Бірлік – ел тұтастығының кепілі

Елорданың Сарыарқа ауданының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған «Бірлік – ел тұтастығының кепілі» атты мерекелік концерт өтті.
Мереке шымылдығы «Қазақ тілі» үйірмесінің қызмет алушылары дайындаған «Достық жыры» атты көркем композициямен ашылды. Бұл көріністе әр ұлттың өкілдері өздерінің ана тілдерінде қазақ халқына алғыс білдіріп, бейбіт өмір мен татулық үшін ризашылықтарын жеткізді. Көрініс әсерлі орындалған «Атамекен» әнімен жалғасын тапты. Бұл кезде барша көрермендер орындарынан тұрып, әнді бірге шырқап, Қазақ халқына деген сүйіспеншіліктерін білдірді.
Одан әрі мерекелік іс-шараны орталықтың бөлім басшысы К.Бәпішев құттықтау сөзімен жалғастырып, еліміздегі ынтымақ пен достықтың маңыздылығын атап өтті. Концерттік бағдарламада түрлі ұлт өкілдерінің әндері шырқалып, ұлттық билері орындалды. Орталықтың өнерлі қатысушыларымен қатар «Астана қаласының орыс қауымы» ҚБ қарасты «Богатица орыс және казак әндері ансамблі және «Ветеран» қалалық халық хоры өз өнерлерін паш етіп, көрермендерге мерекелік көңіл күй сыйлады.
«Достық көпірі» атты қызықты ойын ұйымдастырылды. Бұл ойында қатысушылар әртүрлі ұлттардың ұлттық тағамдарын танып, сұрақтарға жауап беріп, шағын сыйлықтарға ие болды. Бұл ойын арқылы қатысушылар әр ұлттың мәдениеті мен салт-дәстүрлері туралы білімдерін толықтырды.
Мереке соңында бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан әртүрлі ұлт өкілдері бірігіп, «Қазақстан – ортақ үйіміз» атты достық биін орындады. Бұл көрініс достық пен бірліктің жарқын үлгісіне айналды.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