Ішкі туризмнің түйткілі көп

Егеменді еліміздің тарихы мен шежіреге толы дархан даласын 2024 жылы 15 миллионнан астам шетелдік азамат араласа, ішкі туризмдегі азаматтардың саны 10 миллионнан асқан. Саланы қолдауға бағытталған ауқымды мемлекеттік қаржы мен түрлі бағдарламалар нәтижесінде Қазақстан Саяхат және туризмді дамыту индексі бойынша әлемдегі 119 елдің ішінде 52-орынға көтерілді. Құшақ жайып қарсы алған қонақтың 106000 астамы заң талаптарын бұзып үлгерген.
Саладағы олқылықтарды пайдаланып, елімізге келетін туристерді басқа елге бағыттап, Қазақстан аумағында өз көліктерімен заңсыз туристік қызмет көрсетіп жүрген Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Үнді, Пәкістан, Қытай елдерінің туроператорлары мен гидтері еліміздің беделіне нұсқан, қазынасына қол сұғуда. Ал біздің туроператорларға өзінің жолаушы тасымалдаушы көлігімен кіруге тыйым салынған. Сонда одақтастығымыз қайда?
Салдарынан еліміздің бюджеті шамамен 1 млрд теңгеден астам қаражат жоғалтып отыр. Жуырда Алматы қаласында өткен дөңгелек үстелде сала өкілдері дабыл қақты: көрші елдерден арнайы автобустармен келіп, әуежай мен қонақ үйлерден туристерді жинап, өз елдеріне алып кететін жағдайлар жиілеген. Үндістан мен Пәкістаннан оқу мақсатында келген студенттер гид болып жұмыс атқарып елімізде жыныстық туризм ретінде ой қалыптастыруда.
Қазақ елінің тарихи-мәдени құндылықтарын білмейтін, шетелдік туристке жемқорлық, қылмыс, саясат, қымбатшылық жайында теріс ақпарат тарататын сауатсыз гидтердің ел имиджіне нұқсан келтіруде. Ал бұған тосқауыл болатын туристік полицияның саны аз, өкілеті жеткіліксіз, көлік полициясы тіпті аптасын 5 күн жұмыс жасап 2 күн демалады, нәтижесінде заңсыз туристердің белсенді күндері көзден таса қалуда.
Туристер көп шоғырланған Алматы облысында турполиция мен көлік полициясының шаңы да көрінбейді, бәрі бейберекет. Бұл жағдайға шұғыл шара қабылдануы тиіс. Тағы бір мәселе – көп базалар қонған қонақтарға түбіртек берілмейді, елге келген 15 млн адамның eQonaq жүйесіне 6 млн астамы тіркелсе, қалған 9 миллионы қайда болды, қанша төледі? Салығы қайда? Белгісіз.
Осыған орай сала сарапшыларымен бірлесіп мынадай мәселелерді қарастыруды ұсынамын. Біріншіден, Еуропаның озық тәжірибесін ескеріп, біз де нақты жобасы, стратегиялық жоспары бар инвесторларға туристік аймақтарды сенімді басқаруға беріп, саланы жүйелі әрі қарқынды дамытуымыз қажет. Екіншіден, экскурсиялық, трансферлік және қонақ үй гидтерінің жұмысын реттеу мәселесі. Жергілікті және шетел гидтерінің жауапкершілігін енгізу, міндетті сертификаттау. Нақты есеп жүргізу үшін жеке экскурсоводтар қызметіне арналған ОКЭД енгізу қажет, себебі көпшілігі агенттік қызмет ретінде тіркелген. Үшіншіден, қауіпсіздік – басты орында. Face ID мен саусақ ізі тек өз азаматтарымызға емес, Қазақстанға келген шетел азаматтарына да қолданылуы қажет. Төртіншіден, қонақ үйлердің жұлдызшасы – тек атақ емес, нақты сапа өлшемі болуы керек. Оның стандарттарының сақталуын қатаң қадағалайық. Бесінші мәселе – жол бойындағы шағын дәмханалар мен асханалар – елдің «бет-бейнесі». Санитарлық жағдайын қатаң бақылауға алу – уақыт талабы. Алтыншысы, тауға экскурсия – жай ғана серуен емес. Кәмелетке толмаған балаларды арнайы дайындығы жоқ адамдардың, әсіресе мұғалімдердің апаруына заңмен тыйым салу керек. Жетіншіден, инфрақұрылым, әжетхана, интернет, қоқыс жәшіктері, демалып отыратын орындар ұйымдастыруды қарастыру қажет деп санаймын. Сегізінші мәселе – шетел азаматтары өзімен бірге көп мөлшерде қаражат алып келіп, елде қалдыруы үшін 10 мың АҚШ доллары көлеміндегі кіргізу лимитін алып тастауды ұсынамыз.
Туризм – елдің мәдени айнасы, экономикасының қозғаушы күші. Уақытында қабылданған шешім туризм саласын едәуір жақсартып, ішкі өнімдегі үлесін 3-4% дейін өсіру мүмкіндігін беретініне сенімдіміз.
Екатерина СМОЛЯКОВА,
Парламент Мәжілісінің депутаты