Жылыту маусымында өрт қауіпсіздігі басты назарда

Бүгін Астана қаласы коммуникациялар қызметінде «Жылыту маусымындағы өрт қауіпсіздігі» тақырыбында онлайн баспасөз-конференциясы өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Онда Астана қаласы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Ғабит Бабаев сөз сөйледі. Спикер жылыту маусымындағы тәуекелдер: тұрғын үйлердегі жағдай туралы, профилактикалық жұмыс барысы: құтқарушылар жүргізіп жатқан кең ауқымды рейдтер туралы, мектептерден бастап көшедегі жүргіншілер арасына дейін жүргізіліп жатқан ақпараттық түсіндіру жұмыстары туралы айтып берді.
«Биылғы жылдың басынан бері елорда аумағында 818 өрт оқиғасы тіркелген. Тұрмыстық секторда 327 өрт оқиғасының орын алуы тұрғындар арасында өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау маңызды екенін көрсетеді.
2025-2026 жылдардағы жылыту маусымы басталғалы бері Астана қаласының тұрғын секторында 55 өрт болды. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда көрсеткіштің өсуі байқалады, бұл суық мезгілде қауіптің артатынын дәлелдейді. Қалада 31 мыңға жуық жеке тұрғын үй бар, оның ішінде 22 мың үй қатты отын жағатын пешпен, ал 9 мыңға жуық үй газ жүйесімен жылытылады. Бұл деректер өрттің алдын алу шараларын күшейтудің маңызын айқындайды», — деді басқарма бастығының орынбасары.
Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті өрттің алдын алу мақсатында халықпен жүйелі жұмысты жалғастырып келеді. Ерекше назар әлеуметтік осал санаттағы 1 738 отбасыға аударылған. Жылыту маусымы басталар алдында жергілікті атқарушы органдар, полиция және әлеуметтік қорғау мамандарымен бірлесіп, аталған санаттағы үйлерге 100% профилактикалық аралау жүргізілген. Тұрғындарға өрт қауіпсіздігінің негізгі талаптары түсіндірілді.
«Өрт қауіпсіздігі айлығы» шеңберінде құтқарушылар аз қамтылған және әлеуметтік осал отбасыларға қайта барып, пеш пен жылыту құралдарын дұрыс қолдану ережелерін түсіндіруде. Бүгінге дейін 108 рейд, 13 мыңнан астам үйді тексеру, 20 мыңға жуық тұрғынды қамту жұмыстары атқарылған. Тексеру нәтижесінде 9 мыңға жуық бұзушылық анықталып, оларды жою бойынша тиісті ұйымдарға нұсқама берілді. Әлеуметтік осал отбасылардың үйлеріне 436 улы газ датчигі орнатылды. Соңғы төрт жылда жалпы саны осындай 3 мыңға жуық аспап қойылған.
«Сонымен қатар ағымдағы жылдың 1-5 желтоқсан арлығында Полиция департаментімен бірлескен «Газбаллон» акциясы ұйымдастырылып, газбен жабдықталған автокөліктердің иелеріне, газ құю бекеттерінің өкілдеріне, тұрғындарға газ балонды қолдану кезіндегі қауіпсіздік ережесін сақтау насихатталды.
Өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндіру мақсатында кең көлемді ақпараттық кампания жүргізілуде. Түсіндірме материалдары адамдар көп жиналатын орындарға ілініп, тұрғын үйлердің лифтілеріне постерлер орналастырылды, ал LED-экрандарда арнайы бейнероликтер көрсетілуде. Сонымен қатар, құтқарушылар мектептерде сынып сағаттарын өткізіп, жасөспірімдерге балаларды қараусыз қалдырудың қауіптілігі туралы түсіндіруде», — деді Астана қаласы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Ғабит Бабаев.
Сондай-ақ спикер газбен жүретін автокөліктерге қойылатын талаптар және рейдтер мен бақылау туралы да айтты. 2025 жылдың желтоқсан айының басында Төтенше жағдайлар департаменті мен полиция қызметкерлері газбаллонды жабдықты қауіпсіз пайдалану бойынша ауқымды профилактикалық іс-шаралар өткізген болатын. Автожолдарда және жабық паркингтерде рейдтер ұйымдастырылып, 120-дан астам ПИК және МБИ төрағаларымен кездесулер өткен. Оларға ГБО орнатылған көліктердің жабық паркингке кіруіне тыйым салынатыны ескертілген.
Осы ретте Төтенше жағдайлар департаменті әр азамат білуі тиіс ережелерді еске салады:
Қыс мезгілі басталғанда пештер мен электр жылыту құралдарын қолдану көбейеді. Осыған байланысты құтқарушылар:
пеш пен мұржаның жарамдылығын алдын ала тексеруді;
мұрғаны күйеден жүйелі түрде тазалауды;
жылыту құралдарын қараусыз қалдырмауды;
өздігінен жасалған немесе ақауы бар құрылғыларды қолданбауды;
бір розеткаға бірнеше қуатты құрал қоспауды қатаң ескертеді.
Өрт шыққан жағдайда дереу 101 немесе 112 нөміріне қоңырау шалу қажет.
Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды үйлерін қысқы маусымға мұқият дайындауға, өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға және балаларды қараусыз қалдырмауға шақырады.



