Жыр жырлап, жансарайды ашты

Ұлттық академиялық кітапханада ақын, жыршы, манасшы Баянғали Әлімжанов шығармашылығына арналған «Атадан қалған аңызым» атты әдеби-сазды кеш өтті.
Рухани кештің мақсаты – ұлттық сөз өнерін дәріптеу, жыраулық дәстүрдің сабақтастығын насихаттау және жас ұрпаққа халық мұрасын кеңінен таныстыру болды. Іс-шара барысында көрермендер ақынның шығармашылық жолымен танысып, оның жыршылық әрі манасшылық өнердегі өзіндік қолтаңбасы туралы кеңінен мағлұмат алды.
Кештің ерекше сәттерінің бірі – қырғыз бен қазаққа ортақ рухани қазына саналатын Манас жырының орындалуы болды. Жыршының орындауындағы эпикалық туынды тыңдарманды терең әсерге бөлеп, түркі халықтарының ортақ мәдени тамыры мен рухани байланысын айшықтай түсті.
Кешке белгілі қаламгер, әдебиеттанушы ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сауытбек Абдрахманов, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлібек Асқар, жазушы-драматург Жолтай Әлмашұлы, ақын, Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының директоры Бауыржан Бабажанұлы, т.б. зиялы қауым өкілдері, кітапхана оқырмандары мен студент жастар қатысты.



