Сексеннің сеңгіріндегі сергектік

Ерке Есіл жағасында жаңа елорда орда тіккен уақыттан бастап бас қаланың қалыптасуына үлес қосып, қазіргі күнде де Астананың өркендеуіне атсалысып келе жатқан азаматтар арамызда бар. Солардың бірі – қалада бірқатар басшылық қызметтерді атқарып, бүгінде шаһар зейнеткерлерінің басын қосып отырған, өзі құрған Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының директоры Мұхтар Еркетаев.
1998 жылдың 6 мамырында елорданың Алматы және Сарыарқа атты алғашқы аудандары құрылды. Сол кезде Мұхтар Дүйсенұлы Алматы ауданы әкімі аппаратының басшысы болып тағайындалды. Кейіпкерімізді бұл қызметке ауданның тұңғыш әкімі Ахметолла Шәкіров лайық көрген еді. Ол уақытта әкімдікте қарапайым ғимарат та болмаған. Аппарат басшысына мекемені қалыптастырудан бастап, аудан тынысын жолға қою, инфрақұрылымын реттеу жүктелді. Осы жұмыстардың бәрін абыроймен алып шықты.
Жаңа ғасыр туғанда аудандағы табысты қызметі ескерілген болуы керек, қала әкімдігіне ұйымдастыру-бақылау бөлімінің меңгерушісі лауазымына шақырылды. Онда қаланы дамытуға қатысты көптеген құжатпен жұмыс істеді. Шаһарды безендіру, гүлдендіру, абаттандыру, жолдарды салу мен жөндеу, қоғамдық көлік қызметін ұйымдастыру секілді жұмыстарға байланысты құжаттарды лездемелерге дайындады. Содан соң қала әкімі аппараты басшысының орынбасары болды. Сонда Президент әкімшілігі, министрліктермен, Парламент депутаттарымен, басқа да мемлекеттік органдармен тікелей қарым-қатынас жасады. Себебі бас қала болғаннан кейін аса маңызды іс-шараларды өткізу кезінде мұқият болу қажет еді.
Қызмет жолы Алматы ауданы әкімінің орынбасары ретінде жалғасты. Сол уақытта қалада қаптаған апатты жағдайдағы ескі үйлерді ысыру, су тасқынының алдын алу, ауданды жылыту маусымына дайындау, тұрғындарды сумен қамтамасыз ету сынды жұмыстармен айналысты. Бас қалада Ішкі саясат департаменті құрылғанда осы мекеменің басшысы болып тағайындалды. Бұл ретте бұрынғы партиялық қызметіндегі тәжірибесі ескерілді. Мұнда қоғамдық бірлестіктермен, БАҚ-пен жұмыс істеді. Басты назарды бірлік, татулық мәселелеріне аударды. «Астана ақшамы» және «Вечерняя Астана» газеттерінің материалдық-техникалық базасын күшейтуге көңіл бөлді.
Елорда тұрғындары көбейген сайын қаланы дамытуға қатысты жаңа міндеттер пайда болды. Сол уақытта Алматы ауданының әкімі қызметіне келді. Онда «Астананың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі» атты мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асып жатқан. Мұхтар Дүйсенұлы осы ауданда қызмет істеп, аяқтай алмаған жұмыстарды жалғастырды, құрылысы қарқынды жүріп жатқан қаланы одан әрі өркендетуге барын салды. Атап айтқанда, жаңа тұрғын үйлердің, мектептердің, ауруханалардың, балабақшалардың, мәдениет және спорт ошақтарының, тұтастай алғанда, қаладағы әлеуметтік нысандардың құрылысы жүргізілді. Оңтүстік-шығыс, Казгородок, басқа да шағын аудандарды үзіліссіз электрқуатымен қамтамасыз ету бюджеттік бағдарламасы бекітілді. Көпірлерді, кәріз, арық жүйелерін салу мен жаңғырту, қала тазалығын сақтау, қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару секілді шаруашылық жұмыстары тынбады. Аула клубтарын, ардагерлерге арналған шағын орталықтар ашылды. Сол уақытта сол жағалау Алматы ауданына қарайтын еді. Министрліктер үйі, Сыртқы істер министрлігі, Жоғарғы сот, Қорғаныс министрлігі, т. б. мемлекеттік органдарға арналған ғимараттарға жер телімдері бөлінді.
Қазір елорданың өзекті мәселелерінің бірі – көлік кептелісін азайту. Мұхтар Дүйсенұлы соны реттеу мәселесін баяғыда ойластырып, қолға алды. Сол себептен аудан басшысы кезінде жаңа тұрғын үй кешендерінің жанында шаштараздар, дүкендер, басқа да халыққа керек нысандардың болуына ерекше көңіл бөлді. Бұл тұрғындар қажет заттарын алыстан іздемей, жақыннан алсын, керек қызметті таяқ тастам жерден пайдалансын деген ниеттен туды. Осы тұрғыдан алғанда, бірнеше жыл бұрын елордада қабылданған «1000 орын. Көше саудасы» бағдарламасын кейіпкеріміз бастап берді деп айтуға болады.
