Басты ақпаратҚала мен сала

Жылы аялдама көбейе ме?

Астанада 1479 аялдама бар, оның 285-і – жылытылатын жаңа аялдамалар. Биыл елорданың Алматы, Сарыарқа, Байқоңыр, Есіл, Нұра және Сарайшық аудандарында тағы жаңа павильондар орнатылады.

Алматы ауданының аума­ғында 281 аялдама болса, оның 40-ы – жылы аялдама павильондары. Қазіргі уақытта аппараттың балансындағы 142 аялдаманың 81-і – шыны, 31-і вандализмнен қорғалған және 30-ы – жылы аялдама. Биыл аудан аумағында 10 жылы аялдама орнату жоспарланған. Олар Ш.Құдайбердіұлы даңғылында, № 2 қалалық балалар  ауруханасының, «Дос­тық-2» ТК, «Денсаулық Бақыт» ТК жанында, Қажымұқан және Орхон көшелерінің бойында, №1 қалалық аурухананың, «Дастан» дүкенінің жанында, Қордай көшесінде және әскери бөлімнің маңында орналасады.

Бүгінгі таңда Байқоңыр ауданында 190 аялдама бар. Оның 48-і – жылы аялдама. Былтыр 14 жылы аялдаманың құрылысы жүргізілсе, биыл аудан аумағында бір үлгідегі заманауи ашық аялдама павильондарын орнату жұмыстары басталды. Алғашқы аялдама кешені А.Бараев көшесі бойындағы «Әскери-патриоттық музей» аумағында орнатылды. Олар елорда келбетіне бір типті сән беріп қана қоймай, қаланың инфрақұрылымын жаңғырту, қоғамдық көлік жүйесін дамыту және жолаушылар үшін қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жүйелі жұмыс­тардың бір бөлігі болып табылады. Алдағы уақытта аудан аумағында осындай тағы 20 аялдама павильонын орнату жоспарлануда. Бұл елордамыз­дың сыртқы көрінісінің бір үлгіге келуіне септігін тигізеді. Жаңа үлгідегі павильондар тиісті стандарттарға сай жасақталған: күннен, жаңбырдан қорғайтын шатыр, ыңғайлы орындықтар, аялдама атауы мен бағыт сызбасы қарастырылған.

Нұра ауданында қоғамдық көлік тоқтайтын орын саны – 267. Бүгінге дейін оның 248-і абаттандырылса, 45-і – жылы павильон. Өткен жылы осы ауданда 9 жылы аялдама орнатылған. Бұдан бөлек, инвес­торлардың көмегімен Үркер тұрғын алабында 19 ашық аялдама іске қосылды. Бұл павильондар бұрын аялдама тек жол белгісімен белгіленген нүктелерде пайда болса, қазіргі күнде бұл аялдамаларда жылыту жүйесі сөндірілген. Аптасына екі рет санитарлық тазалау жұмыстары жүргізілуде.

Сарыарқа ауданында 379 аялдама бар, оның 73-і – жылы аялдама. Олардың 61-і аудан әкімдігінің балансында болса, сауда нүктесі бар қалған аялдамалар жеке инвесторлардың қаражатына орнатылған. Өткен жылы ауданда 10 жылы аялдама пайдалануға берілсе, биыл тағы сонша жылы аялдама орнату жоспарлануда.

Есіл ауданындағы 222 автобус аялдамасының 50-і – жылы аялдамалар. Бұл аялдамаларды күнделікті жуып-тазалауды аудан әкімдігі басты назарда ұстап келеді. Сондай-ақ тұр­ғындардың жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін аялдамаларда әйнектерді ауыстыру, есіктерді жөндеу, жылу жабындарын қалпына келтіру және ылғалды тазалау жұмыстары қажеттілік бойынша жүргізіліп тұрады. Биыл аудан аумағына тағы 5 жылы аялдама павильонын орнату жоспарланған.

