2025: дағдарыстар мен бетбұрыстарға толы жыл

2025 жылы халықаралық жағдай бірде шиеленісіп, бірде саябырсып, әлемдік ахуал үнемі құбылып отырды. Бұл жағдай жекелеген елдердің тағдырына ғана емес, жаһандық экономикаға, қауіпсіздікке және қарапайым халықтың күнделікті өміріне де айтарлықтай әсер етті. «Астана ақшамы» газеті 2025 жылғы 10 ірі халықаралық оқиғаны назарға алып, дағдарыстар мен бетбұрыстарға толы жылдың әлемдік үдерістері қалай өрбігенін еске салады.
АҚШ-тың кедендік тариф саясаты
2025 жылы АҚШ президенті Дональд Трамптың бастамасымен енгізілген жаңа кедендік тарифтер әлемдік саудаға айтарлықтай әсер етті. Сәуір айында жарияланған шешімге сәйкес, АҚШ-тың барлық сауда серіктестеріне 10 пайыздық базалық баж салығы енгізілді. Бұл қадам жаһандық компаниялардың шығындарын арттырып, халықаралық сауда мен еңбек нарығында белгісіздікті күшейтті.
Трамп АҚШ-ты Париж келісімі мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан шығарып, босқындарды қабылдауды шектеді, есірткі картельдерін шетелдік террористік ұйымдар деп таныды және сыртқы саясатта қатаң, оқшаулануға бейім бағыт ұстанатынын айқын көрсетті.
Рим папасы Франциск дүние салды
2025 жылғы 21 сәуірде «халық папасы» атанған Рим папасы Франциск 88 жасында өмірден өтті. Оның орнына Роберт Превост сайланып, Рим-католик шіркеуінің 267-папасы атанды. 69 жастағы жаңа понтифик Лео XIV (Лев XIV) есімімен қызметіне кірісті.
Таиланд пен Камбоджа шекарасындағы ушыққан жағдай
2025 жылдың мамыр айында Таиланд пен Камбоджа шекарасында жағдай қайта ушықты. Қақтығыс кезінде камбоджалық бір әскери қызметкер қаза тауып, кейін екі тарап арасында атыс болып, бейбіт тұрғындар зардап шекті.
Қазан айында өткен АСЕАН саммиті аясында екі ел бірлескен бейбітшілік декларациясына қол қойып, қақтығысты тоқтатуға және шекарадағы тұрақтылықты қалпына келтіруге уағдаласты. Алайда 10 қарашада шекаралық патруль кезінде төрт тай сарбазының минаға түсіп жарақат алуы жағдайды қайта күрделендірді. Тараптар бір-бірін айыптап, шекара маңындағы әскери қақтығыстар жалғаса түсті.
Жапонияда – тұңғыш әйел премьер
Жапонияның билік басына алғаш рет әйел адам келді. Либерал-демократиялық партияның көшбасшысы Такаити Санаэ елдің премьер-министрі болып сайланды.
Алайда жаңа үкімет басшысының қызметке кіріскеннен кейін Тайвань мәселесіне қатысты жасаған мәлімдемесі Қытай мен Жапония арасындағы дипломатиялық қатынасты шиеленістірді. Такаити Санаэ Жапония қолданыстағы қауіпсіздік заңдарына сәйкес, қажет болған жағдайда ұжымдық өзін-өзі қорғау құқығын, соның ішінде Тайвань бұғазындағы ықтимал қауіп-қатерлерге жауап беру үшін пайдалана алатынын айтты. Қытай Сыртқы істер министрлігі наразылық білдіріп, Жапонияға ресми түрде қатаң ескерту жасады.
Израиль мен Иран арасындағы қақтығыс, Газадағы уақытша тыныштық
2025 жылғы 13 маусымда Израиль мен Иран арасында ауқымды әскери қақтығыс басталды. Израиль Иран аумағындағы бірқатар әскери және ядролық нысандарға әуе соққысын жасады, оған жауап ретінде Иран Израильге жүздеген баллистикалық зымыран мен дрон ұшырды. Шамамен 12 күнге созылған бұл қақтығыс кейін «12 күндік соғыс» деп аталды.
22 маусымда АҚШ-тың B-2 бомбалаушы ұшақтары мен «Томагавк» зымырандары «Түн ортасындағы балға» операциясы аясында Иранның ядролық нысандарына соққы берді. Дональд Трамп бұл шабуыл Иранның ядролық бағдарламасын «толықтай жойды» деп мәлімдеді. Қарулы қақтығыс салдарынан аймақтық жағдай күрт шиеленісіп, тек 24 маусымда күшіне енген бітімнен кейін ғана уақытша саябырсыды.
