«Бір ғалымды көрсеңіз…»

Амантай Шәріп – есімі әдебиет әлеміне белгілі қаламгер. Ақын, аудармашы, әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі. «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының және Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері. Шығармашылықты мектеп жасынан бастаған оның оқушы кезінен өлеңдері мен мақалалары баспасөз бетінде жарияланып тұрған. Кейін өзі де еліміздегі бірқатар ақпарат құралының тізгінін ұстады.
О баста әдебиетке деген ықыласы ерекше болса да әке-шешесінің қалауымен техникалық мамандық алу үшін Шымкенттегі Қазақ химия-технология институтына оқуға түсті. Қазалы қаласындағы орта мектепті алдын медальмен бітірген жас жігітке қай білім саласы болса да қиындық тудырмас еді, сондықтан ол өзі қаламаса да үлкендердің бағыт беруімен түскен білім ордасында да өте жақсы оқыды. Бірақ «қасқырдың бөлтірігін қанша асырасаң да орманға қарап ұлуын қоймайды» демекші, әдебиетке аңсары ауа беретін. Сөйтіп, екіойлы болып жүргенде оның республикалық «Пионер» (қазіргі «Ақжелкен») журналына жіберген бір топ өлеңі жарқ ете қалды. Басылымның бас редакторы, арқалы ақын Фариза Оңғарсынова жас қалам иесіне ерекше ілтипат білдіріп, поэзияға жаңа бір дарынның келгенін қалың жұртқа паш еткенде, Амантайға таныс-білістері мақтау айтып, ақындық биігінен көрінгеніне сүйсініп жатты. Міне, осылардың бәрі оған ерекше әсер етіп, өзінің әдебиет үшін жаралған жан екенін сезінген-ді.
Шымкентте бар болғаны бір семестр оқыған соң бала арманының жолына түсуге біржола бет бұрған жас талап, өзіне үлкен білімнің жолын ашқан қаламен қоштасып, Алматыға жетті. ҚазГУ-дің журналистика факультетіне оқуға түсті, сөйтіп біржола әдебиет әлемінің тұрғынына айналды.
Журналистика факультетін қызыл дипломмен бітірген Амантай Шәріпті оқу ордасы басшылығы өзі оқыған жерге оқытушы етіп алып қалды. Ғылым жолына түсті. Әйтсе де поэзиядан алыстаған жоқ. Оның алғашқы «Құбыла» атты шымыр жыр жинағы жарық көргенде Амантай ақын ретінде біржола мойындалды. Әйтсе де, кезінде қазақ өлеңіне өзіндік леп әкелген осы жыр кітабы дер кезінде бағаланбай қалған сияқты. Себебі ол туралы кешірек айтылды. Кешірек деп отырғаным, 2015 жылы ақын 50-ге толған кезде барып Амантай поэзиясы туралы ақындар Шаһизада Әбдікәрімовтің, Төреғали Тәшеновтің және осы жолдардың авторының мақалалары жарық көрді. Олардың бәрі Амантай Шәріп шығармашылығы жайлы материалдардың басын қосқан «Төрт тоғыс» деген кітапқа енді.
Шынын айтайын, ол кезде оның әдебиеттану ғылымындағы еңбектерінен хабарсыздау едім. Бірнеше кітаптары шыққанын естігенмен қолмен ұстап, көзбен көрмеген соң не дей аласың? Менің ойымда оның «Құбыла» жыр жинағын оқығанда қалған әсерлер ғана болатын. Содан болар, мақалама өзінің бір сөзіне сүйеп, «Ақындық қана мәңгілік» деп тақырып қойғам. Маған оның ғалымдығынан гөрі ақындығы биік секілді көрінетін. Өзім де ақын ретінде көргім келетін. Телефон арқылы сөйлескенде де бұл ойымды өзіне айтып едім, ол:
– Ақындыққа не жетсін, бірақ ғылымның жөні бір бөлек қой. Поэзия да керек, бірақ әдебиеттану ғылымы да өте қажет сала. Елдің бәрі ақындықтың жолына түсіп кетсе әдебиет ғылымы қалай дамиды? Онда да айтылмаған сөз көп, зерттеуін күтіп жатқан тақырыптар жетеді, – деді.