2025 жылы Сарайшық ауданында тағы 10 жабық үлгідегі жаңа жылы аялдама орнатылады. Бүгінгі таңда бұл ауданда 140 аялдама кешені орнатылған, оның 29-ы – жылы павильондар.

– Қала әкімі Жеңіс ­Қасым­бектің тапсырмасы аясында және тұрғындардың өтініші бойынша Мыңжылдық аллеясында 10 жаңа жылы павильон орнатылды, оның 7-і Нәжімеденов көшесінде, екеуі Байтұрсынов көшесінде және біреуі Аманжолов көшесінде іске қосылады, – деді аудан басшысы.

Сондай-ақ Байтұрсынов көшесіндегі 23 аялдаманың 5-і, ал Нәжімеденов көшесіндегі 23 аялдаманың 7-і – жылы павильондар.

Павильондарды күтіп ұстау – күн тәртібінде

Қалалықтарды жазда ыс­тық­тан, қыста суықтан қорғайтын соңғы үлгідегі жаңа жылы аялдамалар елордада осыдан 10 жыл бұрын пайда бола бастады. Астана қалалық Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы 2022 жылдан 2024 жылға дейін жабық үлгідегі 90-ға жуық павильон орнатты. Өткен жылы бұл міндетті елордадағы алты ауданның әкімдіктеріне тапсыру туралы шешім қабылданды. Содан бері аялдама павильондарын орнату аудан әкімдіктеріне жүктелді. Осы іс-шара аясында былтыр бас қалада 40-тан астам жылы павильон орнатылды. Мамандардың мәлімдеуінше, биыл елордада тағы 50-ге жуық жылы павильон іске қосылады. Ал қолданыста бар, бірақ жұмыс істемейтін аялдамалар алдағы уақытта жөнделіп, қалпына келтіріледі.

Жаңа үлгідегі жылы аялдамалар әдетте әйнектен, алюминийден немесе басқа да заманауи материалдардан жасалады, ал ішіндегі жылу жүйесі электр жылытқыштары немесе инфрақызыл жылыту құрылғылары арқылы іске қосылады. Бұл аялдамалар аязды күндері тұрғындарға белгілі бір жайлылықты қамтамасыз етеді.

Соңғы жылдары пайдалануға берілген аялдамалардың барлығы дерлік электронды ақпараттандыру құралдарымен жабдықталған. Оларда тегін интернет, қыста жылытқыш, жазда салқындатқыш жұмыс істейді. Сыртта ілініп тұрған сол тақтайшадағы жазуларға қарап көпшілік өзіне қажетті автобустың нақты неше минуттан кейін келетінін алдын ала біліп тұрады. Бұл әсіресе аязды күндері аялдамада дірдектеп тұрмас үшін ертерек келген көлікке отырып, барар жеріне тезірек жетуге таптырмас мүмкіндік. Жолаушылардың қауіпсіздігі үшін жабық павильондарда бейнебақылау да қойылған.

Бас шаһар тұрғындары мен қонақтары аптап ыстықта күнге қақталып, аязда бүрсең қағып тоңып тұрмас үшін қала әкімдігі жыл сайын жылы аялдамалардың санын көбейтуде және олардың жайлы болуын қамтамасыз ету бағытында жұмыс істеп келеді. Бұған қоса, аялдамалардың әртүрлі техникалық және эстетикалық жақтарын жетілдіру үшін қосымша зерттеулер мен жобалар жүзеге асырылуда.

Есіл ауданы әкімінің кеңесшісі Құралай Слямбекованың айтуынша, аудандағы аялдамалардың барлығы дерлік ыңғайлы әрі таза. Күн жылынғалы бері оларды жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп жатыр. «Бұл ретте бірінші кезекте аялдама павильондарына ерекше көңіл бөлінеді. Қыстан кейін олардың көпшілігі жөндеуді қажет ететіндіктен кейбір аялдамалар боялып, сынған әйнектер ауыстырылып, едендері мен жарықтары жаңартылуда. Аумақтағы әр аялдама аптасына екі рет дымқыл және құрғақ тазалау арқылы жуылады. Бұл шаралар тазалық пен тәртіпті сақтауға бағытталған және қоғамдық көлікпен жүрудің жалпы оң әсер ететіні сөзсіз» деді әкім кеңесшісі.

