Басты ақпаратРуханият

Архивті шаң баспайды

Халқымыздың дәстүрі мен мәдениетінің, тарихи жадының қайнар көзі – архив құжаттарын көз қарашығындай сақтау, халыққа жеткізу қашанда маңызды саналады. Қазақстан тарихына қатысты шет мемлекеттердің архив қорларынан табылған құнды құжаттар мен тың мағлұматтар аз емес десек те, сан ғасырлық тарихи-мәдени өркениеттің өлшемімен пайымдағанда, бұл әлі қалың мұзтаудың жай беткі қабаты ғана сияқты көрінуі мүмкін. Төменде архив саласының осы және бұдан да басқа мәселелері туралы Астана қаласы мемлекеттік архивінің Ғылыми-зерттеу және ақпараттық-түсіндіру жұмысы қызметінің басшысы Ғазиза ИСАХАН баяндайды.

– Шетел архивтерінен Қазақстанның тарихына қатыс­ты құжаттардың көшірмелерін алу, іздестіру жұмыстарына өзіңіз де көп атсалысып жүрсіз. Алаш қайраткері Мұстафа Шоқайдың өмірі мен еңбектеріне қатысты шет ел архивтеріндегі тың деректер негізінде жазған мақалаларыңыз өз алдына бір төбе. Тұлға туралы деректердің дені қайдан табылды?

– Мұстафа Шоқай мұралары тағдыр жазуымен өз Отанынан жырақта жиналды. Оның жеке мұрағатын «Жаңа Сорбонна – Париж III» университеті жанындағы университетаралық шығыс тілдері және өркениеті институтының кітапханасына жары Мария 1953 жылы өткізген. Осынау мұрағаттық қор жөнінде алғаш «Түркістан» журналында Ә.Оқтайдың «М.Шоқайдың мұрағаты мен кітаптары» деген мақала жарық көрді. Бұдан соң 1980 жылы араға біраз жыл салып Нью-Орлеан университетінің (АҚШ) профессоры Э.Лаззерини М.Шоқай қорын мазмұнына қарай он қорапқа жүйелеп салған екен. Үкіметаралық келісімшарттан кейін іле-шала Мұстафа Шоқай архивіндегі құжаттарды реттестіріп, көшірмесіне тапсырыс жасау үшін сарапшы маман ретінде маған жауапкершілік жүктелді. 2001 жылы шілдеде Парижге аттандым. Кезінде Мария Шоқай кітапханаға тапсырған он папкадағы құжаттарды хронологиялық, тақырыптық жағынан жүйелеп шықтым. Мұнан кейін өз тарапымыздан тапсырыс беріліп, микрофильмге түсірілді.

– Бұл құжаттар несімен ерекшеленеді?

– Париждегі университет­аралық кітапханада сақтаулы М.Шоқайдың құжаттары жүйелілігімен назар аудартады. Қайраткердің «Иеңи Түркістан», «Яш Түркістан» журналдарында, «Горец», «Вольный горец» және Парижде шығып тұрған орыс эмигранттарының «Дни», «Последние новости» газеттерінде, т.б. баспасөз беттерінде, шетел басылымдарында француз, поляк, түрік, т.б. тілдерде жарияланған мақалалары мен еңбектері (газет қиындылары, кейбірінің қолжазбалары да бар), үш өлеңінің қолжазбасы (1919-1940); Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Тәжікстан республикаларының газет-журналдары мен «Известия», «Правда» газеттерінен жинаған ақпарат-конспект (1930-1939) дәптерлері және Кеңес Одағы мен жоғарыда аталған республикалардың орталық ресми басылымдарынан алынған газет қиындылары; Әскери тұтқындардың тізімі, тілхаттары, М.Шоқайдың Вали Каюмханға тұтқындардың халі, түркістандықтармен кездесуі жөнінде жазған хаты (1941); Кеңес Одағынан кеткен эмигранттардың өмірі мен қызметіне қатысты эмиграциядағы түрлі партиялар мен ұйымдар туралы материалдар (1920-1940); Украина, Кавказ, Еділ-Орал және Түркістан халықтарының ұлтты құтқару күресіне қатыс­ты материалдар (1920-1940 жж.) сияқты т.б. бұрын-соңды бізге беймәлім болып келген қаншама құнды дерекке қол жеткіздік.

– М.Шоқай тағдырына қатысты тағы қандай деректерді алға тартар едіңіз?

– Ұлттық архив қорына осыларға қоса 2003-2005 жылдары Ресей, Өзбекстан, Башқұртстан мемлекеттік архивтеріндегі деректер де жинақталды. Өзбекстан архивінен М.Шоқайдың Ташкент семинариясында оқығандығы туралы, 1916 жылы Ташкентке келген сапары жайында құжаттар сақталса, Башқұртстан архивінен З.Валидидің жеке архивінен ­М.Шоқайға қатыс­ты архив деректері алынды. Санкт-Петербург қаласының тарихи архивіндегі Санкт-Петербург университетінің қорында ­М.Шоқайдың жеке ісі сақталған. Оның алғашқы парағы Мұстафаның университет ректоры атына оқуға қабылдауды сұраған өтінішпен басталады. Құжат жиегіне 1910 жылдың 30 маусымында құжат қаралғанын, осы жылдың 6 шілдесінде студент қатарына қабылданғаны туралы жазылған. Іске М.Шоқайдың сынақ кітапшасы, университетте оқыған кездегі төлеген жарналарының түбіртектері қоса жалғанған. 1914 жылғы 15 қыркүйектегі заң факультеті деканына Санкт-Петербург университетінің толық курсын аяқтағаны, соған байланысты оқу бітіргені туралы куәлікті сұраған өтінішінде өзі тұратын  мекенжайын «Петроград. Провиантская 10, кв. 25» деп көрсетеді. Өтініш арнайы бланкіде жазылған, онда оқу бітіргені жөніндегі куәлікті арыз берген соң екі апта ішінде алу керектігі және куәлік алған соң, Санкт-Петербург қаласында тұруға берілген рұқсат қағазды қайтару тиістігі ескертілген. Сондай-ақ бұл істе Ташкент ерлер гимназиясын бітіргені туралы кәмелеттік аттестат, сол қалада түсірілген М.Шоқайдың екі фотосуреті сақталған. Мәскеудегі Ресейдің әскери тарихи архивінен де Түркістан ұлттық бірлігінің қыз­метіне қатысты біршама тың мағлұматтар табылып, жекелеген құжаттардың көшірмелері елімізге оралды.

2004 жылы демеушілер қаржысына ұлыбританиялық коллекционер М.Басхановтан «Яш Түркістан» журналының 1931-1936 жылдар аралығындағы 67 түпнұсқа нөмірі сатып алынса, түркиялық отандасымыз, тарихшы ғалым Әбдуақап Қара 1927-1931 жылдар аралығындағы «Иеңи Түркістан» журналының толық нұсқасының көшірмелерін сыйлады. 2005-2007 жылдары «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Германия мұрағаттарындағы деректердің біршамасы анықталды. Польшаның жаңа актілер мұрағатынан «Прометей» Лигасының жекелеген құжаттарының көшірмесі алынды.Түрксойдың қолдау көрсетуімен 2010 жылы Мұстафа хаттарының Түркиядан табылған түпнұсқалары, Тахир Шағатайдың жеке архивінен алынған 84 хаты мен бірнеше қолжазбаларын Мұзафар Ақшора деген азамат Орталық мемлекеттік архив қорына тапсырды. 2011 жылы Польша Республикасының Қорғаныс Министрлігіне қарасты Болеслав Валигори атындағы Орталық әскери архивтен «Прометей» Лигасының қызметі, жекелеген ұлттық эмигранттық ұйымдар шығарған газет-журналдар туралы, сондай-ақ Мұстафа Шоқайдың эмиграциядағы қызметіне байланысты тың деректер табылды.

– Белгілі тұлғалардың жеке архив қорын жинақтаумен қай уақыттан бері айналысып келесіз?

– Қазақ зиялыларының өмірі мен қызметін баяндайтын деректі құжаттық мұраларды жинастыру дегеніміз – өте бір жауапкершілігі мол, ауқымды жұмыс. Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік архивінде қызмет жасап жүргенде 1996 жылы Өзбекәлі Жәнібеков, Олжас Сүлейменов, Асанбай Асқаров, Санжар Жандосов, 1997 жылы Ақжан Машани, Зейнолла Қабдолов, 1990-2000 жылдары Әзілхан Нұршайықов, Шакен Ниязбеков, Қасым Қайсенов, Бибігүл Төлегенова, Марс Рафиков (ұшқыш, 1- космонавтар отрядының мүшесі), Асқар Тоқпанов, Жүсіп Сахиев, Советхан Ғаббасов, Сәрсенбі Дәуітұлы, Әнуар Ипмағамбетов сынды т.б. көптеген айтулы тұлғалардың жеке мұрағатын архив қорына алуға атсалыс­тым. Отыз жылдан аса архив саласында қызмет етіп келемін. Соған қарамастан олармен кездескен немесе ұрпақтарынан құжаттарын қабылдаған сәулелі сәттердің жадымдағы жарқын беттері әлі күнге дейін санамда жаңғырып тұр.

Бұдан бөлек араб, латын әріптерімен жазылған деректерді оқи алуымның арқасында Мағжан Жұмабаевтың бұрын жарияланбаған 2 өлеңін, Ілияс Жансүгіровтің, Фатима Ғабитованың хаттарын, Мұстафа Шоқайдың эпистолярлық мұрасын қағазға түсірдім.

– Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссияның материалдары сериясымен жарық көрген көптомдық жинақты топтастыруға сіздің де сіңірген еңбегіңіз бар. Астана қаласы бойынша қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссия мүшесі ретінде осы көптомдық туралы не айтар едіңіз?

– Астана қаласының архив қорларында сақталған ХХ ғ. 20-40-жылдарындағы саяси нау­қандар мен жаппай қуғын-сүргінге қатысты бұйрықтар мен нұсқаулықтар, қаулы-қарарлар мен шешімдер, қуғынға ұшыраған жергілікті тұрғындардың арыз-шағымдары мен талаптары, ресми баян­дау жазбалары, статистикалық мәліметтер және сайлау құқығынан айырылған адамдардың тізімдері Ақмола өңірінің қоғамдық-сая­си өмірі мен дәстүрлі шаруашылығындағы түбегейлі өзгерістер, халық өкілдерінің азаттық жолындағы күресі мен қызметі, әскери-саяси жағдай, ашаршылықтың салдары, тәркілеу кезінде мал-мүлкінен айы­рылған адамдардың жанайқайы мен шетел асуға мәжбүр болған босқындардың таралу аймағын көрсетеді, сол заманның тынысын сездіреді.

Сталиндік диктатураның құрбаны болған, қуғын-сүргін көргендердің қасіреті – тек жекелеген адамдардың емес, дәуір қасіретінің бір бөлігі. Сол кезеңде не болғанын түйсіну, сол кезеңнің тарихын қалпына келтіру тек сол кезеңдегі адамдардың өмірін, тұрмыс-тіршілігін толық зерттеу арқылы ғана қол жеткіземіз.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссияның материалдары (ХХ ғасырдың 20-50 жылдары) сериясымен көптомдық жинақ әзірленді. Комиссия материалдарының 23-томы «Ақмола өңірі – архив құжаттарында (1920-1940 жж.)» құжаттар мен материалдар жинағы, 48-томы «Ақмола өңіріндегі саяси қуғын-сүргіннің құрбандары» жинағы, 70-томы «Халық жады. Астана қаласы. Саяси қуғын-сүргін құрбандары мен зардап шеккендердің, оқиғалардың куәгерлері мен олардың ұрпақтарының естеліктері мен сұхбаттарының жинағы» Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Астана қаласы бойынша өңірлік комиссия мүшелерінің құрастыруымен әзірленді.

Қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау мәселесі кеңестік жүйенің көлеңкелі құжаттарын ашуға мүмкіндік жасады, белгісіз деректер айналымға қосылды, «құпия» құжаттарды зерделеу мәселені әр қырынан түсінуге, тарих ғылымы үшін белгісіз деректерді нақтылауға жол ашты.

Сұхбаттасқан Айгүл УАЙС

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button