Зорлықсыз қоғамға қадам

«Жанұя» отбасын қолдау орталығында «Заң және тәртіп» атты нарративтік форматтағы семинар-тренинг ұйымдастырылды. Іс-шарада отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық пен кәмелетке толмағандар арасындағы буллингтің алдын алу, өзара сыйластық пен зорлықсыз қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру мәселесі көтерілді.
Жиында заң саласының білікті мамандары мен психологтар, әлеуметтік қызметкерлер және елордамыздың әр ауданынан келген отбасылар бас қосты. Олар өз тәжірибесімен бөлісіп, нақты мысалдар арқылы зорлық-зомбылықтың алдын алудың тетіктерін талқылады. Спикерлер мазмұнды баяндамалар жасап, қатысушылар назарына бейнероликтер ұсынды. Ал «Көрінбейтін зорлық-зомбылық» атты кинотерапия жаттығулары көпшіліктің зердесіне ой салып, мәселенің психологиялық астарына үңілуге мүмкіндік берді.
Семинардың нарративтік форматы – әңгіменің, мысалдың, өмірлік тәжірибенің күші арқылы санаға әсер ету. Яғни бұл жерде тек заң тілімен емес, адамның жүрегіне жол табу маңызды болды. Сол себепті іс-шарада құрғақ статистика емес, шынайы тағдырлар, өмірден алынған оқиғалар, психологиялық тұрғыдан түсіндірілген себептер мен шешім жолдары айтылды. Қатысушылар интерактивті талқылауларға белсенді қатысып, өзара пікір алмасты. Бірі ата-ана, бірі ұстаз, енді бірі әлеуметтік қызметкер ретінде ойын ортаға салды.
«Көпшілік зомбылықты ұрып-соғу, бір-біріне күн көрсетпеу ғана деп ойлайды. Ол да дұрыс. Бірақ «көзге көрінбейтін» зорлықты ешкім атай бермейді. Психологиялық қысымның салдарынан өз-өзіне қол жұмсау фактілері артатынын жақсы білеміз. Отбасылық жағдайда салғырттық танытпай, адам өміріне жауапкершілікпен қарасақ қана қоғамдағы дертті жеңе аламыз» дейді «Жанұя» отбасын қолдау орталығы психологиялық көмек көрсету бөлімінің басшысы Нағима Бексұлтанова.
Сонымен қатар отбасы құндылықтарын дәріптейтін буклеттер мен пайдалы материалдар таратылды. Бұл – әрбір қатысушы өз ортасына, отбасына, жұмысына оралып, алған білімін басқаларға жеткізсін деген ниеттен туындаған игі бастама.
Ерасыл НҰРЛЫБЕКҰЛЫ