Одан кейін де талай рет телефонмен сөйлесіп тұрдық. Әдебиет мәселесі сөз болғанда ол кісі шабыттанып кетеді, тіпті, сағаттап сөйлесетін кездеріміз болады. Бірде поэзиядағы саздылық, қазақ жырындағы ізденістер жайында пікірлесіп жатқанымызда оқыстан ол:
– Біздің поэзияны құртып жүрген нәрсе – ұйқас, – деп қалды.
– Қалайша? – дедім таңырқап. – Ұйқассыз қазақ өлеңі қалай өлең болады?
– Әрине, өлең мүлде ұйқассыз болуы керек деп жатқаным жоқ, – деді Амантай аға. – Қарашы өзің! Қай нәрсенің де артықшылығы соның кемшілігі болып шығады кейде. Бізде өлеңдегі басты нәрсе – ұйқасы саналады да, көбі әйтеуір ұйқастырғанға мәз. Қаптаған халтурщиктер қайдан шығып жатыр десең, оған себеп – сол ұйқасты меңгеріп алу. Басқасына басын ауыртып жатқан адам аз. Өлеңде ой, сезім, философия, музыка тұтасып тұрмаса, сыртқы жылтырақ өлеңнің бар жүгін бір өзі көтере алмайды. Мойындаймыз, қазір қазақ өлеңіндегі ұйқастыру шеберлігі жоғары, өте дамып кеткен. Ұйқасы жөнінен Абай тұсындағы поэзия қазіргімен шендесе алмайды. Бірақ неге біз бүгінгі техникалық жағынан дамыған өлеңдерді оқып түк әсер алмай, Абайдың өлеңдеріне қайта орала береміз? Мәселе – мәнде, тереңдікте. Ой салар сөзде. Ой мен сезім, философия мен саз үйлесіп, бірбүтін туындыға айналмаса, бәрі бекер. Өлеңдегі жаңалық формализм емес, мән-мағына тереңдігі. Неге қазақ поэзиясы әлемге танылмай жатыр? Өйткені өзге тілге аударылғанда өлеңдегі ой мен сезім қалады да, түпнұсқадағыдай әдемі ұйқасып, жүйткіп тұрмауы әбден мүмкін. Әлемдік поэзияда мағына, ой мен философияға мән беріледі. Мұны айтқанда, ұйқасты тастап елдің бәрі ақ өлең, верлибр жазып кетсін деп жатқаным жоқ. Әр ұлттың болмысынан туындайтын өз поэзиясы бар. Ұйқаспен жазылған өлеңдер далада қалып жатқан жоқ. Басқасын айтпағанда, Шығыстың әйгілі жеті жұлдызы да өлеңді ұйқаспен жазған, алайда оларды күллі әлем біледі ғой. Демек, оларды тереңдігі үшін, мәңгілік тақырыптарды жеріне жеткізе жырлап, көркемдік биігіне көтерілгені үшін құрметтейді!..
Нағыз ғалымның сөзі. Ғалым болғанда да, өзі де бір кезде поэзияда тер төккен, танылған сұңғыла ғалымның сөзі. Оған не дау айтарсың?
Амантай Шәріптің тағы бір қыры – аудармашылығы. Таңдап, талғап аударады. Жұрттың көбі секілді өзге елдің ақындарын орысшадан қотара салып, қатырдым демейді. Қазақ тіліне өзге тілде жазылған шығармаларды түпнұсқадан тәржімалайды. Түркология ғылымына да көп еңбек сіңіріп жүрген ол көптеген түркі тілдерін жақсы біледі.
– Мен әзербайжан ақындары Гусейн Джавид пен Бахтияр Вагабзаденiң шығармаларын өз тілінен аудардым, – деді ол бірде әңгіме үстінде. – Нені аударсаң да, түпнұсқасын түсініп аударғанға жетпейді.
