Басты ақпаратСараптама

Зымыран һәм запыран

Әуелден біздікі ме, әлде жалға алынған болған соң өзгенікі ме деп бас қатыратын бір жер болса, ол «Байқоңыр» ғарыш айлағы шығар. Бір белгілісі, Қазақстан үшін ғана емес, адамзат өркениетінде тарихы ерекше стратегиялық нысанда космостық ұшыру өте көп. Әлем бойынша солай. Аумағы үлкен айлақтың (6717 шаршы шақырым) басты міндеті – ғарыштық зымырандарды құрастырып, оны ұшыруға дейінгі барлық үдерісті атқару. Ашық дереккөздерде мұнда 9 ұшу кешені, зымыран-тасығыштар мен ғарыш аппараттарын сынақтан өткізетін 11 техникалық ғимарат, отын мен газ құюға арналған 3 станса, сондай-ақ 2 аэродром бар екені айтылады.

«Кіндік» атауы қайдан шықты?

Ғарыш айлағын Қорқыт баба жатқан Қызылорданың Қармақшы ауданына тым жақын десек болар. Адамзаттың космосты игерудегі мақсаты да осы төңіректен басталды. Әрі бұл өңірді таңдау жан-жақты ғылыми сарапталған еді. Елді мекендердің қоныстану алшақтығы, жердің экваторға жақындығы және ауа райы­ның құрғақ болуы ғарыш ракеталарының орбитаға еш кедергісіз шығу мүмкіндігін ұлғайтқандай. Әрі Қызылорда мен қазіргі Ұлытау облысы арасында созылып жатқан Бетпақдала жазығы ғарыш аппаратының жерге қауіпсіз қонуына кепіл болды.

Қош, 1955 жылы құрылысы басталып, 1957 жылы өз тарихында алғаш ғарыш зымыранын ұшырған Байқоңырдың ғылыми жетістігі алда еді. Сол жылы ұшқан жердің жасанды серігі – «Спутник-1» орбитаға шықты. Арада 4 жылдан соң, 1961 жылдың 12 сәуірінде тұңғыш адам баласы космос әлеміне аттанды. «Восток» кемесімен ғарышқа сапар шеккен Юрий Гагариннің есімі тарихқа қалай қатталғаны белгілі. Аспан денелеріне арналған «Зонд», «Протон», «Прогноз» сынды зымырандар, сонымен қатар «Союз», «Прогресс», «Салют», «Мир» секілді ғарыш кемелері мен орбиталық станциялар осы Байқоңырдан аттанып жатты.

Байқоңырдан бір жылда 15-тен кем емес ракета ұшады деген дерек бар. Тіпті одан көп болуы мүмкін. Бұл мәлімет ғарыштық сапардың бір жылдық ғылыми миссияларына, жерсеріктер санына, халық­аралық келісімдер, саяси не өзге де климаттық жағдайларға қатысты өзгеріп отырады. Мысалы, пандемия кезінде ғарышқа ұшу Байқоңырда саябырсығандай. Жергілікті халықтың сөзінше, қазіргі Ресей-Украина қақтығысы қарсаңында мұндай ұшыру бұрынғыдай көп болмапты. Жалпы қандай не қанша зымыран ұшса да, олардың басым бөлігі Халықаралық ғарыш станциясына жүк немесе экипаж жеткізу, сондай-ақ Жер орбитасына телекоммуникация­лық, метеорологиялық және әскери мақсаттағы спутниктерді шығарады.

Бір қызығы, ғалымдар бер­тінде дәлелдеген «Байқоңыр – жер кіндігі» деген атаудың Сыр өңірінде ілгеріден барын ­сыртқы жұрт біле бермес. Өзіміз де ауыл ақсақалдарынан естігеніміздей, Қазалы ауданы мен Байқоңыр қаласы маңайына жақын «Кіндік» дейтін жер атауы бағзыдан бар деседі.

Көңіл жұбанарлығы, Ресей қарамағында болса да, біздің мемлекет Байқоңырды толыққанды жаңғырту арқылы өз ғарыш саласын дамытуға күш салуда. Мысалы, кейінгі жылы қолға алынған бір бас­тама – «Бәйтерек» жобасы. Көрші Ресеймен бірлескен бұл жобаның мүддесі – экологиялық қауіпсіз зымыран тасығыштарды қолдану арқылы ғарыш кемелерін ұшыру. Ал екінші бір пайдасын айтсақ, Қазақстан ғарыш туризмін дамыту, жекеменшік серік­тестіктерді тарту және ғарыш технологияларын коммерция­ландыру бағытында да тым тәуір жұмыс істеуде. Тіпті кешегі сәуірде Алматыда Қазақстан мен Ресейдің Сыртқы істер министрлері Мұрат Нұртілеу мен Сергей Лавров Байқоңыр жағдайын талқылап, оның ішінде «Бәйтерек» бірлескен ғарыш кешенін дамыту жайын да ақылдасқаны белгілі.

Жалға берілген жер қайтса…

Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасындағы «Байқоңыр» кешенін жалға беру туралы шартқа сәйкес, кешен 2050 жылға дейін жалға берілген. Ал жылына жалдау құны – 115 млн АҚШ доллары. Түскен қаржы елдің Бюджет кодексіне сәйкес жұмсалады.

Бүгінде Ресей жалға алған жерлердің бір бөлігі Қазақстанға қайтады деген мәлімет бар. Осыған қатысты қандай да бір ауқымды жұмыс барын жергілікті биліктен сұрастырдық.

«Байқоңыр» кешенінің өзекті мәселелері бойынша жыл сайын «Байқоңыр» Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссиясының отырысы өтеді. Бүгінде комиссия отырысының шешіміне сәйкес «Байқоңыр» кешенінің кейбір жер учаскелерін Төретам және Ақай елді мекендері тұрғындарына жайылымдық жер ретінде жалдан шығаруға жұмыс жүргізілуде. Қос тараптан құрылған жұмыс тобы далалық зерттеу, жалдан шығарылатын жер учаскелері шекараларын нақтылау жұмысын атқарады. Жалдан шығарылатын жер учаскесінің жалпы ауданы шамамен 200 мың гектарды құрайды. Анықталған жер учаскелерінің координаттарын келісу бойынша жұмыс тоқтаған жоқ. Аталған жұмыс аяқталған соң алыс-беріс актісі және т. б. рәсімдер жүргізіледі» деп көрсетіпті ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілінің қызметін қамтамасыз ету бөлімі.

Бұған қоса, Қызылорда облысы әкімдігі Ресей жалға ал­ған «Байқоңыр» кешенінің нысандарын жалдау құрамынан шығару және әлеуметтік қамсыздандыру мен кәсіпкерлік объектілерін ашу үшін облыс­тың коммуналдық меншігіне беру бойынша тұрақты жұмыс жүргізуде. Мәселен, әкімдік жаңа кәсіпкерлік нысандарын ашу үшін жалдан шығарылған 9 нысанды мүдделі инвесторларға беру пысықталуда.

«Байқоңыр» космодромы 1994 жылдан бастап жалға берілді. 2004 жылы ол мерзім 50 жылға созылды. Менің естуімше, ресейліктер ондағы кейбір жұмысын тоқтатып жатыр, оған қазіргі саяси және экономикалық жағдай әсер етіп жатқан шығар. Байқоңырдың миллиондаған гектарды алып жатқан жерді жалдау ақысы – небәрі 115 млн доллар. Ол да бұрын ҚТЖ-ға қосалқы бөлшектермен, басқа да техникалармен есеп айырысумен өтелген. Бірақ космодромның қоршаған ортаға, халық денсаулығына келтірген зияны қанша? Оны ешкім зерттеп, есептеп жатқан жоқ. Жалпы Байқоңыр мен Төретам, Ақайда 80 мың халық тұрады делік. Ал егер Ресей Байқоңырды тастап кетсе, олардың бар тіршілігі қаламен байланысты болған соң далада қалады. Сондықтан Байқоңырды осы кезден машина жасау сияқты өндіріс орнына не болмаса халқын солтүстікке қоныс аударуға көмек жасау қажет. Мұндағы қазақтардың өз атында үйі де жоқ, олар қызметтік пәтерде тұрып жатыр. Ал Ресей өз азаматтарына мемлекетінің кез келген қаласынан үй береді» дейді Қызылорда қалалық Қоғамдық кеңес мүшесі Болат Нұрқожаев.

Оның сөзінше, жер мәселесі Байқоңырда өршіп тұр. Әсіресе кәсіпкерлерге тым қиын. Бір уақыттары өздері сатып алған ғимарат пен жер меншігі бола тұра, олар бар салықты Ресейге төлеуге мәжбүр. Өйткені біз жақтағы сату кезінде бір кездері заңсыздық болғанға ұқсайды. Бұдан бөлек, мектеп, аурухана, балабақша сынды әлеуметтік салада да мәселе жетерлік. «Бір сөзбен айтқанда, біз жерді адамдарымен бірге жалға беріп жіберген сияқтымыз» дейді ол.

 Қалаға көмек бар, дегенмен…

Қазір Байқоңыр қаласында 55,9 мың адам бар. Бұл – ресми дерек. Оның ішінде 39,8 мыңы (71%) Қазақстан, 14,8 мыңы (26%) Ресей және 1,3 мыңы (3%) басқа мемлекеттердің азаматтары екен.

Жергілікті билік халық тұрмысын жақсартуды ұдайы назарда ұстайтынын айтады. Әсіресе білім мен денсаулық саласына қажетті нысандарды жаңартуда. Мысалы, былтыр Байқоңырда 2 балабақша ашылып, бала кезегін қысқартуға сеп болған. Сондай-ақ қалада 12 мектеп болса, соның 5-еуі қазақстандық стандартпен жұмыс істейді.

