Жылу кезеңіне мониторинг жүргізетін жаңа цифрлық сервис іске қосылды

ҚР Энергетика министрлігі күзгі-қысқы кезеңнің дайындығы мен өтуіне мониторинг жасауға арналған жаңа цифрлық сервисті сынақтық режимде іске қосқанын мәлімдеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Жаңа цифрлық сервис «Отын-энергетика кешенін басқарудың бірыңғай мемлекеттік жүйесі» (EnergyTech) аясында әзірленіп, ҚР Президенті жанындағы Цифрландыруды енгізу мәселелері жөніндегі комиссияның тапсырмасына сәйкес пайдалануға берілді.
Сервис мына қызметтерді қамтамасыз етеді:
* Генерация және энергия тасымалдау объектілерінің құрал-жабдықтарына арналған цифрлық паспорттар және олардың ағымдағы жағдайы туралы ақпарат;
* Энергия ресурстарын автоматтандырылған есептеу жүйелерінен онлайн жинақтау және оперативті деректерді визуализациялау;
* Аналитикалық дашбордтар құру және оқиғалар туралы нақты уақыттағы хабарламалар;
* Қолжетімділікті шектеу және ақпараттық қауіпсіздік талаптарын сақтау.
Жылу кезеңіне бақылау жүргізетін жаңа сервис EnergyTech жүйесінің құрамына кіреді. Ол — отын-энергетика кешенін цифрлық трансформациялау картасы аясында құрылып жатқан негізгі цифрлық платформа.
Бұл бағдарламалық орта энергетика саласындағы мемлекеттік функциялар мен қызметтердің бірыңғай цифрлық экожүйесін құруға негіз болады. Оның ішінде энергетикалық ресурстарды мониторингілеу және басқару, қолданыстағы ақпараттық жүйелерді интеграциялау және бизнес-процестерді оңтайландыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, сервис «Энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылуда. Бұл жоба шеңберінде министрлікке энергетика секторында кешенді цифрландыру бағдарламасын дайындау және іске асыру міндеті жүктелген.