Қоғам

17 жасында майданға аттанған

Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлеріміздің бірі – Астана қаласы Алматы ауданының тұрғыны Жақан Сейсенбаев.

Ардагердің тағылымы мол естеліктері көп. Соның бірі – Мәскеу түбіндегі Волоколамск тасжолын қорғаған атақты қолбасшы, генерал майор И.Панфиловты көріп, аңыз адаммен жолыққаны. Бұл кездесуді ардақты ақсақал ерекше толқып отырып жеткізеді. Жақан ақсақал 5-армиядағы 3-Беларусь майданының 13-минометтік полкінде атқыш болған. Сол жылы басынан жарақат алып, одан жазылып шығып майданға қайта оралған. Бұдан кейін де екі рет жарақат алған екен. Соған қарамастан Жақан Сейсенбаев жеңісті Германияның Кенигсберг қаласында қарсы алады. Одан кейін майдангер совет-жапон соғысына қатысып, елге 1948 жылы оралады. Бұл жеңіс қаншама құрбандықпен келді десеңізші. Оны ойлаудың өзі қорқынышты. Соғыс кезінде жойқын жарылыстар, алапат оқиғалар орын алды, адамзат бұрын-соңды естіп-білмеген сұмдықтар болды. Сондықтан Жақан ақсақал да, оның қаруластары да қуанышты күнді жылап тұрып қарсы алды.

«Өзім бұрынғы Талдықорған облысы Киров ауданы Қарабұлақ ауылында дүние­ге келгенмін. 17 жасымда соғысқа аттандым. Сұрапыл соғыста бастан көп оқиға өтті. Бірде жаудың 60 танкісі шекарадан өтіп кеткені туралы хабар келді. Екі «катюшаны» дайындап, үш шақырым жер қалғанда танкілерді ату керек болды. Бір «катюшаның» тізгінінде мен болдым. Оқ жаудырып, 60 танкіден 1 танкі ғана аман қалды» дейді соғыс ардагері соғыс кезіндегі оқиғаларды есіне алып.

Бүгінгі таңда Астанада тұратын майдангер Жеңіс күнін қалай қарсы алғанын былайша есіне түсіреді. «8 мамыр күні біз Шығыс Пруссияда болдық. Жеңіске жеткенімізді естіген кезде бір жылап, бір күліп, құшақтасып, жауынгерлер бір-бірімізді құттықтадық. Одан кейін Жапон соғысына аттандым. Ол аяқталған соң Солтүстік Кореяға соғысқа аттандым. Үш соғыстан аман қалдым. Қазіргі уақытта 1 ұл, 3 қызымнан 9 немере, 14 шөбере сүйіп отырмын. Бейбіт күнде өмір сүріп жатқан ұрпаққа бақыт тілеймін. Менің жасымды берсін!» дейді өткен күндерін еске түсірген Жақан Сейсенбаев ақсақал.

Он жеті жасында соғысқа аттанған, биыл наурыз айында 100 жасқа толған майдангер Жақан Сейсенбаев қазір бала-шағасының ортасында аман-есен жүріп жатыр.

Баянды ӘЛПИ,

журналист, Алматы ауданы

ардагерлер кеңесінің мүшесі          

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button