Бюджет өтінімі қаралды

Астана қаласы мәслихатының кезекті отырысында қалалық Қоршаған ортаны қорғау басқармасының 2026-2028 жылдарға арналған бюджет өтінімі талқыланды.
Бұған дейін басқарма өздерінің бюджеттік сұраныстарын Экономика басқармасында, Бюджеттік комиссияда және қала басшылығы деңгейінде бірнеше рет қорғаған. Астана қаласы мәслихатының бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері бойынша тұрақты комиссиясының төрағасы Кендебай Адамбектің айтуынша, 2026 жылға ұсынылған қаржы лимиті биылғы жылмен салыстырғанда екі есеге аз.
«Цифрларды нақты атамай отырмыз, себебі бұл көрсеткіштер әлі өзгеруі мүмкін, бұл ақырғы нұсқа емес» деді ол.
Отырыста депутаттар 2021-2025 жылдарға арналған Астананың даму жоспары индикаторларының орындалу барысы мен қаржыландыру мәселелерін талқылады. Сондай-ақ биылғы бюджеттегі республикалық трансферттер мен басқа да қаржы көздерінің үлесі туралы ақпарат сұралды.
«Біз басқармадан биылғы жылға белгіленген приоритеттердің қайсысы орындалмағанын және келесі жылға жоспарланған негізгі іс-шаралар тізбегін де сұрадық. Мүмкіндігінше жауап алдық» деді Кендебай Адамбек.
Сонымен қатар ол басқарманың бюджет жоспарлау процесінде жүйеліліктің жетіспейтінін атап өтіп, бұл бағытта жұмысты күшейту қажеттігін ескертті.



