2025: Ескі жыл несімен есте қалды?

Бізге қол бұлғап бара жатқан 2025 жыл еліміздің тарихында маңызды саяси оқиғаларға толы болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен қабылданған саяси шешімдер мен стратегиялық бастамалар ішкі және сыртқы саясатымыздың бағыт-бағдарын айқындап берді. «Астана ақшамы» газеті биылғы ең маңызды, ең айтулы саяси оқиғаларға шолу жасады.
Цифрлық трансформация – Жолдаудың өзегі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 8 қыркүйекте «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Президент Жолдауда ұлттық экономика мен мемлекеттік институттарды жаңартудың негізгі құралы ретінде цифрлық жетілдіру мен жасанды интеллект технологияларын қолданысқа енгізуге екпін түсірді. Жасанды интеллектті экономикамыздың барлық секторына – өнеркәсіп, қаржы, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау мен білім беру салаларына интеграциялауды қадап тапсырды. Бұл бағытта, негізінен, үдерістерді автоматтандыру, ашықтықты арттыру және азаматтардың қажеттіліктеріне бейімделу арқылы мемлекеттік қызмет түрлерін жетілдіруге назар аударылды. Бұл Жолдау еліміздің цифрлық мемлекетке айналуының стратегиялық жол картасын сызып берді. Алдағы уақытта жасанды интеллект технологиялары экономикалық өсімді арттырып, әлеуметтік ахуалымызды жақсартып, халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілетімізді биікке көтеретіні анық.
«Биылғы Жолдаудың біріктіруші идеясы – цифрландыруды кең көлемде дамыту және жасанды интеллектіні жаппай енгізу. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканың түрлі саласына цифрландыру мен жасанды интеллект құралдарын жеделдетіп енгізу міндетін жүктеді. Бұл қадамның барлығы жинақтала келіп, Қазақстанның жаңа Ұлттық цифрлық даму стратегиясына бірігеді. Қазақстан жаңа технологияларды дамыту мен енгізуде кешенді әрі жүйелі шешімдер қабылдаған әлемдегі алғашқы елдердің бірі болып отыр. Бұл ретте Қазақстан болашақта технологиялық тұрғыдан дамыған мемлекет атануды көздейді. Осылайша, биылғы Жолдауда цифрлық трансформация мен жасанды интеллектіні енгізу біздің ел үшін жаңа ұлттық идея ретінде айқындалды» деп жазды ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин әлеуметтік желідегі парақшасында.
Стратегиялық даму – құрылтайдың жаңалығы
Ұлттық құрылтайдың 4-жиыны сәуір айында Бурабайда өтті. Басқосуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік-экономикалық, құқықтық-мәдени дамуымыздың негізгі бағыттарын белгілеп берді. Соның ішінде салық реформасы, бірыңғай уақыт белдеуі және елдегі діни ахуал сияқты түйткілді мәселелерді көтерді. Ұзақ уақыт қоғамның талқысында жүрген бірқатар мәселенің шешімін жария етті. Ұлттық құрылтай мүшелері де ел мүддесі үшін маңызды ұсыныстарын ортаға салды. Президент инфрақұрылым жобаларына қатысты мәселелердің шешу жолдарын көрсетті. Мәселен, шағын авиацияны дамытуды алайық. Зайсан, Қатонқарағай мен Кендірлі демалыс аймақтарында әуежай ашылатыны мәлім болды. Еуропа мен Азия арасында цифрлық дәліз жасау үшін Каспий теңізінің ұлтанымен талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылатыны айтылды. Сондай-ақ Алматы қаласында және Қостанай облысында автокөлік зауыттары іске қосылады.
Парламенттік реформа – елдікті нығайтудың жолы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтерді.
«Елімізде парламенттік реформа мәселесі кемінде жиырма жылдан астам уақыт бойы айтылып келеді. Осы мәселе ашық та, жабық та талқыланып жүргені ешкімге құпия емес. Бұл тақырып әлі күнге дейін өзекті болып отыр. Сондықтан мемлекеттік жүйе дамып, азаматтарымыздың саяси мәдениеті өсіп келе жатқанын ескере отырып, бұл мәселені халықтың талқысына салу айрықша маңызды деп санаймын» деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай өте маңызды мәселені асығыс жүзеге асыруға болмайтынын атап айтты.
