Мәдениет

Жыр әлемінің Айбозы

Астанадағы Сәкен Сейфуллин музейінде көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлының туғанына 75 жыл толуына арналған «Жыр әлемінің айбозы» атты еске алу кеші өтті.

Несіпбек Тұрысбекұлы осы музейді 10 жылдан астам, өмірінің соңына дейін дерліктей басқарды. Алғашқы сөзді алған руханият ошағының қазіргі директоры, тарих ғылымдарының докторы Марат Әбсеметов ақынның қазақ поэзиясына қосқан үлкен үлесіне тоқталып, Сәкеннен қалған жәдігерлерді оның атындағы музейге талмай жинағандығын айтты.

«Несіпбек Айтұлы артында қалған шығармаларымен, рухты өлеңдерімен жастарға үлгі-өнеге көрсетті. Қазір Сәкен музейінде ақынның рухы сезіліп тұрады. Ақын ағамыз Тарбағатай аумағында, Шәуешек аймағында, қазақтың кешегі замандарда нағыз шайқастары өткен қасиетте жерде туды. Ұлы рух оның бойына туған топырағынан дарыды» деген ғалым Несіпбек Айтұлының елорда мәдениеті мен әдебиетін өркендетуге қосқан еңбегін атап өтті. Мәселен, Астана күніне арналған мүшәйраның негізін қалағанын айтты. Музейдің бүгінгі ұжымы ақынның салған дәстүрлерін жалғастырып отырғанын жеткізді. Кешке арнайы қатысқан ақын жары Манат Жүкенқызы мен отбасына, іс-шара қонақтарына сый-сыяпат жасады.

Ақынның рухани інісі, заңгер, жазушы Белгібай Сахариев Несіпбек Тұрысбекұлының адамгершілік қасиеттері, шығармашылығы, кісілік келбетіне тоқталды. Ақын, ғалым Ақеділ Тойшанұлы бастаған, композиторлар Қайнар Қатбай мен Халық Ризабек ақындар Қабиден Қуанышбай, Мұқият Қойшыбай, Арман Шеризат сынды бір топ шәкірттері ұстаздарының өнердегі, өмірдегі өнегесі жайлы әсерлі әңгімелер айтып, жырдан шашу шашты.

Ақынның балалар әдебиетіне қосқан үлесі де мол. Іс-шара барысында осы туралы айтылды. Несіпбек Айтұлы – ел аузындағы көптеген тамаша әндер өлеңдерінің авторы. Сондай кейбір әндердің шығу тарихы тарқатылып, жиналғандардың назарына ұсынылды.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button