Аудан әкімі кезінде аулаларда балалар ойын алаңдарының, халық демалып, серуендейтін орындардың салынуын құп көріп, бұл іске демеушілерді, кәсіпкерлерді тартты. Бүгіндері бас қалада саябақтар, шағын бақтар мен қоғамдық кеңістіктер баршылық. Тиісті жұмыс әлі де жалғасып жатыр. Ал солардың басы болып «Жерұйық» саябағы саналады. Бұл нысан Б.Момышұлы мен М.Жұмабаев даңғылдарының қиылысында бұрынғы атшабардың орнында бой көтерді. Оның құрылысын Алматы ауданының әкімі ретінде қадағалады. Мұхтар Дүйсенұлының айтуынша, аталмыш саябақ қазір көз сүйсіндіреді. Өзі де «Жерұйықта» серуендеп, демалғанды жақсы көреді.
«Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы төрағасының орынбасары болғанда жастар тәрбиесін айрықша назарға алды. Сол уақытта партия жанынан «Жастар мәслихаты» құрылды. Қазір саясатта жүргендердің біразы осы ұйымнан шықты. Атап айтқанда, бүгінгі Астана қаласы мәслихатының депутаты Владислав Сергеев, басқа да қыз-жігіттерді Мұхтар Еркетаевтың шәкірттері деп атауға болады.
Астана қаласы Қоғамдық кеңесі құрылуының басында да кейіпкеріміз тұр. Оның алғашқы құрамының мүшесі, кейін хатшысы болды. Сол кезде зейнеткерлермен көп кездесіп, оларға қоғаммен қарапайым қарым-қатынас жетіспейтінін, қарттар жиі жалғызсырайтынын, күңгірт ойларға берілетінін байқады. Зейнеткерлер тынысына қатысты арнайы сараптама жүргізіп, соған әбден көз жеткізді. Олардың басын қосатын үлкен орталық керектігін түсінді. Қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есіловке мәселені жеткізіп, ақылдасты. Алматыда ашылған Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының тәжірибесімен танысты. Осы үлгімен Астанада Достық көшесі, 13 мекенжайында қала әкімдігі және демеушілердің қолдауымен осындай алғашқы орталық ашылды.
Бүгінде осындай орталықтың филиалдары елорданың барлық ауданында жұмыс істеп жатыр. Биыл жаңа аудан – Сарайшықта ашылу салтанаты өтті. Орталықта түрлі спорт және өнер бағытындағы үйірмелер, денсаулыққа пайдалы дәрістер өтіп тұрады. Жалпы 25 бағытта жұмыс ұйымдастырылған. Зейнеткерлер шетелдерде өтетін өнер жарыстарына қатысып, топ жарып жүр. Астана қаласы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының қызметін қазірге дейін 14 мыңнан астам зейнеткер пайдаланып келе жатыр. Күніне орталыққа 2,5 мың зейнеткер келеді. Астаналық орталық қызметіне басқа өңірлер де қызығып жатыр. Мәселен, былтыр Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданының ардагерлері жұмысымен танысып, бұл тәжірибені пайдалануды ойға алды.
Ерекше атап өтерлігі, Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы – медициналық ұжым емес, профилактикамен айналысады, яғни түрлі аурулардың алдын алуға септесетін бірден-бір ұйым. Медицина ғылымдарының докторы, профессор Ерболат Дәленовтің кеңесімен орталық жанынан медициналық профилактикамен айналысатын ғылыми-әдістемелік кеңес құрылған. Оған биология ғылымдарының кандидаты Роза Махметқызы жетекшілік етеді. Осылайша Астана қаласы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы зейнеткерлердің бос уақытын ұйымдастырумен қатар ауырмаудың жолын тауып отырған, қабілетін ашып, дамытып жатқан, олардың қоғамға керектігін дәлелдеген ұйымға айналды.
Мұхтар Дүйсенұлының өзі де белсенділіктен жаңылмай келе жатыр. Жасында бокстан спорт шебері атанды. Әлі де спортпен айналысады. Биыл – Жұмысшы мамандықтары жылы. Кейіпкеріміз нағыз жұмысшы болып, төменнен биіктерге жетті. Тракторшылықтан басталған жол қазіргі дәрежесіне жеткізді. Amanat партиясы Астана қалалық филиалы жанындағы азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі Miras қоғамдық кеңесінің мүшесі ретінде елордадағы маңызды мәселелердің шешілуіне атсалысуда. Бір сөзбен айтқанда, сексеннің сеңгіріне шықса да, сергек қалпында алға адымдап барады.
Аманғали Қалжанов