«Бұл реформа азаматтық секторда, сарапшылар ортасында, сондай-ақ, әрине, қазіргі Парламентте жан-жақты талқылануы қажет. Реформаның мән-маңызы айрықша екенін ескерсек, оны талқылауға бір жыл уақыт керек деп ойлаймын» дей келе, Президент 2027 жылы жалпыұлттық референдум өткізуге болатынын мәлім етті.
14 қазанда Мемлекет басшысының қатысуымен Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының алғашқы отырысы өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Парламентті реформалау Сенатты таратуға емес, еліміздің саяси жүйесін одан әрі жаңғыртуға бағытталғанын еске салды. Мемлекеттік құрылысымыздың «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» басты формуласы өзгеріссіз қалады. Бұл жиында айтылған мәселелердің маңызын ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин былай түсіндірді: «Парламенттік реформаны жүзеге асыру үшін Конституцияның шамамен 40 бабына өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет болады. Сондай-ақ шамамен 10 Конституциялық заңға және 50 кодекс пен заңға өзгерістер енгізу талап етіледі. Жұмыс тобының міндеті – Парламенттік реформа бойынша ұсыныстар әзірлеу. Сол ұсыныстардың негізінде Конституцияға енгізілетін түзетулер жобасы дайындалып, кейін республикалық референдумға шығарылады. Мемлекет басшысы атап өткендей, түптеп келгенде, алдағы өзгерістер мен толықтырулардың ауқымы жаңа Конституция қабылдағанмен бірдей».
Мемлекет басшысы жұмыс тобының алғашқы отырысында ел азаматтарының Парламенттік реформаны талқылауға қатысуы маңызды екенін атап өтті. Президенттің тапсырмасы бойынша мемлекеттік e-Otinish платформасында және eGov сервисінде азаматтардың парламенттік жүйені жетілдіру жөніндегі ұсыныстарын жинау ұйымдастырылады. Олар «Парламенттік реформа» атты арнайы бөлімге ұсыныстарын жолдап, елдің саяси жүйесін жаңғыртуға үлес қоса алады.
Еңбек адамына құрмет жылы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еңбек культін ілгерілету, жұмысшы мамандықтар мәртебесін арттыру саясатын жүйелі әрі жоспарлы түрде жүргізіп келе жатқанына куә болып отырмыз. Соның бір айқын дәлелі 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Биыл жұмысшы мамандықтарға, еңбек адамдарына ерекше көңіл бөлінді. Соның бір жаңалығы мемлекеттік наградалар жүйесіне жаңадан 9 құрметті атақ қосылды. Ондай атақтар ғалымдар мен өнертапқыштарға, инженерлерге, сәулетшілер мен құрылысшыларға, кеншілер мен шахтерлерге, геологтарға, өнеркәсіп, көлік, су және аграрлық сала жұмысшыларына беріледі. Биыл 25 қазан – Республика күні қарсаңында Президент әртүрлі саланың 500-ден астам жұмысшысын, еңбек әулеттерінің 138 өкілін, 200-ден астам ғалымдар мен педагогтарды, медицина қызметкерлерін мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды.
Қоғамдағы жаңа этика
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» Жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Ақорданың ресми Telegram-арнасы хабарлады. Тұжырымдамалық құжатты әзірлеуге Ұлттық құрылтайдың мүшелері, сарапшылар, ғылыми және қоғамдық ұйымдардың өкілдері белсене атсалысты. Аталған құжат бірінші кезекте мемлекеттік органдарға арналған. Оның басты мақсаты – ішкі саясат саласындағы жұмысты жүйелеу әрі үйлестіру. Онда «Заң және тәртіп», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Түрлі көзқарас – біртұтас ұлт», «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет», «Адал азамат», «Таза Қазақстан» секілді ішкі саясат қағидаттары қамтылған. Сондай-ақ Ұлттық құрылтай отырыстарында көтерілген жалпыұлттық құндылықтардың тізбесі енгізілді. Жалпыұлттық бірегейлікті танытатын ұлттық нышандар жүйесі жасалды. Құжатта қоғамдық диалог, этносаралық қатынас, дін, мәдени-гуманитарлық, отбасы, жастар, ақпарат секілді ішкі саясаттың басым бағыттары айқындалған. Қабылданған тұжырымдамалық құжат мемлекеттік органдардың ішкі саясат саласындағы жұмысын ұйымдастыруға негіз болады.