Санитарлық тазалау тұрғындардың шағымы негізінде кестеден тыс та өткізіледі. Жөндеу-­қалпына келтіру жұмыстарын өткізетін бригада аялдамалардың әйнектері мен есіктерін, инженерлік желілерді, сондай-ақ отырғыштарды жөндеу жұмыс­тарымен айналысады. Қазір Нұра ауданы аумағындағы 15 жылы аялдамада тегін wi-fi қосылған. Алдағы уақытта аудан аумағында орналасқан аялдамаларға инвесторлардың көмегімен бейнекамера орнату мәселесі қарастырылуда.

Тұрғындар тілегі ескеріледі

Астанадағы алты ауданның әкімдіктері тұрғындарға қоғамдық көлікті күту жайлы болуы үшін жыл сайын жылы аялдамалар санын арттырып келеді. Дегенмен бас қалада аялдамасы жоқ жерлер әлі де баршылық. Қаланың шетін айтпай-ақ, адамдар көп жүретін орталық аумақтардың өзінде, мысалы, оңтүстік-шығыс шағын ауданында жылы аялдамалар түгілі, жай отыратын орындығы бар ашық павильондардың болмауы тұрғындардың жүріс-тұрысына көптеген кедергілер келтіруде.

– Мен Оңтүстік-шығыс шағын ауданында тұрамын. Орталыққа бармай-ақ өзіміздің маңайдағы аялдамалар туралы айтар болсам, Қ.Сәтбаев көшесінің Кемел және Балқантау көшелерімен қиылысатын жерлерінде аялдама деген атымен жоқ. Тіпті жай отыратын орындық та қойылмаған. Жас емеспін, аяғым ауырады, кейде автобус­ты көп күтіп қаламын. Қоғамдық көлік күткен жолаушыға орындықтан басқа не керек? Меніңше, жылы аялдамалар тек қаланың орталығына ғана салынып жатқан сияқты. Негізі аялдамаларды қаланың барлық аумағында көбейту керек деп ойлаймын. Өйткені қыстың күні небір қарлы-борандар болған кездерде таксидің құны екі-үш есе қымбаттап кетеді. Сондайда автобустарды күту үшін жылы аялдамалардың болуы аса маңызды. Оның үстіне Астана басқа қалаларға қарағанда тым суық. Сондықтан бұл қаладағы аялдамалардың бәрі жылы болуы керек, – деді қала тұрғыны Алмагүл Елубаева.

Жыл сайын Астанада жаңа үлгідегі аялдамалар саны артып, ескі павильондар заман талабына сай қайтадан қалпына келтірілуде. Қазіргі кезде жалпы қала бойынша 300-ге жуық жылы аялдама жұмыс істеп тұр. Дегенмен, бір жарым миллион­нан астам тұрғыны бар бас қалаға мұның өзі жеткіліксіз. Бұл ретте тұрғындар қоғамдық көлік тоқтайтын орындардың жолаушылар ағыны жоғары жерлерде, яғни мектептердің, емханалар мен балабақшалардың жанында болуын, тозығы жеткендерінің ысырылып, орнына жаңалары салынғанын ғана емес, бастысы, бұл павильондар жаздың аптап ыстығы мен қыстың қақаған аязды күндерінде жол тосқан жолаушыға пана болғанын қалайды. Ал аудан әкімдігіндегілер болса алдағы уақытта жылы да жайлы аялдамалар саны кезең-кезеңімен көбейе беретінін және тұрғындар тілегінің ескерілетінін жеткізді.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button