Басты ақпаратҚала мен сала

Жылына 90 вагон құрастырады

Елордада швейцариялық технологиямен жолаушылар вагондарын шығаратын Stadler Kazakhstan зауыты еліміздің өндіріс қарқынын арттыруға тың серпін береді. 2023 жылы ашылған «Штадлер Қазақстан» ЖШС-те ҚТЖ-ның еншілес ұйымы – «Жолаушылар тасымалы» АҚ үшін купе және плацкарт вагондары дайындалады. Отандық өндірістің алғашқы вагондары биыл желтоқсан айында пайдалануға беріледі. Жалпы ҚТЖ тапсырысымен 2030 жылға дейін 557 вагон шығару көзделуде.

Өткен аптада Ас­танада ҚТЖ мен «Штадлер Қазақ­стан» ЖШС бірлесіп ұйымдас­тырған Қазақстан-Швейцария іскерлік кеңесінің бесінші отырысы өтті. Іс-шара Швейцарияның экономика, білім және зерттеулер федералды департаментінің басшысы Ги Пармелен мырзаның ресми сапары аясында ұйымдастырылды. Соның барысында шетелдік меймандармен бірге аталған зауыттың қазіргі жұмыс қарқынымен танысуға бардық. Өндіріс алаңы Астана қаласының индустриалды паркінде орналасқан. Оның жалпы ауданы 31 мың шаршы метрден асады, кәсіпорынның өндіріс қуаты жылына 90 жолаушылар вагонын құрайды.

Stadler Rail AG компаниясы Орталық Еуропа бөлімшесінің басшысы, атқарушы вице-президенті Филипп Бруннердің айтуынша, өндірістің барлық кезеңі, яғни темір шанақтарын дәнекерлеу мен бояудан бастап пневматикалық және электрлі компоненттерін орнату, құрастыру және сынақтан өткізуге дейінгі толық өндіріс циклі компанияның Астанадағы зауытында жүзеге асады. Вагондардың жарамдылық мерзімі – 40 жыл. Сағатына 160 км жылдамдықпен жүре алады. Елдің климат жағда­йына және қалалар арасындағы үлкен қашықтыққа қарай жасалған. Вагондар теміржолдың электрлендірілген де, электрлендірілмеген де желілерімен жүре береді. Пайдалануға берілгеннен кейін де вагондарға Stadler Kazakhstan 20 жыл бойы сервис көрсетеді. Шанаққа қосымша жылу оқшаулағыш орнатылған, жылу жүйесі мен жоғары қуатты желдеткіші іске қосылған. Сонымен қатар дизельді қозғалтқыштардың алдын ала қыздыру жүйелері қойылған. Ауа баптау жүйелерін құм мен шаңнан қорғау үшін циклондық сүзгі енгізілген, ал ауа қабылдау торлары қардың түсуіне жол бермейтін арнайы профильге ие. Желдету жүйесі микробқа қарсы ауаны өңдеу жүйесімен жабдықталған. Сырт­қы түріне ерекше назар аударылады – вагондардың дизайны Қазақстанның Мем­лекеттік туының түстерінде: көк және сары түсте орындалады. Барлық вагон ЕАЭО талабына және қазіргі заманғы вагон жасау стандартына сәйкес келеді. Stadler вагондарының бірінші партиясы келесі жылдан бастап 4 бағдарда, яғни «Астана-Алматы», «Астана-­Семей», «Астана-Шымкент» және «Астана-Атырау» бағытында іске қосылады. Жоба теміржол көлігін жаңғырту бағдарламасы аясында жүзеге асуда. Келісімшарт талаптарына сәйкес, жыл соңына дейін 51 вагоннан тұратын бірінші партия беріледі. Кәсіпорында 720-дан астам адам жұмыс істейді.

– Зауыт ашылғалы бері 2 жылда сатып алған бұрынғы «Тұлпар Тальго» зауытын қайта құрудан, яғни ауқымды жаңғыртудан өткіздік. Жергілікті мамандар Еуропаға оқуға жіберілді және сериялық вагон өндірісі басталды, өндіріс циклін локализациялау жұмысы жүргізілді. Отандық жолаушылар вагондары барынша үлкен сыйымдылығымен және эргономикалық интерьерімен ерекшеленеді. Қазақстанда мұндай вагондар бұған дейін болған емес, – дейді Филипп Бруннер.

Швейцария – Қазақстан экономикасындағы жетекші инвестордың бірі. Бұл елдің компаниялары энергетика, машина жасау, тамақ және фармацевтика өнеркәсібінде, бірқатар технология саласында жұмыс істейді. 2025 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы шамамен $1,1 млрд-ты құрады.

– Қазақстан машина жасау, фармацевтика, медицина және биотехнология, цифр­ландыру, көлік-логистика инфрақұрылымы мен жаңартылатын энергия көздері салаларында швейцариялық бизнестің қатысуын арттыруға ниетті. Екі ел ынтымақтасты­ғындағы маңызды жобаның бірі – Астанадағы «Штадлер Қазақстан» компаниясының базасында жолаушылар вагоны өндірісін локализациялау, – деді іскерлік кеңес отырысында вице-премьер – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.

«Штадлер Қазақстан» ЖШС – теміржол машина құрастыру саласындағы әлемдік көш­басшылардың бірі Stadler Rail концернінің еншілес ұйымы. Stadler – 80 жылдан астам тарихы бар еуропалық жыл­жымалы теміржол құрамын өндірушілерінің бірі. Швейцариялық компанияның өнімдері әлемнің 45 елінде қолданылады және жоғары сапалы, зама­науи жабдықтармен әрі бірегей ­ноу-хаумен ерекшеленеді.

Фото: Александр ЖАБЧУК

Райхан Рахметова

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button