«Мемлекетаралық келісімге сәйкес, денсаулық сақтау саласында Байқоңырда қазақстандық және ресейлік медицина ұйымдары қызмет көрсетеді. Аурухананың материалдық-техникалық базасын жаңарту жұмысы жүргізілуде, қазақстандық азаматтарға барлық қажетті медициналық көмек көрсетіледі. Қалада гемодиализ орталығының қызметіне жүгінетін мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы жағдай жасау үшін жеке кәсіпкермен келіссөздер нәтижесінде көпбейінді ауруханада гемодиализ орталығы ашылды. Былтыр облыс әкімі тапсырмасымен аурухана 806 млн теңгеге заманауи жабдықтармен қамтылды» деп жауап береді өкілдік қызметі.

Ресми мәліметте айтылғандай, бұған дейін қаланың сумен жабдықтау және су бұру жүйе­лері жалдан шығарылып, облыстық меншікке қабылданған болатын. Аталған жүйелерді қайта құру және жаңғырту мақсатында 2021 жылы 11,4 шақырым кәріз желісі қайта жаңғыртылған. Жобаны одан әрі іске асыруға 12,6 млрд теңгенің үш кезеңді негізгі жоба-смета құжаты әзірленіпті. Жоба аясында 94,6 шақырым су құбыры және 84,6 шақырым кәріз желілерін жөндеу жоспарлануда. Аталған жұмыстарды бастауға мердігермен былтыр 768 млн теңгеге келісімшарт жасалған. Осы қаржыға 3,2 шақырым кәріз су жүйесі жаңғыртылды. Қазір мұндай жұмыстар жүріп жатыр. Сонымен қатар Төретам кенті мен Ақай ауылдық округін жалғайтын айналма жолға күрделі жөндеу жүруде.

«Аталған жол жалдан шы­ғарылып, Қармақшы ауданы әкім­­дігінің теңгеріміне берілді. Жолдың ұзындығы – 5,3 шақырым, ені – 6 метр. Аталған жолды күрделі жөндеуге жоба әзірленіп, мемлекеттік сатып алу жұмысы жүргізілді. Жобаның құны – 1,176 млрд теңге» деп жазылған ресми жауапта.

Тағы бір жаңалық, былтыр облыс әкімі Н.Нәлібаев пен Байқоңыр қаласы әкімшілігінің басшысы К.Бусыгин Байқоңыр қаласының мәселелері жөнінде кездесу өткізіп, облыс тарапынан «Байқоңыр» кешенінің 70 жылдық мерейтойына орай қаладан дене шынықтыру-­сауықтыру кешенін салу туралы уағдаластық болған. Бүгінде осы нысан бойынша да құрылыс жүріп жатыр.

Тоқетері: Байқоңырға бәрі керек

Бір қызығы, қаланың байыр­ғы тұрғыны, ардагер-заңгер Қамза Қыстауұлы жоғарыда айтылған кейбір ресми жауапқа келіспейтінін айтады. Оның сөзінше, қаладағы 350-ге тарта көпқабатты үй ширек ғасыр жөндеу көрмей, апатты жағдайда тұр. Ал әлемдегі теңдесі жоқ космодром айлағы тонауға түсті.

«Қаланы көкірек көзі ояу кез келген бір бейтаныс азамат аралап шықса, мен оның шошитынына бек сенемін. Қала тұрғын-жайлары әбден тозған. 352 көпқабатты үйдің 1955 жылы алғашқы құрылысы басталса, соңғы үйлері 1989 жылы салынған. Қаланың ұзындығы – 7, ені – 7 шақырым. Қалада ұзындығы 97 шақырым кәріз жүйелерінің құбыры 3 метр тереңдікте жатса да еш ауыстырылмаған. Олардың іші бітелген, шөген құбырлар шіріген, яғни жаңарту жоқ. Қысы-жазы осы кәріз желісі бойында ылғи жөндеу жұмысы жүреді де жатады. Ол жөндеу көше қозғалысын жауып, кө­ліктер тоқтап, ақыр соңы қала халқының шуына ұласатыны белгілі. Айтпақшы, осы кәріз су қалдығы дарияны кесіп өтіп, қаладан 15 шақырым жердегі «сасық көлге» құяды. Бір қызығы, 2021-2028 жылдарға біздің Үкімет осы ауыз су және кәріз құбырларын жаңғыртуға ақша бөлген. Ал Ресей жағы бір тиын да бөлген жоқ» дейді Қамза Қыстауұлы.

Ардагердің айтуынша, 2022-2024 жылдары қаладағы 3 мөлтек ауданның басты 2 кәріз жүйесі ауыстырылған. Бірақ іс шала болып шығыпты. Арты дау болып, құзырлы орындар мен сот арқылы үлкен кемшіліктер анықталған.

«Ал енді былтыр күзде, қыста ауыстырған 5-7 шақырым кәріз жүйесін жүргізгенде жолындағы 50-70 жылдық талдарды сүріп тастап отырған. Ал халық әдемі өсіп тұрған ағаштардың қирауына ренжулі. Құбырларды салуда инженерлік талаптар сақталмай, қайта аршылып жатқан кездер болды. Мынадай өнімсіз жұмыспен 97 шақырым кәріз құбырын қай уақытта салып бітіретіні маған белгісіз» деп ашынады ардагер.

Ержан ҚОЖАС

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button