Бас шаһардың тазалық сақшылары

– Байқасаңыз, осындағы қызметкердің көбі – жасы үлкен кісілер. Жол бойын сыпырып, көше тазалайтындарды айтам-дағы.
– Оның рас, – деді менің сөзіме әріптесім, фототілші Сұлтан Сейіт. Жаздың ыстығы мен қыстың қытымыр аязында жанкешті еңбек ететін осылар ғой. Жұмысын дұрыс атқарып, адалынан нан тауып отыр.
– Осыны астаналықтар түсіне қояр ма екен? Әсіресе, жас буынның өз әке-шешесімен қатарлас мұндай еңбек адамына көзқарасы… Сөзімді аяқтатпай-ақ Сұлтекең бірден жауап берген.
– Қалай болғанда да түсінуі тиіс! Осылай деп көлік рулін сығымдай ұстап, жолдан көз айырмаған…
Мезгіл таңдамайтын мамандар
Біздің бағыт – «Астана Тазалық» деген атауы бар үлкен ұжым. Мақсат – осы серіктестіктің нағыз тыныс-тіршілігімен танысу. Ойым басшылықтан гөрі қала ішінде еңбек етіп жүрген қарапайым жұмысшы маманмен тілдесу еді. Онымыз орындалатындай. Әне, көшеде су шашып, шаң басып жүрген үлкен машина көріне берді. Әріптесім де жеңіл көлікті солай қарай бағыттаған.
– Арнайы жабдықталған ауыр техниканы жүргіземін. Міндетім – өзіме бекітілген көшелерге белгілі қысыммен су шашып, 8 метрге дейін асфальт бетін, шетіндегі бордюрлерді жуып отыру, – деді біз қол көтеріп тоқтатқан Аманкелді Қаратаев есімді көлік жүргізушісі. – Бұған 11 куб су кетеді. Күніне алты мәрте су толтырып, тазалыққа кірісеміз. Өзіңіз көргендей, мен жүргізетін көлікте орнатылған су шашу құрылғысы жуылған асфальт бетіндегі топырақ пен майда тастарды шетке қарай, яғни бордюрге дейін тақап жауады. Сондай-ақ көліктің жол бетін сыпыратын да құрылғысы бар. Қазір жаз айында осылай қызмет етсек, қыста бұған қар итеретін жабдық орнатылады. Ол уақытта жұмыс тәсіліміз өзгереді. Біз жалпы мезгіл таңдап жатпаймыз. Бастысы, жұмысымызды адал атқарсақ дейміз…
25 жыл еңбек өтілі бар Аманкелді «Астана Тазалық» ЖШС-те 15 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Әңгіме ауанында ол мекеменің уақыт өткен сайын өз қызметкерлеріне қолдауды көбейткенін айтып қалды.
«Көлік бұзылса, бізді мазаламайды. Арнайы жөндейтін шеберлер бар. Екіншіден, барлық техниканы басшылық жаңартып отырады. Мен жұмыс істегелі ылғи жаңа көлік тізгіндеп келемін. Жұмысым өзіме өте ұнайды. Жалақы уақытылы, қыс айларында орындаған нормаңа қарай 800 мыңға дейін, ал жазда жұмыс жеңіл болған соң 500 мың теңге түседі. Жалпы біздің жұмысшылар айлығында өсім бар. Қосымша автобуста тегін жол жүру билеті таратылады. Демалғың келсе, айына келетін 4 күн демалысыңнан бөлек, жеке шаруаға қатысты сұрансаң да, басшылықтан еш мәселе жоқ» дейді ол.
Осылай деп асығыс тілдескен Аманкелді аға көлігіне мініп, рулін өзіне жууға бекітілген С.Сейфуллин көшесіне қарай бұра берді.
Тазалық бір күн тоқтаса…
Бізге кезіккен келесі кейіпкердің есім сойы – Нұрлыбек Нұрмаханов. Ал мұның астындағы техника көше шаңын «жұтады». Тіпті кешегі Астана көшелерінде ұшқан терек ұлпасын сыпыра тазалаған да осы машина екен.