Кассациялық соттар – жаңа баспалдақ
1 шілдеде елімізде кассациялық соттар жұмысын бастады. Бұл – сот жүйесінің жаңа инстанциясы. Аппеляциядан әділдік таппағандардың шағымы 6 ай ішінде қаралады. Әр істің байыбына барып, мән-жайды мұқият бағамдау үшін шағымдар азаматтық, әкімшілік не қылмыстық бағыттың бірінде зерделенеді. Кассациялық соттар Астана қаласында жасақталып, барлық өңірден келген шағымдарды қарайды. Бұл жергілікті заң органдарымен ымыраластыққа жол бермеу үшін жасалып отыр. Бұған дейін азаматтар аппеляция шешімен келіспесе, іс Жоғарғы сотқа өтіп, шағымдардың 25 пайызы ғана қаралған. Ендігі жерде арыз-талап, сот процесі кезінде болған кемшіліктер назардан тыс қалмайды. Кассациялық сот үш бағытта жұмыс істейді. Адам өлтіру, алаяқтық, ұрлық, есірткі айналымы, жемқорлыққа қатысты шағымдар қылмыстық істер жөніндегі бағытта қаралады. Ал еңбек дауы, алимент төлеу, коммуналдық қызметтер, несиеге байланысты шағымдар азаматтық істер бөлімінде зерделенеді. Басқа да даулы мәселелер әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотта шешіледі. Өткен жазда осы бағыттарда жұмыс істейтін 75 судья іріктелді.
Тұңғыш АЭС салынады
8 тамызда Алматы облысындағы Үлкен ауылының маңында Қазақстан тарихындағы тұңғыш атом электр станциясы құрылысының салтанатты түрде іске қосылу рәсімі өтті. Бас мердігер – консорциум көшбасшысы таңдаған ресейлік «Росатом». Қараша айында елдегі алғашқы атом электр станциясына үздік атау беру бойынша жалпыхалықтық байқау өтті. Байқау нәтижесі бойынша азаматтардан ең көп ұсынылған «Балқаш» атом электр станциясы» атауы жеңімпаз деп танылды. Таңдалған атау атом электр станцияларын географиялық белгі бойынша атау жөніндегі халықаралық тәжірибеге де сәйкес келеді. Желтоқсанда Үлкен ауылында Қазақстандағы екінші атом станциясының құрылыс ауданын талқылауға арналған жария тыңдау өтті. Іс-шараға ауыл тұрғындары, қоғам қайраткерлері, мәслихат, Атом энергиясы жөніндегі агенттігі, «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС, «Ядролық физика институты» РМК өкілдері қатысты. Атом энергиясы жөніндегі агенттігі «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС-пен бірлесіп, негізгі жүктеме қуатына энергия қажеттілігін, геологиялық факторларға, электр желілерінің инфрақұрылымына қажеттілікті ескере отырып, екінші АЭС-тің ықтимал орналасу орындарына талдау жүргізілді. Қазіргі уақытта жоспарланған «Балқаш» бірінші атом электр станциясының ауданында инженерлік-іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Алатау – толық цифрланған алғашқы қала
8 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласына арнаулы мәртебе беру туралы Жарлыққа қол қойды. «Алатау қаласына даму қарқыны озық қала деген арнаулы мәртебе берілсін» делінген Жарлықта. Құжатта жазылғандай, Alatau City жобасын жүзеге асыруға қытайлық компания тікелей атсалысады. Бұл туралы екі тарап қыркүйек айында Қазақстан Президенті Қытайда болған кезде өзара келіскен. Жаңа қала Қытай шекарасына жақын орналасқан, яғни бұл шаһар Қытай экономикасымен байланыс орнататын хабқа айналмақ. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында Алатау қаласы еліміздің жаңа іскерлік және инновациялық орталығы болуға тиіс деп атап айтты.
«Жақында Қытайға барған сапарымда әлемнің жетекші компанияларымен құны миллиардтаған қаржы тұратын келісімдер жасалды. Шэньчжэнь жаһандық технополисін салуға қатысқан сондай компанияның бірі енді Alatau City жобасын жүзеге асыруға тікелей атсалысады. Келесі қадам – Alatau City-дің мықты институционалдық негіздерін қалыптастыру» деді Президент.
Төлен ТІЛЕУБАЙ