Дұрыс айтады, қандай аудармаға да түпнұсқа төреші. Кеңестік кезеңде біздің әдебиетте аударма ісі орыс тілі арқылы жүрді, яғни, әлемдегі қай ұлттың шығармасын болса орыс тіліндегі нұсқасынан аудардық. Соның себебінен олардың көбі өз дәрежесінде шықпады, әсіресе, поэзиялық туындыларда. Тек тәуелсіздіктен бергі жерде ғана бізде түпнұсқадан аударатын мамандар пайда болып, аударма ісі өзгеше өң алды. Амантай Шәріптің де аудармалары сол бағытта.
Оның тәржімаларының ішінде әзербайжанның көрнекті ақыны Бахтияр Вагабзаденің «Гүлістан» поэмасы ерекше орын алады. Себебі бұл – тағдырлы шығарма. Вагабзаденің 1959 жылы жазылған, бірақ сол кездегі саяси жағдайға байланысты ресми түрде жарияланбаған шығармасы әзербайжан халқының, мемлекетінің тарихындағы қасіретті бір кезеңді бейнелейтін еді. Поэмада 1813 жылы Ресей мен Иран арасында жасалған Гүлістан келісімінің нәтижесінде Әзербайжанның екіге бөлінуі – солтүстік бөлігі Ресей империясына, ал оңтүстік бөлігі Иранға қарауы терең поэтикалық және тарихи тұрғыда суреттелген. Автор тұтас бір елдің әділетсіздікпен екіге бөлінуі трагедиясын айта отырып, тарихи әділетсіздікке қарсы шығады, халықтың азаттығы мен бірлігі үшін күреске үндейді, елінің тарихын, мәдениетін, сол арқылы болашағын қорғауға шақырады.
Амантай Жарылқасынұлының аударма саласындағы еңбегі мұнымен бітпейді. Ол «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жарияланған бірегей жоба – «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасына қатысып, британдық дінтанушы, философ Карен Армстронгтың «Құдайтану тарихы» кітабының аудармасына редактор болды. Бұл туралы ол баспасөзге берген сұқбатында былай дейді:
– Бір тілден екінші тілге аударма жасау да әлбетте оңай емес. Өйткені біріншіден, ол – менталитеттің мәселесі. Ағылшын басқаша, біз басқаша ойлаймыз. Сондықтан, бір тілдегі ұғымды екінші тілге ұғынықты етіп жеткізу күрделі. Кітап маған редакторлыққа келгеннен кейін туындыны бірізге түсіруге тырыстым. Өйткені бір ғана терминді қазақ тіліне кіріктірудің өзі қиын.
Меніңше, ғалымның бұл пікірінің аудармашы боламын деген адамға берері көп. Әйтпесе, бізде қазір өзін редактор санайтындар қаптап жүр. Өз тіліңде жазылған кітапқа редактор болу бір басқа, ал өзге тілден тәржіме жасалған кітапқа редактор болу үшін үлкен білім, мол тәжірибе болуы қажет.
2019 жылдың жазында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Жаңа гуманитарлық білім: қазақ тіліндегі 100 оқулық» жобасы аясында қазақ тіліне аударылған 30 жаңа оқулықтың тұсаукесеріне арналған конференцияда Амантай Жарылқасынұлымен кездесіп қалдым. Бұл жоба «Ұлттық аударма бюросы» тарапынан жүзеге асып жатқанын білсем де, ол кісінің соған қатысып жүргенінен хабарсыз едім. Сондықтан бұл жиынға ғалым ретінде шақырылған шығар деген ойда болдым. Бірақ ағаның мұнда келуінің себебі мен ойлағаннан басқаша екен:
– Бұл жобаға мен аудармашы және редактор ретінде қатысып жатырмын, – деді ол. – Тұтастай бір томды өзім аударып, өзім редакциясын жасадым. Тура бір кітап жазып шығатын уақытым кетті…
Таң қалдым. Кейін қарасам, «Әдебиет теориясы. Антология» сериясымен шыққан бес томдық кітаптың 4-томының аудармашысы да, жалпы редакциясын басқарған да, әдеби редакторы да, жауапты шығарушысы да – бір адам. Амантай Шәріп! Сенбесеңіздер, интернеттен openu.kz сайтынан қарап көріңіздер. Осы серияның 1-томын 8 адам, 2-томын 9 адам, 3-томын 16 адам, 5-томын 8 адам дайындаған. Ал Амантай аға сондай жұмысты бір өзі атқарып шыққан. Не деген жанкешті еңбек?!
