Темірбек роботы астаналық оқушылармен кездесті

Астана қаласының №109 орта мектебі жазғы лагерінде STEM бағыты бойынша ерекше тәжірибелік сабақ өтті. Бүгін мектепке оқушылардың назары мен қызығушылығын арттыратын заманауи құрылғы – Темірбек роботы келді.
Бұл оқиға мектеп жанынан ұйымдастырылған STEM лагері мен робототехника үйірмесінің шеңберінде өтті. Темірбек – жасанды интеллект элементтерімен жабдықталған, сөйлей алатын, адаммен байланыс орната алатын әрі балалармен жұмыс істеуге бейімделген ақылды құрылғы.
STEM курстарындағы практикалық сабақ
Жазғы демалыс кезінде мектепте робототехникаға қызығатын оқушылар үшін STEM бағытындағы курстар ұйымдастырылған. Осы курстар аясында оқушылар түрлі құрастыру, бағдарламалау және инженерлік жобалармен айналысып келеді.
Темірбектің келуі балаларға шабыт сыйлады. Олар роботпен еркін тілдесіп, сұрақтар қойып, өз ойларын бөлісті. Бұл – тек ойын немесе көрме ғана емес, нақты практикалық тәжірибе. Роботтың жұмыс істеу принциптері мен басқару жүйесі оқушылар үшін қызықты әрі пайдалы сабаққа айналды.
Темірбектің құрылымы мен мүмкіндіктері
Темірбек – елордадағы №74 мектеп-гимназиясының информатика пәні мұғалімі Айдана Айтжанованың жетекшілігімен жасалған жоба. Роботты 7 және 11-сынып оқушылары 4 айда құрастырып, бағдарламалап шыққан. Оның арнайы бағдарламасы бар, ал басқару ұялы телефон арқылы жүзеге асады. Ол 1 метр қашықтықтағы қозғалысты сезіп, байланысқа түсе алады.
Қазіргі таңда Темірбек мектепішілік түрлі шараларға гид ретінде қатысып, сабақтар мен жиындардың жүргізушісі қызметін де атқарып келеді.
№109 орта мектебінің директоры Жанар Ермұхамбетова Темірбектің танымдық және тәрбиелік мүмкіндіктерін ерекше атап өтті:
«Мұндай технологиялық жобалар балалардың ойлау қабілетін, зерттеуге құштарлығын арттырады. STEM – болашақтың негізі. Темірбек – соған апарар нақты қадам», – деді мектеп жетекшісі.
Мектепте жасанды интеллект, бағдарламалау және инженерия салаларын қамтитын ортаны дамыту – басты мақсаттардың бірі. Темірбек – сол бағыттағы сенімді серіктес әрі шабыт беруші.
Аяулым Құдайберген, ЕҰУ студенті
Фото: Аяна Қабылбекова