Ал Израиль мен Палестина арасындағы көпжылдық текетіресте қазан айында ілгерілеу байқалды. 10 қазанда Газа секторында атысты тоқтатудың алғашқы кезеңі іске қосылды. Бұл келісім жағдайды уақытша тұрақтандыруға үміт сыйлады.
Таиланд пен Камбоджа шекарасындағы ушыққан жағдай
2025 жылдың мамыр айында Таиланд пен Камбоджа шекарасында жағдай қайта ушықты. Қақтығыс кезінде камбоджалық бір әскери қызметкер қаза тауып, кейін екі тарап арасында атыс болып, бейбіт тұрғындар зардап шекті.
Қазан айында өткен АСЕАН саммиті аясында екі ел бірлескен бейбітшілік декларациясына қол қойып, қақтығысты тоқтатуға және шекарадағы тұрақтылықты қалпына келтіруге уағдаласты. Алайда 10 қарашада шекаралық патруль кезінде төрт тай сарбазының минаға түсіп жарақат алуы жағдайды қайта күрделендірді. Тараптар бір-бірін айыптап, шекара маңындағы әскери қақтығыстар жалғаса түсті.
Гонконгтағы ірі өрт
2025 жылғы 26 қарашада Гонконгтың Тай По ауданындағы Хун Фук Юэн тұрғын үй кешенінде алапат өрт шықты. Сегіз ғимараттың жетеуі толықтай жанып, қаза тапқандар саны 161 адамға жетті. Құрбандардың арасында қызметтік міндетін атқару кезінде қаза болған бір өрт сөндіруші де бар.
Тексеру барысында өрт шыққан ғимараттың сыртқы қабырғасында қолданылған қорғаныш торы мен пластик материалдардың өрт қауіпсіздігі талаптарына сай келмеуі мүмкін екені анықталды.
Гендік терапиядағы серпіліс
2025 жылы Ұлыбритания дәрігерлері заманауи гендік ем қолдану арқылы сирек кездесетін тұқым қуалайтын Хантер синдромына шалдыққан үш жасар баланы сәтті емдеді. Сонымен қатар Ұлыбританияның ұлттық денсаулық сақтау қызметі CRISPR генді редакциялау технологиясына негізделген Casgevy терапиясын ресми түрде енгізді. Бұл ем орақ тәрізді жасушалы анемия мен гендік мутациядан туындайтын тұқым қуалайтын қан ауруларын емдеуге арналған.
Жасанды интеллект жаһандық бәсекенің жаңа алаңына айналды
2025 жылы жасанды интеллект саласындағы жаһандық бәсеке күрт күшейді. Ірі технологиялық компаниялар арзан әрі қуатты жасанды интеллект жүйелерін, соның ішінде генеративті модельдерді жедел дамытуға кірісті, бұл үрдіс әлемдік еңбек нарығының құрылымына, көлемі мен географиялық бөлінісіне елеулі ықпал етті.
Ақпан айында Парижде өткен жасанды интеллект жөніндегі іс-қимыл саммитінде 61 ел адамзат пен планетаның игілігі үшін инклюзивті және орнықты жасанды интеллектті дамыту туралы бірлескен мәлімдемені қабылдады.
Мьянмадағы жойқын жер сілкінісі
2025 жылдың наурыз айының соңында Мьянманың орталық бөлігінде, Мандалай маңында магнитудасы 7,7 балдық жойқын жер сілкінісі тіркелді. Апат салдарынан 3700-ден астам адам қаза тауып, мыңдаған тұрғын жарақат алды, көптеген ғимараттар мен инфрақұрылым нысандары қирады. Жер сілкінісінің дүмпуі Таиланд, Малайзия және Қытайдың Юньнань аймағына дейін сезілді.
Келелі кездесу
2025 жылы 28 желтоқсанда АҚШ Президенті Трамп пен Украина Президенті Зеленский Флоридадағы Mar-a-Lagoда кездесті. Бұл кездесу Ресей – Украина арасындағы соғысты тоқтату және бейбіт келісімге қол жеткізу мүмкіндігін талқылау үшін өтті. Тараптар Ресей – Украина соғысын тоқтату жолдарын, бейбіт келіссөздерді жандандыру мүмкіндіктерін және Украина қауіпсіздігіне қатысты негізгі мәселелерді талқылады, бұл кездесу халықаралық қауымдастық тарапынан соғысқа дипломатиялық шешім табуға бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланды.
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ



