсуіне айналдыру».

Ассамблеяға қатысушылар алдағы кезеңге арналған негізгі ынтымақтастық бағыттарын да талқылады. Басымдықтардың қатарында – өнеркәсіптік кооперацияны және бірлескен жобаларды дамыту, Түркі инвестициялық қоры құралдарын тиімді пайдалану, сауда-техникалық кедергілерді азайту, сондай-ақ халықаралық бағыттар мен көлік дәліздерін дамыту арқылы көліктік-логистикалық өзара байланыстылықты күшейту бар.

Жиын қорытындысында Одақ аясындағы экономикалық ынтымақтастықты тереңдету өзара сауда көлемін арттыруға және инвестиция тартуға ықпал ететіні, бұл өз кезегінде мүше мемлекеттердің тұрақты экономикалық дамуына берік негіз қалдыратыны атап өтілді.

Сондай-ақ осы күні Бас Ассамблея отырысымен қатар іс-шараға қатысушылар ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаевамен кездесті. Кездесу барысында Түркі мемлекеттері ұйымының өңірлік ынтымақтастықтың негізгі алаңы ретіндегі рөлі, түркі әлемінің экономикалық архитектурасын нығайту мәселелері және бірлескен бастамаларды іске асыруға бизнестің практикалық қатысуы талқыланды. Қабылданған келісімдерді нақты экономикалық жобаларға айналдыру үшін ведомствоаралық үйлестіру мен жобалық тәсілдің маңыздылығы атап өтілді.

       

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button