Жылытудан тапшылық болмайды

Алдағы уақытта елордада 7 шақырым жылу жүйесінің жолы салынып, 1,8 шақырым жылу жүйесі қайта жаңғыртылады. Бұл туралы Астана әкімі Жеңіс Қасымбек мәлім етті.
«Астананы қосымша тіршілікті қамтамасыз ету нысандарымен қамту бойынша жүйелі жұмысты әрі қарай жалғастырамыз. Бұл нысандар қалаға жылу, су, электр энергиясы және т.б. жеткізуге мүмкіндік береді. Осыған дейін салынған жылыту көздерінің арқасында жылу беру маусымы штаттық режимде, тоқтаусыз және апатсыз өтті» деп жазды қала басшысы әлеуметтік желідегі парақшасында.
Әкім қазірдің өзінде жылу көздерін келесі жылыту маусымына дайындық жұмыстары басталғанын жеткізді. «№2 жылу-электр орталығын кеңейту жұмыстарын бастауды жоспарладық. Сондай-ақ «Тұран» газбен жылыту станциясының құрылысын толық аяқтауды көздеп отырмыз. «Тельман» газ-жылу станциясының құрылысын да жүргізіп жатырмыз. Бұдан өзге, қалада қосымша 7 шақырым жылу жүйесінің жолын саламыз, әрі 1,8 шақырым жылу трассасын қайта жаңғыртамыз» деді Ж.Қасымбек.
Қала басшысы электр қуатымен жабдықтау желілері бойынша да жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанына тоқталды. «Биыл «Арай» қосалқы электр станциясын пайдалануға беруді, жаңа 1 қосалқы станцияның (Қабанбай) құрылысын бастауды, сондай-ақ қаланың келешегі зор аудандарында 24 электр қуатын бөлетін және трансформаторлық станцияның құрылысын жалғастыруды, сонымен қатар 86 шақырым кабель желілерін (10 КВт) реконструкциялауды жоспарлап отырмыз» деп түсіндірді Ж.Қасымбек.