Қала мен сала

216 мың тұрғынға қолжетімді

Астана қаласын газдандыру мәселесі кейінгі бірнеше жыл бойы өзектілігін жоғалтқан жоқ. Әлі де қала экологиясын жақсарту және халықты «көгілдір отынмен» қамтамасыз ету – елорда билігінің басым міндеттерінің бірі. Ал Астана қаласы Энергетика басқармасының мәліметінше, елордадағы 6 жыл бұрын басталған газ тарату желілерінің құрылысы үш кезеңге бөлінген.

Бүгінде Сарыарқа (Көктал-1, Көктал-2, Агроқалашық және қаланың ескі бөлігіндегі Г.Потанин көшесінің ауданы), Алматы (Железнодорожный, Промышленный, Оңтүстік-шығыс ауданының оң мен сол қанаты, Күйгенжар, Мичурин, Интернациональный тұрғын алабы), сондай-ақ Ақбидай, Қазақ ауыл шағын ауданында, Есіл («Vela Village», «Куршевель», «Family Town», «Family Park» тұрғын үй кешені) және Нұра («Будапешт», «Cosmic City» тұрғын үй кешені) ауданы «көгілдір отынға» қосылды. Бұған қоса «Тұран», «Тельман», «Оңтүстік-шығыс» газ жылу станциялары мен Ильинка, Тельман, Пригородный, «Family Village», Өндіріс, Кирпичный тұрғын алаптарына газ жеткізу желілерінің құрылысы бітті.

Жалпы Астаны газдандыруда үшінші кезең жұмыстары 2024-2026 жылдарға жоспарланған. Бұған қажетті қаражат республикалық және жергілікті бюджет есебінен және жеке инвестицияларды тарту арқылы қарастырылады. Жобалар аясында қала әкімдігі тарапынан былтыр үшінші автоматтандырылған газ тарату стансасы (АГРС-3) станциясының құрылысы басталды. Сондай-ақ біраз уақыт бұрын газ желісінің құрылысы басталған Шұбар тұрғын алабындағы 890 үйге «көгілдір отын» кіргізіледі. Осы жылы Тельман тұрғын алабында газ желісінің құрылысы басталып жатыр. Мұндағы басты мақсат – қаланы зиянды түтіннен толық арылту. Бізге белгілісі, ең көп көмір түтіні қала орталығындағы осы тұрғын алабтарында байқалып отыр. Бүгінде қажетті қаржы бөлінді. Өткен жылы «Family Village» тұрғын алабында құрылыс-монтаждау жұмысы аяқталып, 8,7 шақырым газ желісі тартылса, Үркер тұрғын алабына пилоттық бағдарлама арқылы құрылыс жұмыстары инвестор шотынан 45 шақырым желі жүргізілді. Бұл – алдағы уақытта 1000-ға жуық тұтынушының газға қосылуына мүмкіндік туды деген сөз. Аталған Үркер тұрғын алабында абоненттердің жалпы саны – 4995. Жалпы жұмыстардың толық аяқталуы осы жылдың соңына дейін жоспарланған.

«Елордада тұратын 216 мыңға жуық халыққа, яғни 14 мың абонентке газ қолжетімді болып отыр. Мұның ішінде нақты 12 мың абонент «көгілдір отын» қызығын көруде. Жұмыстың орындалуы 72% құрады. Атап айтқанда, 2024 жылы «Family Village» коттедж қалашығында және ішінара Үркер тұрғын алабында 1000-нан астам үй және 458 үй шаруашылығы, сондай-ақ Сарыарқа және Алматы аудан­дарында 194 жеке үй газбен қамтамасыз етілді. Биыл Үркер, Шұбар, Тельман және Кирпичный т.а. газ желілерінің құрылысын аяқтау жоспарлануда. Аталған алаптарда газдандыру жобалары бойынша құрылыс-монтаждау жұмыс­тары басталды, жұмыстарды ағымдағы жыл соңына дейін аяқтау көзделіп отыр» дейді Энергетика басқармасы газдандыру бөлімінің басшысы Рахымжан Алтынбек.

Жауапты басшының сөзінше, әкімдік қаладағы қалған тұрғын алаптарды газдандыру бойынша жобалау жұмыс­тарын жүргізуде. Мысалы, Өндіріс (2120 үй), Кирпичный (512 үй) және «Garden Village» (68 үй) алабы бойынша сараптаманың оң қорытындысын алу жыл соңына дейін жоспарланыпты. Ал жобалар мақұлданып, қаржыландыру уақытылы жүрсе, бас шаһардың тұрғындары (газ тұтынуды қажет ететін 300 мың халық) көмір жағудан 2026 жылдың соңына дейін толық құтылады деуге болады.

«Бүгінде қалада 800 шақырым газбен жабдықтау желісі қызмет етіп тұр. Бұған қоса 27 газ тарату мен 58 шкафтық газ тарату пункті, қуаты сағатына 460 мың текше метрді құрайтын екі автоматтандырылған газ тарату стансасы жұмыс істейді. Сонымен қатар қаладағы барлық жылу электр станциялары газға қосылған. Екіншіден, «Шұбар» тұрғын алабын газдандыру жобасы қарқынды жүзеге асырылуда. Бұл ауданды газбен жабдықтау жұмыстары 2023 жылдың 11 желтоқсанында басталды. Жоба 890 жеке тұрғын үйді сапалы және тұрақты газбен жабдықтауға бағытталған. Бүгінде құрылыс жұмыстарының 90%-ы аяқталды. Жалпы құны 940,3 миллион теңгені құрайды. Жобаның техникалық құжаттамасы бойынша 30 шақырым газ тарату желісін салу көзделген. Бүгінде оның 27 шақырымы аяқталды. Қазіргі таңда құбырларды бояу және сынақтан өткізу жұмыс­тары жүргізілуде. Газ тарату желісінің толық іске қосылуы 2025 жылдың соңына жоспарланған» дейді Рахымжан ­Алтынбек.

Оның айтуынша, 2026 жылы бас қаладағы 300 мыңға жуық халық газға қол жеткізеді. Сондай-ақ тұрғын үй аумақтарын газдандыру және энергия көздерін газға көшіру атмосфераға зиянды шығындыны жылына 40 мың тоннаға азайтуға, сондай-ақ газ баллондарын пайдаланумен байланысты төтенше жағдайларды барынша азайтуға мүмкіндік бермек.

Ержан ҚОЖАС

 

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button