
Жалпыұлттық коалиция өкілдері елордадағы №2 жылу электр орталығының ұжымымен кездесіп, жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары мен маңызын түсіндірді.
Жиынға Amanat партиясы Астана қалалық филиалының атқарушы хатшысы, жалпыұлттық коалицияның Астана қалалық филиалы төрағасының орынбасары Мұхаммед Болысбек, Астана қаласы мәслихатының депутаты Қанат Естек, қоғам белсенділері Юсуп Келигов пен Нұржан Бияқаев қатысты.
Кездесу барысында қоғам үшін маңызды саяси өзгерістер, азаматтардың құқығы мен мемлекеттік басқаруды жетілдіруге бағытталған бастамалар айтылды.
Мұхаммед Болысбек өз сөзінде конституциялық өзгерістердің қоғамдағы демократиялық үдерістерді нығайтуға бағытталғанын айтты.
«Жаңа Конституция жобасы – еліміздің саяси жүйесін жаңғыртуға бағытталған маңызды құжат. Бұл өзгерістер азаматтардың құқығын қорғауды күшейтіп, мемлекеттік институттардың жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді» деді Мұхаммед Болысбек.
Астана қаласы мәслихатының депутаты Қанат Естек конституциялық реформалардың жергілікті басқару жүйесін дамытудағы рөліне тоқталды.
«Конституциялық өзгерістер жергілікті өкілді органдардың мүмкіндігін кеңейтіп, қоғам мен билік арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етеді. Бұл – ашық әрі тиімді мемлекеттік басқаруға жасалған маңызды қадам» деді ол.
Қоғам белсенділері Юсуп Келигов пен Нұржан Бияқаев жаңа өзгерістердің қоғамдық тұрақтылық пен азаматтық жауапкершілікті арттырудағы маңызы туралы айтты. Жиналғандарға жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары мен маңызы түсіндірілді. Кездесу барысында 2-ЖЭО қызметкерлері өз пікірлерін айтып, көкейдегі сұрақтарын қойды. Спикерлер барлық сауалға жауап беріп, ұсыныстар мен пікірлерді тыңдады. Айта кетейік, бүгінде №2 жылу электр орталығында 1100-ге жуық адам, жалпы «Астана-Энергия» АҚ-та 1800-ге жуық адам еңбек етеді.