«Мен жүргізетін көлікке арнайы вакуумды шаңсорғыш орнатылған. Ол барлық жол жиегіндегі шаң мен майда тастарды жағалай жүріп жинап алады. Жиналған қоқысты күніне 3-4 мәрте полигон алаңына төгеміз. Жалпы мұндағы көліктер әр маусым сайын өзгеріп отырады. Қыста қар итеретін немесе сыпырғышпен жабдықталса, жаздыгүні басқа тазалық құрылғылар орнатылады» дейді көлік жүргізушісі.
Оның сөзінше, тазалық көліктерін жүргізу сырт жұртқа оңай көрінгенмен, мұның да өзіне тән ережесі бар. Арнайы оқыту курсынан сабақ алуға тиіссің. Ал күнделікті рульге отырмас үшін медициналық тексерістен өтесің. Одан соң механиктермен бірлесіп, сол күнгі жұмысқа көлігіңнің дайындығын тағы бір тексеріп алу керек. Артынша өзіңе бекітілген ауданның маршрутын алып, күні бойы Астана тазалығына кірісесің. Бұл – күнделікті айналып келіп жатқан жұмыс. Тоқтатуға болмайды.
«Мұндайда 5-6 арнайы жабдықталған «тазалықшы» машиналар таңмен таласа белгілі мекенжайда жұмысын бастайды. Жолға су себеді, жиекке жиналған құм аралас топырақ қажетті техникамен сорып алады. Қолмен жуылатын нысандарға жол жұмысшылары көмектесіп, арнайы автоматты суатқышты да іске қосамыз. Қазір елордада құрылыстың басталған уақыты емес пе? Оған қажетті тиісті материалдар, құм, бетон немесе басқа да материалдар тасымал кезінде жолды бүлдіретіні анық. Мұндай уақытта біздің қызметкерлерде де қарбалас көбейеді. Расымен, мұндай үлкен қалада бір күн тазалықты тоқтату үлкен қателікке алып келеді» дейді ол.
Нұрлыбек бұл мекемеде 15 жылдан бері жұмыс істейді. Бір қызығы, ол қыстыгүні қар тазалығында үлкен маңызы бар жүк тиегіш трактордың (погрузчик) руліне ауысады. Техниканың түр-түрін игерген замандасымыздың жұмысына біз де риза болдық.
Естігеніміздей, «Астана Тазалық» кәсіпорынында 400-ден астам түрлі техника бар. Бәрі тазалық жұмыстарына бейімделген. Тіпті өндірістен соған арнайылап шығарылғандары да жеткілікті. Яғни қыста қар итеруден бөлек, жаздың күні шаң басып, су себетін түрлі көлік сап түзеп тұр.
«Кәсіпорынның бір міндеті – мекемені заманауи тазалық көліктермен жаңғырту. Жақында шетелдік 5 арнайы тазалық көлігі келді. Олардың ерекшелігі – нағыз әмбебап. Мезгіл таңдамайды. Қыста қар тазалып, жазда барлық қоқысты өз бетінше тазартады. Тіпті шаңсорғыш қызметін атқаратын көлік жол жиегінде шашылған майда тастан бөлек, кәдімгі кірпіштің сынған бөлігін лезде «жұтып» ала қояды» дейді серіктестіктің ресми өкілі Қымбат Бақыткелді.
Жас буынға бағыт көп
Бүгінде «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында түрлі іс-шаралар легі жүріп жатқаны белгілі. Бір ғана мысал, Астанадағы техникалық оқу орнында оқып жүрген студенттер түрлі өндіріс пен кәсіпорындардың ішкі жұмысын көруге жиі аялдап жүр. Әсіресе, өз мамандығына қатысы бар ортаны көруге ұмтылған жастар легі көп. Техникалық мамандықтарға жас буынның ынтасын арттыруға басты себеп те атаулы жылға арналған қолдау мүмкіндіктері еді.
«Биыл қыста «Астана Тазалық» кәсіпорнында қаланың бір топ жастары болды. Елордадағы Жоғары көлік және коммуникация колледжінде оқитын олар кәсіпорынның күнделікті қызметімен және саладағы жұмысшы мамандармен танысты. Өйткені мекеменің қала тазалығын сақтауда ерекше рөлі бары белгілі. Сондай-ақ қаладағы №28 мектеп-лицейдің 9-сынып оқушыларына да «Ашық есік» күнін өткіздік. Ал келген болашақ мамандарға кәсіпорынның арнайы техникалары мен диспетчерлік қызметтің жұмысы көрсетілді. Қала әкімдігі мен «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының бастамасымен өткен арнайы экскурсияда заманауи тазалық техникаларының жұмысын айтып бердік. Бұған қосымша келген студенттер мен оқушылар келешекте жұмыс істейтін мамандығына қатысты біздің қызметкерлерден кеңес алып, пікірлесті» дейді Қымбат Бақыткелді.
