Театрлар жаңаша форматта дамуда — Гүлбаршын Қылышбай

Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының актрисасы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Гүлбаршын Қылышбай қазақстандықтарды және елорда жұртшылығын Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, өткен жылдағы табысты еңбегі туралы баяндады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
-Соңғы жылдары елдегі театрлардың түрлі бағытта дамып жатқанын көріп қуанамын. Себебі театр әлемі «тірі ағза» секілді, мәселен, бір классикалық стильде қойылған спектакль бүгін басқаша шықса, ертең мүлдем басқаша болып қойылуы мүмкін. Бір қойылым бір күні көрерменіне бар эмоциясын беретіндей ойналса, келесі күні сылбырлау шығып жатады. Біз көрерменмен дәл қазіргі сәтте байланыста тұрамыз, ол алдын ала жазып алып, соны қайталап беретін дүние емес, сондықтан актердің сол сәттегі көңіл-күйі ойын барысына әр кезде әр түрлі әсер етеді. Осы ретте қазіргі таңдағы көптеген жас режиссерлердің жаңаша жол іздеп, өзінің қолтаңбасын қалдыру үшін ізденетіні қатты ұнайды. Классикалық қойылымдар болсын, заманауи эксперименталды қойылымдар болсын немесе бір нақты бағыттағы қойылымдардың бәрі де сахнада көрсетілуі тиіс, соған құқылы деп ойлаймын. Қазір біздің театрда Ұлан Қабылов деген өте сауатты, ізденімпаз, оқымаған кітабы жоқ мықты жас режиссер бар. Одан актерлердің үйренері көп. Өзім жеке басым бірыңғай классикалық қойылымдарда ойнап жүрген адаммын. Дегенмен қазіргі режиссерлер жұмысына қызығушылықпен қараймын. Сөйтіп эксперименталды қойылымдарда ойнап, өзімді «сындырдым» десем болады, өткен жылда осындай өзгерістер болды. Жалпы театрдағы қазіргі формат қатты өзгерді. Сахнада актерлер оркестр, ансамблдің сүйемелдеумен жанды дауыста ән айтады. Драманы ойнап тұрған актер билей білуі, пластикасы жақсы болуы керек. Мұның бәрі театрларды жаңа заманауи бағытта дамуға септік етуде, — дейді актриса.
Осындай өзіндік ішкі ой-тұжырымдарын бізбен бөліскен актриса өткен жылдың өзі үшін жемісті болғанын жеткізді. Өткен жыл Қазақстанның өзге өңірлері мен шетелдерге гастрольдік сапарларға шығуымен ерекшеленген. Сонымен қатар театрдағы жаңа қойылымдарда рөлдері көбейген.
-2025 жылы режиссеріміз Ұлан Қабыл қойған «Шеңбер» спектаклінде бірден екі рөл ойнадым, Мәртебелі ханым және Ана. Екеуі — бір-біріне қарама қайшы образдар. Авторы: Б.Брехт. Жаңа форматта қойылды. Өзім театрдағы негізгі жұмысыма қосымша Өнер академиясының колледжінде сабақ беремін. Жастарды 4 жыл оқытып, кәсіби актер етіп шығарамын. Осы 2026 жылы студенттерімді кәсіби сахнаға ұшырамын. Қазір болашақ театр және кино актерлерінің дипломдық спектакльдерін дайындап жатырмыз, — дейді Г. Қылышбай.
Ал актердің театрдағы жұмысы әрине режиссердің жоспарына қарай болады. Сондықтан қай рөлге келетініңді режиссер өзі таңдап алады. Өзге де әріптестері секілді Гүлбаршын Қылышбай да тек театрмен шектелмей кинода да рөл ойнап, кино әлемінде өз орнын табуда.
— Былтыр жақсы бір «Тренер аға» деген кинода ойнадым, басты рөлдегі боксшы баланың әжесін ойнаймын. Жақсы рөл, платформада енді шығады. «Молчание» деген сериалда мектеп директорының рөлін сомдадым. Оның алдында да бір сериалда ойнадым. Арманым – үлкен бір көркем фильмде, сериалда, кәдімгі ауқымды форматтағы шығармада ойнау. Сол арманым биыл орындалса екен деп тілеймін. Сонымен қатар барлық әріптестерімді, қазақ елін келген Жаңа жылмен шын жүректен құттықтаймын, әр шаңырақтың бақ пен берекесі арта берсін,- дейді актриса.



