Қымыз күнде сөреде тұрса…

Дертке дауа, тәнге шипа қазақтың ұлттық өнімі – қымызды барлық дүкендерден кез келген уақытта алып ішетіндей деңгейге жету үшін не істеу керек? Неге жастар энергетикалық сусындарға әуестеніп барады? Олардың сол сусындарын қымызға неге алмастырмасқа? Осындай мақсатты көздейтін ауқымды фестиваль биыл елордада шілде айында өтеді.
Нақтырақ айтқанда, Астанада «Қазанат» ипподромында алғаш рет «BaiQymyz – бапталған қымыз ұлттық тағамдар гастрофестивалі» атты ірі көлемдегі мәдени-аграрлық іс-шара ұйымдастырылады. Соның қарсаңында жобаның атқарушы директоры, продюсер Әділ Орынбасарұлынан іс-шараның мән-маңызы туралы сұрадық.
-Жоба мақсаты туралы айтсаңыз…
– BaiQymyz – қымызға, жылқы шаруашылығына, қазақтың салт- дәстүріне арналған алғашқы ірі фестиваль. Бұл еліміздің түкпір түкпірінен келген қымыз өндірушілерді, ғалымдарды, кәсіпкерлер мен қолөнершілер, өнерпаздарды біріктіріп, қымызды денсаулықтың, ұлттық мұраның және ұлттық мақтаныштың символы ретінде қайта дәріптеуге арналған жоба. Негізгі мақсаты – қымызды дастарханымызға әкелу, еліміздегі ең сапалы әрі шипалы қымызды анықтау, қымызды денсаулық пен қонақжайлықтың символы ретінде таныту, сонымен қатар агротуризм мен жылқы шаруашылығын дамытуға серпін беру. Қазіргі таңда түрлі энергетикалық сусындар көбейіп кетті. Оның барлығының адам денсаулығына тигізер зияны көп. Қымызды ұлттық сусынымыз ретінде көбірек насихаттауымыз керек, себебі біз одан ажырап барамыз. Бір сөзбен айтқанда, қымызды трендке айналдырғымыз келеді. Фестивальдің ерекше жүлдесі – «Ең үздік қымыз» атағы үшін жарыс болмақ. Байқау жеңімпаздары қомақты қаржыға ие болады, жүлде қоры – 45 миллион теңге (I орын – 20 млн тг, II орын – 15 млн тг, III орын – 10 млн тг). Демеушілер – жеке компаниялар, халыққа жаны ашитын азаматтар.
– Астана қаласының әкімдігі бұл жобаны ерекше қолдап отырған сыңайлы?
– Елордада өтіп жатқаннан кейін қаланың имиджіне айналатын жоба болатыны сөзсіз. Сондықтан әкімдік ерекше қолдау білдіруде. Қала әкімінің өзі ұнатып, тиісті басқармаларға тапсырма берді. Аталған фестиваль халқымыздың дәстүрлі тағам мәдениетін, оның ішінде қымыз өндіру дәстүрін жаңғырту мен халықаралық деңгейге ілгерілетуге бағытталған. Іс-шараға 50-60 мың адам келеді деп жоспарланып отыр. Фестиваль Октоберфест сияқты халықаралық үлгідегі мәдени-аграрлық брендке айналады деген сенім бар. Қонақтар екі күн бойы қымыздың түр-түрінен дәм татып, жылқы тұқымдары таныстырылатын көрмені тамашалап, этно-мәдени бағдарламаларға қатыса алады.
-Фестивальге қанша шаруашылық қатысады?
-Қазіргі таңда 40-қа жуық қымыз өндіретін шаруашылық тіркелді. Саны 60-қа дейін жетуі мүмкін. Олар әкелген қымызға сол жерде дегустация жасалады. Бағалау критерийлері бойынша, бірінші зертханалық талдау нәтижелері қаралады, яғни қымыздың құрамы, құнарлылығы, қаншалықты таза екені анықталады. Екіншіден, қымыздың дәмін дегустация жасау арқылы арнайы QR кодпен халық дауыс береді. Өнер, ғылым, қоғам қайраткерлерінен құралған қазылар алқасы да бағалайды. Сонымен қатар әр қымыз өндіруші өз өнімінің таныстырылымын көрсетеді. Жоба аясында жылқы көрмесі өтеді.
Жылқы көрмесінде қазақтың байырғы тұқымдары – Жабы, Көшім, Қостанай, Мұғалжар, Адай және спорттық бағыттағы аттар көпшілік назарына ұсынылады. Қолөнер шеберлері ер-тоқым, қамшы, ат әбзелдері сияқты тарихи бұйымдарын көрсетіп, келушілер оларды сатып ала алады. Көрменің басты ерекшелігі – бірегей бұйымдар мен жылқыларға арналған аукцион.
– Ғылыми тұрғыда қандай нәтижеге қол жеткізу көзделуде?
-Фестиваль аясында ұйымдастырылатын ғылыми конференцияда қымыздың емдік қасиеттері, жылқы шаруашылығы мен дәстүрлі мал шаруашылығының даму болашағы талқыланады. Германия, Ресей, Қырғызстан елдерінен келген ғалымдар, дәрігерлер, ветеринарлар мен кәсіпкерлер баяндама жасайды. Қатысушылар арасында германиялық жылқы шаруашылығы маманы Ханс Цольман, медицина ғылымдарының докторы Бақытжан Бимбетов, этнограф Айгерім Мұсағажинова және басқа да сарапшылар бар. Шеберлік сабақтар барысында қатысушыларға қымыз дайындау, сақтау, ашыту, сондай-ақ оны капсула түрінде өндірудің заманауи әдістері таныстырылады. Сонымен қатар, тері илеу, ат әбзелдері мен тұрмыстық бұйымдарды жасау бойынша да қолөнер шеберлері өз білгенін үйретеді. Сондай-ақ, бағдарлама шеңберінде аударыспақ, асау үйрету, құмай тазы сайысы, шалма салу сынды ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткізіледі. Мешкейлер сайысы мен жілік сындыру секілді ерекше шаралар фестиваль көрігін қыздырмақ.
Райхан Рахметова