Шығармашылықта кім де болса көп оқу, тұрақты ізденіс, жүйелі зерттеу арқылы ғана табысқа жетеді ғой. Дегенмен көркем шығарма жазу – бір басқа да, ғалымдық бір басқа. Сондықтан мен ақындығы һәм аудармашылығымен салыстырғанда, бүгінде Амантай Шәріптің ғалымдығы басымырақ дер едім.
Баршамызға белгілі академик Асқар Жұмаділдаевтың бір сөзі бар ғой, «Рух, рух деп мың рет айқайлағанмен ештеңе шықпайды, ешкімнің одан рухы көтеріліп кетпейді. Сондықтан бос айқайлай бергенше бірдеңе жасау керек» дейтін. Осы пікірдің дұрыстығына Амантай Шәріптің ғылымда атқарған қыруар шаруаларынан хабары бар адамның көзі жететін шығар деп ойлаймын. Өкініштісі, бос сөйлеуге үйірлік, өзі ештеңе тындырмаса да мәселенің байыбына бармай өзгені күстәналағыштық әлі қалмай келеді. Ол да бір кеңестік кезеңнің науқаншылдық психологиясынан арыла қоймағанымыздан шығар. Бірақ, Құдайға шүкір, «үлкен істі үндемей жасайтындар» сирек те болса табылады. Сол аздардың қатарында біздің кейіпкеріміз де бар. Ол өзге жұртқа ұқсап «өйту керек», «бүйту керек» деп ұрандамай-ақ ғылыми-зерттеулерін жүргізді. Ең алдымен, 29 жасында Алаш арыстарының бірінің шығармашылығын зерттеп, «Сұлтанбек Қожанұлының əдеби-публицистикалық мұрасы» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады және бір-екі жылдың ішінде «Сұлтанбек Қожанұлы – әдебиетші», «Қайраткердің қаламгерлігі» атты зерттеу еңбектерін жариялады. Түрлі қызметтер атқара жүріп, ерінбей-жалықпай ізденісін жалғастыра берді. Соның нәтижесінде «Қазақ поэзиясы және ұлттық идея» (2000), «Алтын арқау» (2009), «Сөз өнері және ұлттық рух» (2010), «Рух пен рәміз» (2013), «Егеулі қалам» (2024), т.б. кітаптарын жазып жариялады. Бұлардың ішінде қайыра басылып шыққандары да бар.
