Басты ақпаратҚоғам

Жатыр жалдау жарға жықпасын

Қазақстанда жасанды жолмен ұрықтандыру (ЭКҰ) әдісі соңғы жылдары айтарлықтай дамыды. Табиғи жолмен бала сүйе алмаған жандарға үлкен мүмкіндік беретін бұл тәсілге қазір тек еліміздің азаматтары ғана емес, шетелдік жұптар да жиі жүгініп жатыр. Әсіресе, көрші Қытайдан келіп ЭКҰ арқылы бала сүйетіндер қатары соңғы жылдары күрт өсті. Бұған екі ел арасындағы қарым-қатынас­тың нығаюы әсер етті. Осылайша, Қазақстан медициналық туризмнің маңызды орталықтарының біріне айнала бастады.

Қазақстанда ЭКҰ алғаш рет 1990-жылдардың басында қолға алынған еді. Қазір елімізде ондаған клиника табысты жұмыс істеп, мыңдаған отбасыға бала сүю бақытына жол ашып отыр. Мемлекет тарапынан да қолдау бар: жыл сайын бюджеттен белгілі мөлшерде квота бөлінеді. Бұл – әлеуметтік саясаттың маңызды бөлігіне айналған маңызды қадам. Қазір отандық мамандардың кәсіби деңгейі жоғары, зертханалық-техникалық база да заман талабына сай жабықталған. Соның нәтижесінде, ЭКҰ арқылы туылған балалардың саны жыл сайын көбеюде. Мәселен, кейінгі төрт жылдың төңірегінде 28 мыңнан астам адам ЭКҰ жасатып, 10 мың әйелдің бойына бала бітті. Оның 9 мыңы өмірге сәби әкелді.

Еліміздегі бұл медициналық әдістің қарқынды дамуы көрші елдерді де қызықтырып отыр. Бағасының арзандығы, донорлық қызметтің мүмкіндігнің көптігі Қытай сияқты медициналық дамуы бізден әлдеқайда ілгері елдердің азаматтарының да қызығушылығын оятқаны жасырын емес, яғни бұрын қытайлықтар ЭКҰ жасату үшін өз елінен қалса, Тайландқа көбірек барса, қазір Қазақстан олардың басты таңдауына айналып барады. Сосын да шығар, қытайлық БАҚ беттерінде Қазақстанға барып ЭКҰ жасатудың тиімділігі жөніндегі жарнамалар кейінгі жылдары күрт көбейді, Қазақстанның өзінде де «бала сүйгісі келетін шетел азаматтарына жеңгетай болып жеңілдік жасап береміз» деген жарнамар жанданды. Алайда мұның көлеңкелі жағы да жоқ емес. Соңғы жылдары қазақстандық әйелдердің өз жатырын қытайлықтарға «жалдап беріп», ЭКО арқылы бала туып беру деректері көбейгені айтылып жүр.

Жақында әлеуметтік желіде Қытай азаматына бала туып беремін деп алданып қалған жас келіншектің сұхбаты жария­ланды. Келіншектің айтуынша, сегіз миллион теңге үшін шетел азаматының баласын заңсыз, ешқандай келісімшартсыз көтерген. Баланы босанған соң туу туралы куәлігінде келіншектің аты-жөні жазылып кетіпті. Ендігі қорқынышы шетелге асып кеткен сәбиге бір жағдай болса, анасы ретінде бұл келіншек жауап беруі тиіс. «Жүктілік ортасына келген кезде мен договорымды сұрай бастадым. Олар маған «Істеп жатырмыз. Босанатын кезде береміз» деді. Ал қазіргі мәселе – бала менің атыма жазылып кетті. Өйткені ол кісілер маған ешқандай договор жасап берген жоқ. Қазірге дейін бір жылға жуық уақыт болса да, бала менің атымда тұр. Енді маған ол кісілер «сен баладан бас тартуың керек» деп жатыр. Ал мен «Бастапқыда олай келіскеміз жоқ қой, баланы менің атымнан алып тастаңыздар сот арқылы десем, ол кісілер келіспей отыр» деп ойда жоқ жерден тапқан бас ауруымен бөлісті ол. Міне, осы бір мәселенің өзі Қазақстанда ЭКҰ жасатуға қатысты заңдарды қайта қарау керектігін ап-анық аңғартып тұр.

Қалай болғанда да, бұл – құқықтық реттеуді қажет ететін күрделі құбылыс. Өйткені қазіргі қолданыстағы заңнама мұндай қатынастарды нақты шектемейді, ал бұл өз кезегінде түрлі заңсыз әрекеттерге жол ашуы мүмкін. Қазақстанда ЭКҰ, суррогат ана қызметі және донорлық қатынастар нақты регламенттелгенімен, шетелдік азаматтармен жасалатын келісімдерге қатысты құқықтық шектеулер мен бақылау механизмдері әлсіз. Медициналық туризм – мемлекет үшін қосымша табыс көзі, бірақ ол адам мен өмір құндылығына қатысты этикалық жауапкершілікті де жүктейді. Егер құқықтық негіз айқын болмаса, мұндай қызмет адам саудасына, ұлттық қауіпсіздік тәуекеліне, демографиялық теңгерімге әсер етуі мүмкін. Сондықтан, шетел азаматтарымен суррогат ана және ЭКҰ келісімдерін жасауға нақты талаптар енгізу қажет; ЭКҰ клиникаларының қызметін қадағалау мен лицензиялауды күшейту, барлық келісімдердің электронды тіркеу жүйесін енгізу керек; Әлеуметтік және моральдық нормаларға қайшы келетін жағдайлардың алдын алу үшін қоғамдық бақылау тетігі іске қосылуы тиіс.

Қазақстандағы ЭКҰ саласы мыңдаған отбасыға үміт сыйлап отыр. Дегенмен, медициналық туризмнің күшеюі мен шетелдік сұраныстың артуы соны мәселелерді де туындатты. Әсіресе, «жатырды жалға» беру секілді құбылыстар мемлекет тарапынан қатаң бақылауды қажет етеді. Егер мемлекет тарапынан қатаң бақылау мен нақты құқықтық шектеулер енгізілмесе, болашақта жағдай одан да күрделенуі мүмкін. Ақшасын төлесе, табиғи жолмен бала тауып беретіндер де көбеюі ықтимал. Бұл – қоғамның моральдық және рухани іргесін шайқалтатын, адам саудасының жаңа түріне айналуы да ғажап емес. Сондықтан заңнаманы жетілдіру, құқықтық нормаларды нақтылау, медициналық туризм саласын жүйелі дамыту – уақыт күттірмейтін маңызды міндеттердің бірі.

Қалиақбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button