Көпті толғандырып жүрген сұрақтарға толымды жауап берілді

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сұхбаты шығыпты. Бір деммен оқып шығып, бірнеше қызық ақпаратқа көңіл бөлдім. Менің ойымша, қазіргі қоғамды, Қазақстан халқын және жалпы белсенді азаматтарды толғандырып жүрген сұрақтарға жақсы жауап болды.
Кәсіпкерлерге Қазақстан үшін жұмыс істеу туралы месседж жіберілді, “Халық болмаса — олар да болмайтынын” Президент жақсы жеткізді. Тәуелсіздіктің басында капитал жинаған іскер азаматтардың да Қазақстанға борыштар екенін Қ.Тоқаев ашық айтты. Бұл президенттің бизнес-эстеблишментке айтылған алғашқы сөзі емес.
Қаңтар оқиғасын да Президент еш бүркемей, жақсы айтты. Кейбір құзырлы органдардың басшылығы сатқындық, опасыздық жасады. Талай азаматтар соққыға жығылып, зорлық-зомбылыққа душар болды. Дүкендер мен сауда орталықтары тоналды. Президент кейбір “мысықтілеу” жандардың Қаңтар оқиғасының осы жақтарын айтпай қалатынына қынжылғандай көрінді.
Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Мәскеуге барған сапары туралы да Президентіміз өте жақсы айтты. Шынымды айтсам, “осы тақырыпты айналып өтед-ау” деп ойлағам, бірақ Қасым-Жомарт Кемелұлының ашықтығына риза болдым.
«… Ал, Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке басына келер болсақ, мен оны қазіргі қазақ мемлекеттігінің негізін қалаған тұлға деп санайтынымды бірнеше рет айттым. Оның мемлекеттік институттарды және экономиканың нарықтық тетіктерін құру, жаңа астанамызды салу жолындағы еңбегін бәрі біледі. Өзіңізге мәлім, біз Қазақстанды Әділдік, Заң және Тәртіп орнаған ел еткіміз келеді. Сондықтан, ешкімді алаламай, әр азаматтың еңбегін әділ бағалау керек. Бұл еліміздің Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа да қатысты”, деді Президент.
Тоқ етері, Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл сұхбаты жыл бойы қоғам арасында жиналған сұрақтарға берілген жауап болды. Әр сала, әр топ, әр адам — өзінің ізденген, өзін мазалаған сұраққа жауап тапты деп ойлаймын.
Абыройлы болсын!
Самат НҰРТАЗА,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты


