Мәселе

Баланы тыңдай білу керек

Астана қаласында кәмелетке толмағандар арасындағы аутодеструктивті мінез-құлқының алдын алу шаралары және жазғы демалыс алдында бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету тақырыбында қалалық семинар кеңес өтті. Оған білім саласы мен бала қауіпсіздігіне тікелей жауапты мамандар қатысты.

Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыұлы мен  «Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институтының вице-президенті Гүлнар Балғабаева модератор болған кеңес  барысында қазіргі қоғамда өзекті болып отырған бірқатар күрделі мәселелер кеңінен қозғалды. Атап айтқанда, оқушылар арасындағы буллинг (қысым көрсету), суицидтік әрекеттер, сондай-ақ аутизммен өмір сүретін балалармен жұмыс істеу жолдары айтылды.

Мамандардың айтуынша, оқушылардың сабақ үлгерімінің төмендеуі, мектепке бейімделе алмауы, күйзеліске жиі ұшырауы – көбінесе үйдегі атмосфераға, яғни ата-ана мен баланың қарым-қатынасына тікелей байланысты. Оған нақты мысалдар келтірілді. Баланың эмоциялық жағдайын дұрыс қабылдай білу – тек ата-ананың ғана емес, мектептің де үлкен жауапкершілігі екенін атап өтті.

«Бұл ретте сынып жетекші, директор, психолог – осы үштік байланыс өте маңызды. Кейде баланың үнсіз жанайқайын ести алмай жатамыз. Психологтың, сынып жетекшінің, мектеп әкімшілігінің балаға жақындай білмеуі – үлкен қауіптің басы. Баланы тыңдай білу – оны алдағы төніп тұрған қауіптің алдын алу процесінің алғашқы баспалдағы» деді жиынға қатысушылардың бірі.

Сондай-ақ кеңес барысында мектепте жүргізілетін анкета мен сауалнамалардың тиімділігіне қатысты сын-пікірлер де айтылды. Көп жағдайда оқушылар өз ойын ашық білдірмейтінін, формалды түрде толтырып, ішкі сезімін жасыратынын ата-аналар да, ұстаздар да біледі. Сондықтан оқушылармен ашық, сенімді қарым-қатынас орнатудың жаңа тетіктері қажет екені баса айтылды.

«111» сенім телефоны – көмек құралы

Семинарда балаларға психологиялық көмек көрсету бағытында «111 – Бірыңғай сенім телефоны» туралы да кеңінен айтылды. Қатысушылар бұл нөмірдің насихатталуы жеткіліксіз екенін, кейбір оқушылар бұл қызметтің бар екенін де білмейтінін алға тартты. Ал естігеннің өзінде – қолдануға қорқатыны, мектеп қызметкерлеріне өз мәселесін ашық айта алмайтыны айтылды.

Семинар соңында Қасымхан Сенғазыұлы сөз алып, көтерілген барлық мәселенің назарға алынатынын жеткізді. Мұндай кездесулердің маңызын ескере отырып, семинар-кеңестерді тұрақты түрде өткізу туралы ұсынысын білдірді.

«Бала қауіпсіздігі – баршамыздың ортақ міндетіміз. Мектеп тек білім беретін орын ғана емес, баланың өмірлік жолында серігі болуы тиіс. Бүгінгі жиында қозғалған мәселелер елеусіз қалмайды. Оны шешу – барлығымызға ортақ жұмыс» деп түйіндеді.

Жалпы, қоғамда болып жатқан өзгерістер балалардың психологиялық жағдайына да тікелей әсер етеді. Сондықтан мұндай бастамалар – уақыт талабынан туған қажеттілік.

Нәсіпхан СПАН,

ЕҰУ-дің студенті

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button