Оның айтуынша, ұжым жұмысымен танысуға келген болашақ техникалық мамандарға тазалықшылардан бөлек, жүргізушілер, механиктер және диспетчерлердің қызметі көрсетілген.
«Үлкейсек те үлгереміз…»
Біз әдейілеп мекеменің тазалықшыларына бұрылғанбыз. Жол жұмысшысы Нұрбәден Ереншенің айтуынша, мұнда орташа жалақы – 270 мың теңге. Сонымен қатар ауа райының қолайсыз күндері жұмыс істеген жұмысшылардың жалақысына үстемақы қосылады.
«Қала тұрғындары шырт ұйқыда жатқанда, яғни таңғы сағат 4-те оянып, жұмысқа асығамыз. Өйткені жаз мезгілінде жұмыс 6-да басталып кетеді. Тұрғылықты жерімізге жақын орналасқан аялдамада жұмысшыларға бөлінген арнайы автобус бізді күтеді. Кейде арнайы жәшіктерден қоқыс тазартуға барсақ, енді келесі күні арнайы техникалармен қалдықтарды сыртқа шығаруға көмектесеміз. Жұмысымыз біткен соң, түскі сағат 3-тен өте сол көлік үйге жеткізіп салады» дейді ол.
Ал серіктестіктің қолмен жинау шебері Гүлнәр Нұрмышованың айтуынша, елорда тұрғындары тазалыққа әбден төселген. Бұрынғыдай емес, жастар да, ересектер де қоқыстың шашылып жатқанына бейжай қараған емес.
«Алғашқы жылдардағыдай емес, Астананың бүгінгі халқының көше тазалықшыларына деген ықыласы ерекше. Дегенмен ара-тұра қоқыс қалдықтарын жөнсіз тастайтындар болмай тұрмайды. Рас, бір уақыттары қала өте лас болды, жинау мүмкін еместей көрінетін. Бірақ тазалықты бірінші орынға қоятын әріптестерім жылдың қай мезгілінде де талмай еңбек етті. Екіншіден, біздегі жол жұмысшылары мен тазалықшылардың орташа жасы – 50-де. Мойындау керек, жастар мұндай жұмысқа келмейді. Қалалықтар да сондай. Бірақ біздің егде жастағы жұмысшыларымыз таңмен таласа барлық жерді тап-тұйнақтай етіп отыр. Жасымыз үлкейсе де бәріне үлгеріп келеміз» деп ағынан жарылды ол.
Биылдан бастап «Астана Тазалық» ЖШС «Жұмысшы мамандықтары жылына» орай жалақыға 10 пайыз қосыпты. Арнайы жұмыс киімін, қажетті құрал-саймандарды уақытында жаңартып беріп отыр. Қызметкері ауырып қалған жағдайда да сауықтыруға қаржы қарастырылған. Еңбек демалысы уақытылы, мереке кезінде қаржылай сыйақы беріліп, әр қызметкердің балаларына арнайы сыйлық таратады. Сондай-ақ ұжымдастар болып өзге тазалық мекемелері арасындағы спорт жарыстарынан жүлделі болып жүр.
Р.S: 2 мыңға жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтыған «Астана Тазалық» ЖШС тарихы
2008 жылдан басталады. Кейінгі 17 жылдан бері барлық маусымда өз жұмысын тек санитарлық-тазалық мақсатында қалыптастырған серіктесік бұрын «Горкомхоз» деп аталған. Елордадағы орны бөлек ұжымның жаз шыға салысымен желі мен жаңбыры көп қаланың қыстағы тіршілігінде де «бел шешпейтіні» бұрыннан белгілі ғой. Мұндайда шаһар тазалығын сақтауда шаршамайтын қызметкерлерді қалай мадақтасақ та жарасады емес пе?!
Ержан ҚОЖАС
Фото: Сұлтан Сейіт