Басты ақпаратҚоғам

Барлық бала отбасында өссе екен…

Әр бала өз отбасында бақытты өмір сүруі тиіс. Алайда тағдырдың түрлі сынағымен балалар үйіне өтетіндер аз емес. Туған үйінен аяқасты ажырап, ешкім жеке назар аудармайтын топырлаған балалардың ортасына бір-ақ түсу айналасын танып, ештеңені ажыратып үлгермеген баланың көңілінде мәңгі өшпес жара қалдырады. Сондай балалардың интернаттық мекемеге емес, бірден өзіне қамқор болатын отбасыға түсуі үшін Қазақстанда биыл 1 шілдеден бастап кәсіби қабылдаушы отбасылар қызметі басталды.

«Елдегі әрбір баланың бақытты және қауіпсіз балалық ша­ғы болуы тиіс» деп Президент ­Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, елімізде халықтың үштен бір бөлігін құрайтын 6,8 млн баланың бәрі өз отбасында бақытты өмір сүрсе жақсы. Алайда бүгінде елімізде 21387 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар тұрады. Оның ішінде 17660 бала асырап алған отбасында тәрбиеленуде. Былтыр 3 мыңнан астам жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар отбасын тапты. Оларды отбасыға орналастырудың 4 түрі бар: асырап алу, қамқоршылық, патронат және қабылдаушы отбасы.

Отбасылық орналастырудың жаңа түрі – кәсіби қабылдаушы отбасылар қызметін бастау үшін «Білім туралы заңға» өзгеріс енгізілді. Әдетте, бала алдымен балалар үйіне түсіп, содан соң ғана отбасыларға берілетін еді. Енді жаңа заңға сәйкес олар бірден асырап алушы отбасыға беріледі. Бұлай ету баланы жаңа ортаға бейімдеу барысында болатын күйзелісті мейлінше азайтады. Кәсіби қабылдаушы отбасылар ­институтын фостерлік отбасы деп те атайды, яғни олар – жетім немесе ­ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрақты отбасы табылғанға дейін белгілі бір мерзімге уақытша үйіне алып, тәрбиелейтін, арнайы оқытылған отбасылар. Олар екі тараптың арасында жасалған келісімшарт негізінде жұмыс істейді.

Баланың мұндай отбасында болуының ең ұзақ мерзімі – 6 ай. Бірақ бұл мерзім ұзаруы мүмкін. Қабылдаушы кәсіби отбасылар бір уақытта төрт балаға дейін қабылдай алады, әр балаға жеке назар мен қамқорлық көрсетіледі. Мұндай отбасыларға тек төрт санаттағы балалар жіберіледі: жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, панасыз және қараусыз қалған, зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балалар.

– Бұл отбасылар балаларға қауіпсіз үй жағдайын жасайды. Әр балаға жеке көңіл мен қамқорлықты қамтамасыз ете отырып баланы тәрбиелейді. Мұндағы маңызды сәт – балалар анықталғаннан кейін интернаттық ұйымға емес, бірден кәсіби отбасыға әкелінуі. Бұл бүгінгі таңда жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды дұрыс тәрбиелеу үшін өте қажет нәрсе деп санаймыз, – дейді Астана қаласы Білім басқармасы қорғаншылық және қамқоршылық бөлімінің басшысы Гүлмира Жұманова.

«Кәсіби асырап алушы отбасы» атағын алуға үміткерлерге балалар үйінен бала алуға ниетті барлық азаматқа қойылатын талап ұсынылады. Атап айт­қанда, ондай отбасылардың некеде тұрған мүшелері 30-53 жас аралығында болуы, міндетті түрде денсаулығы, нашақорлық және психикалық күйі бойынша диспансерде есепте тұрмағаны жөнінде анықтама әкелуі, ресми табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен болмауы, адам басына 15 шаршы метрден кем түспейтін өзінің баспанасының болуы, ең соңғысы – асырап алушы ата-аналар мектебінде оқып, психологиялық диагностикадан өтуі талап етіледі. Осылайша асырап алушы ата-аналар қатаң іріктеуден өтеді.

– Бұл әдіс балалардың қолайлы әрі қауіпсіз ортада өсуі­не мүмкіндік беріп, оларды ең қиын шақта тұрақты өмір және қамқорлықпен қамтамасыз етуге бағытталған. Кәсіби қабылдаушы отбасы қиын жағдайда қалған баланың алғашқы күндерден-ақ отбасы жылуын сезініп, тұрақты қолдауға ие болуына мүмкіндік береді, – деді Оқу-ағарту ми­нистрі Ғани Бейсембаев.

Қабылдаушы отбасыға куратор бекітіледі, оның міндеті – отбасын ай сайын тексеру, балаға қатысты жоспар құру. Айта кетерлігі, куратор қабылдаушы отбасыға бақылаушы орган сияқты емес, отбасының тәлімгері есепті қарым-қатынас құруы керек. Фостерлік отбасындағы ата-ананың әрқайсысына 70 АЕК, яғни 275240 теңге көлемінде жалақы және асырап алған әр балаға 10 АЕК, яғни 39320 теңге көлемінде жәрдемақы қарастырылған.

– Балалар үйіне түскен кезде олар алдымен ауруханаға жатып, сонда екі аптадан бір айға дейін болады. Оның артынан ешкім іздеп келмейді. Жападан-­жалғыз қалған бала бей-жай күйге түседі, бір өкініштісі, ол сол сәтте ауруханада жатып басқа балалардың ата-анасы қасында екенін көреді. Одан әрі оны Балаларды қолдаудың өңірлік орталығына жібереді. Ол жерде де бала ендігі өмірі қалай болатынын білмей, күтумен уақыт өткізеді, сосын оны балалар үйінің біріне апарады. Балалар үйлерінде ешкім ештеңе түсіндіріп, оған ерекше көңіл бөліп жатпайды. Ал нақты бір отбасында ол әрі кетсе 5-6 баланың бірі болып, балаға дұрыс көңіл бөлінеді. Сондықтан фос­терлік отбасы қиын жағдайға тап болған балалардың көптеген күрделі мәселесін шешетіні сөзсіз. Баланың жағдайына қарай оған сәйкес келетін кәсіби қабылдаушы отбасы таңдалады, – дейді «Ана үйі» ресурстық орталығының өкілі Салтанат Сипатилова.

Оның айтуынша, қабылдау­шы отбасы қызметінің мемлекетке де тигізер пайдасы көп. Балалар үйіндегі бір балаға бюджеттен айына шамамен 400 мың теңге шығын кетеді. Ал отбасылар асырап алғанда шығын азаяды. Алайда мәселе ақша үнемдеуде емес, ең бастысы, бұл қылмыс пен нашақорлықтың, жезөкшелік пен қараусыздықтың алдын алады. Аталған министрліктің деректеріне сүйенсек, соңғы 10 жылда балалар үйінде тәрбиеленетін балалардың саны екі есе азайған. Бүгінде олардың 82 пайызы еліміздегі отбасылардың мүшесі ретінде бірге өмір сүруде.

«Жетімін жылатпаған елміз» деп жиі айтамыз, мемлекет тарапынан қатаң талап, шарттармен қабылданып жатқан мұндай шешімдер құқығы жиі тапталып, қорғансыздығынан көп жапа шегетін балалардың қауіпсіздігін ғана емес, бақытты өмірін де қамтамасыз етеді деп үміттенеміз.

Райхан РАХМЕТОВА

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button