А.Шәріптің «Қазақ поэзиясы және ұлттық идея» кітабы сол кездегі жаңалығы мол, әлі де берері көп пайдалы кітаптың бірі десек, артық айтпаспыз. Өйткені енді тәуелсіздік алып, еңсе көтерген елдің рухани әлемін жаңарту, жаңғырту үдерісінің дұрыс жолға бағыттау аса қажет еді. Жасыратын несі бар, кеңестік кезеңде әдебиетіміз бен мәдениетіміз жайында шындық айтылмай тұншықтырылса, тәуелсіздіктің елең-алаңында бардың қадіріне жете білмей, танымай жатып мансұқтау бел алып, соның кесірінен ақын-жазушы атаулыдан қадір қашқан бір кездер болды. Сондайда ұлтты сақтау үшін қолына қалам алғандардың қолына қару ұстағандардан бір кем тер төкпегенін дәлелдеп таныту ісі аса маңызды еді. Әр аймақ тарихта еңбегі барын да, жоғын да әспеттеп, ауыл сайын бір батыр, бір би тауып насихаттау жолына түсіп, даңғазаға елтіп жатқанда Амантай Шәріп ұлттық болмысты сақтау жолында басын бәйгеге тіккен, елдің жүрегінен отын сөндірмей азаттыққа ұмтылдырып отырған сөз зергерлерінен қалған мұраның мән-маңызына үңіліп, үлкен идеялардың қайдан шыққанына ел назарын бұрды. Сөйтіп көз майын тауыса отырып «Қазақ поэзиясы және ұлттық идея» атты тамаша еңбегін жазып шықты. Еңбектің кіріспесінде ол сөз өнерінің қазақтың рухани әлемін сақтаудағы рөлі туралы былай дейді: «…Ұлттық поэзия қай тұста да елдік мұрат пен мүдденің, арман мен аңсардың шығармашылық шежіресі болуымен қатар, зобалаң замандарда азаттық жолындағы арпалыстың қуатты құралы ретінде де риясыздық танытты. Сондай-ақ халық рухының беркіну мен божырау сәттерін сұңғылалықпен суреттеп, керек кезінде тиесілі баға берді. Қилы кезеңдердің қыспағында ширап-шыныққан өлең өнерінің өзінің де тақырыптық тұрпаты үздіксіз жаңғырып-жаңаланып, көркемдік кестесі үнемі түлеп, толысып отырды. Сөз жоқ, түрімен қоса, мазмұны да ұлттық (таптық емес!) әдебиеттің ғана өміршең, өскелең келетіндігі қазір артық дәлелдеуді қажет етпейді».
Бір әңгімелескенімізде оған сұрақ қойдым:
– Соңғы кезде түбі бір түріктектестер жайлы жиі жазып жүрсіз, оның себебі не? – деп. Сонда ол:
– Кеңестік кезде әліпбиімізді әртүрлі қылып, әрбірімізге шекара сызып беріп, өзара қарым-қатынасымызға сызат түсіретін түрлі әрекеттер жасалды ғой, әсіресе тарих мәселесінде. Соның кесірінен мәдени көзқарастарымыз алшақтап кеткен жайлар болды. Ал тілдік тұрғыда, кейбір салт-дәстүрімізде аздаған өзгешелігіміз болғанына қарамастан рухани жақтан біртұтас әлемнің перзенттеріміз. Соны үңіле қараған адам бәрін сезіп білер еді, – дей келіп, өзінің бір зерттеуі туралы айтты.
Шынын айтсам, домбыраның қазақта, ноғайда, өзбек жұртының кей аймағында барынан хабарым бар еді, ал Амантай аға оны індете зерттеп, көп мәліметтер келтіреді. Енді содан үзінді келтірейік:
Башқұрт пен татар домбыралары (башқұртша – думбыра, татарша – думбра) ХІХ ғасырдың соңы XX ғасырдың басында қолданыстан шығып қалғаны, оның орнын мандолина, скрипка, балалайка секілді аспаптар басқаны – тарихи факт. Ұлт-азаттық қозғалыстың алдыңғы шебінде жүрген башқұрт жыршылары – сәсәндер эпикалық шығармалар мен құбайырларды домбыраның сүйемелімен орындаған. Патша өкіметі сәсәндерді қудалап, нәтижесінде домбыраға тыйым салған…
Өзбек домбырасы ХХ ғасырдың 50-жылдарының ортасына дейін зерттеу нысанына айналмаған. Домбыра, негізінен, Өзбекстанның Сұрхандария мен Қашқадария уәлаяттарына тән. Ол – дастан орындайтын бақшылар мен шайырлардың тұрақты сүйемел аспабы.
…Жақында Амантай ағамен сөйлесіп, сұхбат алғым келетінін айттым. Ол кісі уақыты жоқтығын айтып бас тартты. Нағыз ғалымдар жарнамаға жоқ қой, сондықтан амалсыз осылай сыр-сұхбат жасауға тура келді. Әйтпесе, ол кісіге қояр сұрағымыз да, алар жауабы да аз болмас еді. Дей келгенде, ғылымға шын берілгендердің бос сөзге уақыты жоқ, білгісі келгендер кітабын оқысын.
Ахмет ӨМІРЗАҚ